Президент • 27 Шілде, 2023

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасын қабылдады

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасын қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзара бағалаудың ФАТФ (ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу топтары) стандарттарына сай сәтті өткені жөнінде мәлімет берілді. Қазақстан қылмыстық кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың мейлінше тиімді жүйесін көрсетті. Бұл отандық бизнестің трансшекаралық қаржы операциялар бақылауынан оңай өтуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту жұмыстары жалғасып келеді. Қазақстан ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі Азия-Тынық мұхиты тобында бақылаушы мәртебесіне ие болды. Бұл осы аймақтағы елдермен қарым-қатынастың тиімділігін арттырады.

Жуырда Үкімет Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Құжатта сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік және көлік салаларындағы көлеңкелі операциялардың деңгейін төмендету шаралары қамтылған.

Жанат Элимановтың айтуынша, Агенттік қызметінің нәтижесінде жыл басынан бері 94 миллиард теңге шығын өтеліп, активтер қайтарылды, 5 қылмыстық топ жойылды (тағы 3 іс жүргізіліп жатыр).

Бюджет қаржысын жымқыру фактілері бойынша отын-энергетика кешенінде, коммуналдық қызмет көрсету және газ саласында бірқатар іс тергеліп жатыр.

Азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында суррогат алкоголь өндіретін 12 цехтың қызметі тоқтатылды, елімізге құны 5,3 миллиард теңге болатын электронды темекі әкелуге жол берілмеді.

Заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-әрекеттер нәтижесінде 11 жасырын казино және 2 букмекерлік кеңсе таратылды.

Азаматтарды алаяқтық іске тартуға жол бермеу үшін 22 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, салымшыларға келтірілген 1,9 миллиард теңге шығын өтелді, қаржы пирамидаларын жарнамалайтын 5,3 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталды.

Сонымен қатар Агенттіктің атсалысуымен 14 облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 14 түрі бойынша баға арзандады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қорғауға, сондай-ақ шетелге заңсыз қаражат шығарудың және ұлттық жобаларға бөлінетін бюджет қаржысын жымқырудың жолын кесуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.