Театр • 01 Тамыз, 2023

Алдымызда Мәскеу, шегінерге жол жоқ!

345 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстандағы білікті театр сыншылары «отандық театрдағы сана төңкерісі» деп баға берген «Ұждан» қойылымы алдағы күзде Ресей астанасында өтетін «Подмосковные вечера» VII халықаралық театрлар фестиваліне шақырту алды. Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма теат­ры­ның ұжымы тамыз айынан қызу дайындыққа кірісіп кетуді жоспарлап отыр.

Алдымызда Мәскеу, шегінерге жол жоқ!

Қазан айының соңы мен қараша айы­ның басында Мәскеуде өтетін халық­аралық фестиваль керекулік театр үшін өнер шыңына ұмтылу мен көрермен­дер шекарасын кеңейтуде тың қадам бол­мақ. Шындап келгенде, биылғы «Ұж­дан» қойылымы еліміздегі театрлар ара­­сында жыл жаңалығы атанып отыр. Ре­сей еліндегі ұйымдастырушылар Қа­зақ­станнан түс­­кен өтінімдерді сұ­рыптай келе, таңда­уын «Ұжданға» ар­науы бұл қойылым­ның өзге­лерден шоқтығы биік тұрғанын тағы бір мәрте дәлелдесе ке­рек. Биыл наурыз айын­да тұсауы ке­сілген Шәкәрімнің әп­сана­сы қай сахнада қо­йылмасын, көрер­мен­дердің керемет қол­паштауына ие болды. Премьераны бұ­ған дейін Павлодар, Семей, Өскемен жұрт­шылығы тамашалады.

Қазақ даласында театр пайда болға­лы талай саңлақтың дүниесі көрерменге жол тартты. Алайда тап қазіргі өмірде қоғамның ауруын дөп басып, оны театр табалдырығын аттайтын қалың қауым­ға әсерлі әдіспен жеткізу – екінің бірінің қолынан келмейтін дүние. Аймауытов ­театры жуықта көптен күткен сана төңке­рі­сін жасап, моральдық сана-сезім ұғы­мы­ның ең жоғары категориясын сахна­­дан көрдік. Көрдік те «Ұжданның» бүгін­гі қоғамдағы құндылығының өлмегені­не куә болдық. Өнер ордасының әде­би дра­ма бөлімінің меңгерушісі, «Ұждан» әңгі­месінің сахналық нұсқасын жазып шық­қан Нұркен Тұрлыбек әпсана жанрын таңдағанда қателеспепті, қатты сүйсін­дік. Театрдың іргетасын бірге көтерісіп жүрген өнер майталмандары мен жас актерлер ұжымының үйлескен пластика­лық іс-қимылы, жан азабынан туында­ған сәттер, ар, ынсап, әдiлет, мейiрiм, жа­уап­кершіліктен жұрдай болған қоғам­ның қандай жағдайға жететінін дәлел­дей түсетін әр көрініс бірінен бірі өтеді. Ұжданды шыңырауға қамап, адамдарды тобырға айналдыру, пенденің ішкі сезім иірімдерін ащы шындықпен жеткізу, өткенге өкініш айту, адами қасиеттер­дің ең биік шыңын төмендету, қолда бар ал­тынның қадірін білмеу, уақытты ұрлату, тағысын-тағылар.... Қойылымда қа­зіргі қоғам бойынан сусып бара жатқан құндылықтың барлығы бар.

Шәкәрім Құдайбердиевтің «Ұждан» әңгімесі негіз болған философиялық әп­сананы көріп, ішкі түйсікпен ұғы­ну керек. Әрі сол иірімнің ішінен өзіңізді іздеу керек. Басқадай жеткізу мүмкін емес. Бұл қойылымға Мәскеудегі Станиславский театрында еңбек еткен Азамат Нығманов режиссерлік еткенін айтып өткен абзал. Франциядан костюм жөніндегі сурет­ші және қоюшы суретші Элли Ран­шэ, ресейлік хореограф, пластикалық қи­мыл-би жетекшісі Илья Подчезерцев, Ал­маты қаласынан жарық беруші Данияр Саты­балдиев премьераға кәсіби тұрғыдан жаңалық әкелді.

«Шәкәрімнің «Ұждан» әңгімесінің сах­налық нұсқасын эксперименттік-фи­ло­софиялық әпсана деп атауға болады, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов. – Адамдағы ынсап, әдiлет, мейiрiм – үшеуiн қосып айтқанда ұждан деген ұғым шығады. Эксперименттік қо­йылымның ерекшелігі – мұнда басты рөл жоқ. Барлығы қала тұрғындары, халық арасында өтеді. Адами қасиеттердің биік шыңы саналатын ұждан мәселесі бүгін­гі алмағайып заманда аса өзекті. Көрермен­ді терең ойға жетелейтін, көріп отырып сахнадағы кейіпкерлер арасынан өзін іздейтін қойылым Мәскеу төрінде де сәтті шығады деп үміттенеміз. Жалпы, әпсанада 26 актер ойнайды. Мұның сыр­тында бірге еріп баратын әкімшілік және техникалық қызметкерлер бар. Жалпы саны 40 адам Мәскеуге барады деп жоспарланған. Фестиваль біз үшін үлкен мәртебе болға­лы тұр. Мытищинский драма және комедия театрының сахнасында өтетін сынға жалпы саны 14 театр қатысқалы отырса, Қазақстаннан біз – жалғыз үміткерміз. Жалпы, Аймауытов театры үшін бұл – алғашқы халықаралық фестиваль. Мәс­кеуде қазақ зиялыларының мол шо­ғыр­ланғанын әрі режиссеріміз Азамат Нығ­мановтың сол жерден екенін ескерсек, қойылым барысында көрерменнен кен­де болмайтын сияқтымыз».

Аймауытов театрының басшысы Арман Темірбектің пікірінше, мұндай бә­се­­кеге қатысу – екінің бірінің маңдайына бұ­йыра бермейтін бақ. 40 адамды Мәс­кеу­ге апарып-әкелуді, жатын орны мен ішер асын ұйымдастыруды өнер орда­сының қалтасы көтермейтіні анық. Сон­дықтан Павлодар облысының әкімдігі мен Мәдениет және спорт министрлігі тара­пынан көмек бола ма деп үміттеніп отыр театр ұжымы.

Айтып өтейік, өнер ордасы бұған дейін Қазақстандағы театр фестивальдары­на қатысып, барлығынан олжалы орал­ған. Орал қаласындағы бәсекеде «Король Лир­мен» «Үздік сценография» аталымын жеңіп алса, Көкшетауда «Венеция­лық егіздер» қойылымы «Үздік режиссер­лік қойылым» аталымына ие болған. Ал көр­некті режиссер Чапай Зұлхаштың құр­метіне Атырауда ұйымдастырыл­ған І рес­публикалық фестиваль-форумда актриса Бахаргүл Құрбанова «Қымбатты Еле­на Сергеевна» спектакліндегі Елена Сер­геевна рөлі үшін «Үздік актриса» атанды.