Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Думан Әбеуовтің мәліметіне сүйенсек, биылғы 6 айда жұмысшылардан 1 075 өтініш түскен. Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 912 өтінішті қарап, 583 адамның еңбек қатынастарына байланысты құқығын қорғаған.
«Басқарманың мемлекеттік инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды, қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етеді. Өйткені біздің міндетіміз – жұмысшылардың құқықтарын қорғау арқылы еңбек дауларын реттеу, жұмысшылар мен жұмыс беруші арасындағы жанжалдың алдын алып, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге ықпал ету. Кәсіпорындарда еңбек заңнамасының сақталуын қадағалап, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдайды. Жалақының уақытылы әрі толық төленуіне, еңбек шартына сәйкес жұмыс пен демалыс уақытының, еңбек қауіпсіздігінің сақталуына тексеру жүргізеді», дейді Д.Әбеуов.
Еңбек инспекторлары биылғы 6 айда басқармаға тіркелген шағымдар мен профилактикалық бақылау негізінде 124 рет тексеру жүргізген. Тексеру қорытындысымен еңбек заңнамасын бұзудың 162 дерегі анықталып отыр. Ал заңсыздықтарды жою үшін 66 ұйғарым енгізілді. Еңбек заңнамасының талаптарын сақтамаған 9 білім беру, 3 денсаулық сақтау мекемесіне, 28 ірі кәсіпорынға 57 әкімшілік хаттама толтырылып, 7,7 млн теңге айыппұл салынды. Осы кезге дейін айыппұлдың 5,7 млн теңгесі өндірілді.
«Биыл мұнай-газ өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы, теміржол және электр қуатымен қамту саласында 38 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді. Соның салдарынан 16 жұмысшы ауыр дене жарақатын алып, 3 адам қайтыс болды. Осы кезеңде тіркелген жазатайым оқиғалардың себебіне талдау жүргізілді. Талдауға сәйкес 7 оқиға жұмыс берушінің кінәсінен болғаны анықталды. Үш оқиғаға байланысты жұмыс берушінің кінәсі 60-70 пайызды құрайды. Бес оқиғаға жұмыс беруші де, жұмысшы да кінәлі болып отыр. Демек екі тараптың үлесі – 50 де 50%. Жұмысшылардың өздері де жазатайым оқиғаға себепкер болады. Мәселен, 2 өндірістік жарақат жұмысшының (30-40%) кінәсінен екені тіркеліп отыр. Бір жазатайым оқиғаға жұмысшы толық кінәлі болып шықты», дейді Д.Әбеуов.
Дегенмен жұмыс беруші тарапынан жалақыны мезгілінде төлемей, жұмысшыларды зарықтыратын жайт тыйылар емес. Басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторлары екі мекеменің 46 жұмысшыға 8,7 млн теңге жалақы берешегі анықтады. Осыған байланысты қажетті шара қабылданып, жалақы берешегі толық өтелді. Ал жалақыны кешіктірген лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақановтың мәліметінше, биылғы 6 айда 58 мыңнан аса адамның құқығы қорғалған. Оның ішінде 18 мың бала, 4,2 мың кәсіпкер бар.
«Прокуратура қызметкерлерінің ұстанатын басым бағыты – Мемлекет басшысының тапсырмасына орай азаматтардың құқығын қорғау. Осы орайда прокурорлардың азаматтарды жеке қабылдау тиімділігі артып отыр. Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда, жыл басынан бері жеке қабылдауға жазылған адамдардың саны 4,5%-ға өсті. Прокурорлық ден қою шараларымен мемлекетке 489 млн теңге залал өтеліп, 6,1 млрд теңгенің мүлкі қайтарылды. Прокуратура органдарының үйлестіруімен 180 жұмысшыға 32 млн теңгенің жалақы берешегі өтелді», деп мәлімдеді Б.Жұмақанов.