Қазақстан • 31 Шілде, 2023

Қазақстанда әлеуметтік өнімдер бағасы арзандады

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шілде айының соңғы екі аптасында әлеуметтік маңызы бар өнімдерге -0,2% мөлшерінде дефляция тіркелді. Сенбі күні Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста аталған нәтиже мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда әлеуметтік өнімдер бағасы арзандады

Дәлірек айтқанда, тоғыз тауар бойынша баға төмендеген. Баға түсуінің ұзақтығы бойынша күнбағыс майы, қарақұмық, құс еті көш бастап тұр. Өткен аптада пияз, қант, сәбіз, картоп, ұн, тұздың баға индексі төмендеді.

Көптеген әлеуметтік өнім бағасының төмендеуіне қарамастан, олардың кейбірі, атап айтқанда, қырыққабат, жұмыртқа, күріш бағасының шамалы өсу үрдісі сақталған. Кеңес барысында осы мәселеге ерекше назар аударылды.

«Бүгінде азық-түлік корпорациясы 6 мың тонна күріш жармасын сатып алған. Өңірлер тек 5,7 мың тонна күрішке келісім-шарт жасады, оны 25 мың тоннаға дейін жеткізу тапсырылған болатын. Күріштің жеткілікті көлемде болуы ғана күріш бағасының өсу қарқынын төмендетуге мүмкіндік береді», деді Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар ол айналым схемасы арқылы сатып алуды ұйымдастыру бойынша Қазақстанның жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен жұмыс жүріп жатқанын айттып. Өңірлерге тікелей өндіруші зауыттармен келісім-шарттар жасауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы бөлек қаралды. Жыл басынан бері комиссиялар 1 108 отырыс өткізіп, 360 өнімсіз делдал жойылды, 716 тізбек талданып, 122 факт бойынша сауда үстемесін асыру қаупі анықталды.

«Мысалы, маусым-шілде айларында ірі өндірушілер 5 мың сатып алушыға 27 млн-нан астам жұмыртқа өткізді, оның ішінде 1 500 жеке тұлғаға 1,5 млн-нан 2 млн-ға дейін жұмыртқа сатылды. Содан кейін тізбек үзіледі. ҚМ МКК-мен бірлесіп, заңсыз кәсіпкерлік үшін жеке тұлғаларды жауапқа тарту мәселесін қарастыру, сондай-ақ ӘМАТ-ты өткізу кезінде осы тұлғаларды электрондық шот-фактураларға сәйкестендіруді жүргізу қажет деп санаймыз», деді Сауда және интеграция бірінші вице-министрі.

Сонымен қатар кеңес барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов баяндама жасады, ол 2024 жылғы маусымаралық кезеңге өңірлерде пияз және сәбіз бойынша ұсынылған көлем жиналғанын хабарлады. Әкімдіктермен бірлесіп, картоп, қырыққабат, қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы, ұн және қантқа форвардтық келісім-шарттар жасасу бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

«Елдегі салыстырмалы түрде тұрақты жағдайға қарамастан, әкімдіктер әлеуметтік өнімдерді, ең алдымен, пияз бен қырыққабат бойынша келісім-шарт турасында белсенді жұмысты жалғастыруы қажет. 1 тамызға дейін күрішті жеткізуге және қажетті көлем бойынша алдын ала келісім-шартқа отыруға форвардтық келісім-шарттар жасасу қажет. Жұмыртқа бағасын тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар қабылдау, бизнес, өндірушілер, сауда желілерімен жұмыс жүргізу, Қаржы министрлігімен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, артық делдалдарды жою бойынша жұмыс істеу қажет», деп қорытындылады Серік Жұманғарин.