Қоғам • 31 Шілде, 2023

Ибалы келін Юлиана

831 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жүрекке әмір жүрмейтіні рас қой. Бұған мысал көп. Соның бірі – қазақ жігіті Шерхан мен орыс қызы Юлиананың махаббаты.

Ибалы келін Юлиана

Юлиана Новикова Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында дүниеге келген. Осын­дағы орта мектепті бітірген. Бұдан 12 жыл бұрын шаңырақ көтерген жұптың достығы мектепте басталған. Кейін бір-біріне өмірлік серік болуға уәделескен. Қазір олар екі бала тәрбиелеп отыр. Қазақтың табалдырығынан именбей аттаған орыс қызы халқы­мыздың ұлттық салт-дәстү­рі­нің бәрін сақтайды.

– Біз ата-енемізбен бірге тұрамыз. Олар – қонақ күткенді жақсы көретін адамдар. Ата-енеме күн сайын сәлем саламын. Сәлем салу – үлкенге құрметтің белгісі. Үлкеннің «Бақытты бол, айналайын!», «Қосағыңмен қоса ағар!» деген­ баталары қабыл боларына сене­мін. Әр батаның астарында жастарға, отбасыға жақсылық тілеу бар ғой. Тегінде үлкеннен бата алу артық етпейді. Өйткені отбасындағы берекені арттыратын дәстүрдің бірі – бата. Сол себептен үлкендерден бата алуға тырысамыз. Әсіресе Наурыз мейрамы, көрісу күнін­дегі батаның жөні бөлек, – дейді Ю.Новикова.

Оның айтуынша, отбасында барлық мерекеде дастарқан жайылып, қонақ күтеді. Өзі жеті түрлі дәмнен Наурыз көже дайындағанды, қазы айнал­дыр­ғанды, бауырсақ пісіріп, ет асуды ұнатады. Мұның бәрін енесінен үйреніп алған.

Ол қазақ балаларымен бірге ойнаған кезін ұмытпайды. Қазақ­­­­шаны сол кезден бері біледі. Тек қазақша сөйлеуді меңгеріп қоймай, ұлттық салт-дәстүрге қанық болып өскен. Оның анасы мен ағасы да, әпкелері де қазақша сөйлейді.

– Қазақ ақындарының өлең­дерін мәнерлеп оқығанды ұна­та­мын. Дала данышпаны Абайдың әр өлеңі мен қара сөзінен тағылым алуға болады. Қадыр Мырза Әлінің «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» дегеніндей, қазақ тілін жетік білемін. Мен – Қазақстанда туып-өстім, осы елдің азаматымын. Сол себептен, өзім тұрып жатқан елдің мемлекеттік тілін, тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін ерекше құрметтеймін, – дейді қазақтың келіні.

Қазір ол балабақшада тәрбие­ші болып жұмыс істейді. Бала­лар­ға мектепке дейінгі тәрбие берумен бірге түрлі сайысқа жиі қатысады. Әр сайыстан жүлдесіз қалған емес. Өзге этнос өкілдері арасында өткен «Тіл – парасат» облыстық байқауының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ «Асыл ана» форумында бірінші орынға ие болған.