Қоғам • 31 Шілде, 2023

Азық-түлік қауіпсіздігі алаңдатады

292 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес», деді.

Азық-түлік қауіпсіздігі алаңдатады

Шынтуайтында, ауыл шаруашы­лығы өнімдерінің көлемін және қосым­ша құнын арттыру қажеттігі туралы көптен бері айтылып жүргенімен, «бая­ғы жартас – бір жартас» деп Абай бабамыз айтқандай, бұл салада сең қозғалғандай серпіліс болған жоқ. Мәселен, кеңес заманынан қалған мақтан­шылықпен рапорт беру «дәстүрі­нен» әлі жаңылмаған Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігі мен астықты облыс­тар әкімдіктерінің мәлімдеуінше, өткен жылы 21,8 млн тонна дәнді дақыл­дар жиналып, соның 13,2 млн тонна­сы экспортқа шығарылыпты. Біздің ойымызша, былтыр жиналған астық көлемі күмәнді, бірақ шетелге жөнелтілген өнім көлеміне шәк кел­тіру қиын. Өйткені элеваторлар мен шаруа­­лардың астық қоймаларында жат­қан дәнді дақылдардың көлемі нақ­ты қанша екенін бір білсе, облыс әкім­дері ғана білетін болар. Ал экс­порт­қа шығарылған астық көлемі туралы мәлімет бірнеше мемлекеттік орган­ның есебінен өтетіндіктен, оған сенуге болатын сыңайлы. Демек шет мем­лекет­терге сатылған астық көлемі, ста­тис­­тикалық мәліметте көрсетілгеніндей, өн­дірілген барлық өнімнің 60,5 пайызынан іс жүзінде әлдеқайда көп болуға тиіс.

Мұның өзі еліміздің егін­ші­лікпен айналысатын көп­теген шаруашылық жи­на­ған астығын, соның ішінде аса бағалы азық-түліктік дақыл – бидайды экспортқа шыға­ру­ды жөн көретінін, ал оны өң­деу­ге, һәм жергілікті ұн тарту кәсіпорындарына сатуға мүд­де­лі емесін көрсетеді.

«Мұның себебі неде?» деген сұра­ғымызға белгілі солтүс­тік­­­қазақ­стандық аграрий, Пар­­ламент Мә­жілісінің экс-де­пу­­таты Сергей Зволь­ский: «Ди­­қанның көбі астығын ше­телге экспортқа шығарып жүр­гені рас. Өйткені оларға жергілікті ұн тарту кә­сіп­орын­да­ры ұсынатын баға төмен. Сон­дықтан әзірге шаруаларға би­дайды шет мемлекеттерге сат­­қан әлдеқайда тиімді», деп тоқ­етерін айтты.

Қазақстан астық өңдеушілер одағы­ның мәліметіне қарағанда, астық өңдеу саласының жүк­те­ме­сі бүгінде небәрі 33 пайызды құрап отыр. Соның салдарынан 250 диірмен кәсіпорнының 70-сі ғана жұмыс істеп тұр. Өткен жылы еліміздің астық экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 14 пайызға өскен. Сыртқа шы­ға­рылған астықтың жартысына жуығын Өзбекстан сатып алып отыр. Осы көршілес ел 2010 жылдан бастап біздің сапалы бидайды өңдей отырып, шетелге ұн сатуды 71,4 мың тоннадан 949,1 мың тоннаға дейін, яғни 56 есе арттырып, былтыр ұн экспорты бойынша дүниежүзінде 3-ші орынды еншілеген. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2296,8 мың тоннадан 1468,7 мың тоннаға дейін, яғни 36 пайызға кеміген. Бұл теріс үрдістің қашан тоқтайтыны белгісіз. Алайда оның еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қа­тер төндіретінін ескермей бол­майды. Мысалы, Ресей Феде­ра­ция­сының Үкіметі өткен жылы наурыздан шілдеге дейін астық экспортына уақытша тыйым салған кезде біздің елдің ұн тарту кәсіпорындарында бидай тапшылығы сезіліп, ішкі нарықты ұнмен қамтамасыз ете алмау қаупі туындағаны мәлім. Себебі бидайдың баға­сы тоннасына 120 мың тең­ге­ден 180 мың теңгеге дейін ша­рықтап шыға келген. Тек Ресейден астық сатып әкелу төрт айдан кейін толық көлемде жалғастырылып, өз елімізде де мол өнім жиналғаннан кейін баға бұрынғы қалпына түскен.

Астық нарығындағы қазіргі жағдайда еліміздің ұн тартушылары мен құс өсірушілері Ресейдің арзан бидайын сатып әкелудің үзілмеуіне аса мүдделі болып отыр. Сондықтан да олар ішкі нарыққа импорттық астықты кіргізуді шектеу шарасын енгізуге наразылық білдіріп жүр. Егер солтүстіктегі көр­шіміз әлдебір себеппен біздің елге астық экспорттауға тыйым салатын болса, халықты нан өнім­дерімен және құс етімен қолжетімді баға бойынша қам­та­масыз етуде қиындық туындауы әбден мүмкін. Бұл ретте Қазақстанмен салыстырғанда Ресей астығы неліктен арзан деген сауал туындайды. «Ре­сейде егін шығымдылығы біздің ел­дегіге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бізде былтырғы ауа райы қолайлы жылдың өзінде әр гектардан орта есеппен 13,8 центнер өнім алынды. Ал Ре­сей­дің Краснодар өлкесінде бұл көрсеткіш 60-70 центнерге жетті. Біздің бидайдың қымбат, Ресейдікі арзан болуының бас­ты себебі осында», дейді С.Звольский.

Әлемдегі көптеген мемле­кет Ре­сей­ге Украинадағы «арнау­лы әс­кери операциясы» үшін санкция салуының салдарынан солтүстіктегі көршіміздің астығын сататын нарық тарылып, Қазақстанға заңды-заң­сыз экспортталған бидай ағы­ны толас­тар емес. Мұның өзі Қазақстандағы бидай бағасы күрт арзандап, қазір тонна­сына 75 мың теңгеге дейін құлдырауына әкеліп соқты.Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің Ресей астығын ав­то­мобиль көлігімен әкелуді шектеуі бағаның одан әрі құл­дырауын сәл уақыт қана те­жегенімен, қазақстандық ди­қандар күткендей нәтиже бер­ген жоқ. Олардың бір бөлі­гі қазір өз бизнестерінің бола­шағына қатты алаңдаулы. Осы орайда Сергей Звольский: «За­ма­науи технология мен техниканы қолданбайынша, егін шығымдылығын арттырып, өнімнің өзіндік құнын және бағасын төмендету мүмкін емес. Тіпті Канада сияқты ауыл шар­уашылығы жақсы дамыған елде де жыл сайын жүздеген фермер банкрот болып жатады. Бірақ канадалықтар мұны қасірет санамайды екен. «Бір жамандықтың бір жақсылығы болады» демекші, банкрот болған шаруалардың орындарын әлеуеті жоғары та­уар өндірушілер басады екен. Біздің елде де биыл, негізінен, болашағын ойламай, бүгінгі күнмен ғана өмір сүретін ұсақ фермерлер мемлекет тарапынан қолдау болмаса, банкроттыққа ұшырауы мүмкін. Өйткені ондай фермерлер жақсы өнім алған жылы астық сатудан түскен табысын өз өндірісін одан әрі дамытуға емес, қаладан жайлы пәтер немесе жаңа жеңіл автомобиль сатып алуға және басқа да тұрмыстық мәселелерін шешуге жұмсап жатады. Әрине, тұрғынжай да, көлік те керек, бірақ оның бәрін аяққа нық тұрып алғаннан кейін ғана сатып алу керек», деген пікір біл­дірді.

Кейбір сарапшылар «Қа­зақ­станға Ресейден бейресми жолдармен экспор­талған бидай көлемін ескерсек, импорт­тың нақты көлемі ресми көрсеткіш – 1,5 млн тоннадан екі еседей көп», деп санайды. Себебі Ресейден елімізге бидайды еш құжатсыз, әрі қосымша құн салығын төлемей заңсыз тасымалдаудың және үшінші елдерге қазақстандық өнім ретінде сатып, қосымша құн салығын республикалық бюджет есебінен қайтарудың тұрақты схемасы жасалған көрі­неді. Мәселен, 2019 жылдан бері Солтүстік Қазақстан об­лысына жергілікті ауыл шаруа­­шылығы тауар өндіру­ші­лері Ресейден 450 мың тонна арзан бидай сатып әкеліп, жергілікті элеваторларға сақтауға тап­сыр­ған. Іле оны өздері өсірген отандық өнім ретінде Өзбек­стан, Ауғанстан және Тәжік­стан­ға экспорттаған. Олардың қосымша құн салығын заң­сыз қайтарудан мемлекетке келтірген залалы 660 млн тең­ге­ден астам. Бұл біздің ел­дің мемлекеттік органдары тарапынан Ресейден әкелінетін ас­тық өнімдерін есепке алу және олардың одан әрі пайдаланылуын ба­қылау жүйесі жоғын көрсетеді. Осындай белең алған бұзушылықтан сы­­байлас жемқорлық иісі де мүңкіп тұрған тәрізді.

Түйіндей айтқанда, Қазақ­станның сапалы да мол астығы шет мемлекеттерге шикізат ре­тінде сатылып, өз еліміздің емес, Өзбекстанның өңдеу өнер­кә­сібінің өркендеуіне оңтайлы мүмкіндік берді. «Өз­бек­­стан Қазақстаннан әке­лі­нетін ұнға жоғары баж салығын салып, бидайға ондай салық салмай отыр. Осы­лайша, өзбек­тер қосымша құны жоғары өнім өндіруге қол жеткізді. Әри­не, кез келген мемлекет, оның ішінде біздің ел де осылай істеуге тиіс», дейді С.Звольский.

Қазақстан астық өңдеушілер ода­­ғының мәліметіне қараған­да, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі 5 жылдан бері астық өңдеуді қолдау мен дамы­тудың Жол картасын мүд­делі бизнес және қоғамдық бірлес­тік­тер өкілдерімен бірлесе әзір­леп болмапты. Онда астық өңдеу саласының бәсекеге қабі­леттілігін арттыру үшін мем­лекеттік қолдау шаралары қарастырылмақшы екен. Әзірше мемлекет тарапынан тиісті реттеу болмағандықтан, астық және ұн өндіру сынды «бауырлас» салалардың бастары бірігер емес. Ақылға сыймайтын небір ке­леңсіз оқиғалар болып жатқан қа­зіргі алмағайып заманда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ойласақ, аталған салаларды ұштастыра дамыту мәселесін ше­шуді созбаққа салып, ке­шеуіл­дете берудің жөні жоқ.