Аймақтар • 28 Шілде, 2023

Ұлттық нақыштағы бомберлер сұранысқа ие

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордалық көп балалы ана Айман Абдиева «Aiman Abdi QAZAQBREND» сән үйін ашып, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сұранысқа ие өнімдерінің бірі – ұлттық нақыштағы бомберлер, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық нақыштағы бомберлер сұранысқа ие

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Ол хоббиі кәсіпке айналады деп ойламаған. 2017 жылы танысы берген матадан балаларға арналған қамзолдар тігіп, оны әрлеп көреді. Тігіншінің дүниелері тез өтіп кетеді. Сол уақыттан бастап тұрақты тапсырыс болса да, хоббиін кәсіпке айналдыруға асықпай, кәсібін екі жылдан кейін ғана ресми тіркейді. Оған дейін бизнестің қыр-сырын меңгереді. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы арқылы Іскер әйелдер кеңесімен танысып, аталған кеңес арқылы түрлі тегін курстарға қатысып, дамиды.

«Қазақстанның үздік тауары - 2022» өңірлік көрме-байқауында жеңімпаз атанған жас кәсіпкер республикалық кезеңге қатысады. «Республикалық байқауда жүлде алмасам да, өзге кәсіпкерлермен, тауарөндірушілермен таныстым. Сол жылы «Даму» арқылы жеңілдетілген несие алып, сән үйіне ғимарат сатып алдым», дейді ол.

Кәсіпкердің бүлдіршіндерден бастап кез-келген жастағы адамдарға арнап тіккен ұлттық нақыштағы бомберлері бүгінде  сұранысқа ие өнімдердің біріне айналды.

«Соңғы кезде орта жастағы қыз-келіншектер мен ер азаматтар да ұлттық нақыш элементтері қосылған күз-көктемдік сырт киімдерге жиі тапсырыс бере бастады. Жалпы ұлттық нақышты күнделікті қолданыстағы киімдерге қолдану трендке айналып келе жатыр. Бұл тамаша тенденция», дейді кәсіпкер.

Айман Абдиеваның ендігі мақсаты - ұлттық киімдер тігетін фабрика ашып, кәсібінің ауқымын кеңейту.