Құқық • 01 Тамыз, 2023

Мақсат – жұмысшы құқын қорғау

213 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұмысшы өмірінің басты кепілі – еңбек қауіпсіздігін сақтау. Алайда жұмыс берушінің бәрі бұған көңіл аудармайды. Сол себептен құқығы бұзылғандықтан, еңбек инспекциясына жүгінетіндер аз емес.

Мақсат – жұмысшы құқын қорғау

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Думан Әбеуовтің мәлі­ме­тіне сүйенсек, биылғы 6 айда жұ­мыс­шылардан 1 075 өтініш түскен. Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 912 өтінішті қарап, 583 адамның еңбек қатынастарына байланысты құқығын қорғаған.

«­Басқарманың мемлекеттік инспек­тор­лары еңбек заңнамасының сақ­талуына мемлекеттік бақылауды, қыз­меткерлердің құқықтары мен бос­тан­дықтарының сақталуын және қор­ға­луын қамтамасыз етеді. Өйткені біз­дің міндетіміз – жұмысшылардың құқық­та­рын қорғау арқылы еңбек дауларын реттеу, жұмысшылар мен жұмыс беруші арасындағы жанжалдың алдын алып, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге ықпал ету. Кәсіпорындарда еңбек заңнамасының сақталуын қада­ға­лап, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдайды. Жалақының уақытылы әрі толық тө­лен­уіне, еңбек шартына сәйкес жұ­мыс пен демалыс уақытының, еңбек қа­уіп­сіздігінің сақталуына тексеру жүр­гізеді», дейді Д.Әбеуов.

Еңбек инспекторлары биылғы 6 айда басқармаға тіркелген шағымдар мен про­филактикалық бақылау негізінде 124 рет тексеру жүргізген. Тексеру қоры­тындысымен еңбек заңнамасын бұзу­дың 162 дерегі анықталып отыр. Ал заңсыздықтарды жою үшін 66 ұйғарым енгізілді. Еңбек заңнамасының талаптарын сақтамаған 9 білім беру, 3 денсаулық сақтау мекемесіне, 28 ірі кәсіпорынға 57 әкімшілік хаттама толтырылып, 7,7 млн теңге айыппұл салынды. Осы кезге дейін айыппұлдың 5,7 млн теңгесі өндірілді.

«Биыл мұнай-газ өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы, теміржол және электр қуатымен қамту саласында 38 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді. Соның салдарынан 16 жұмысшы ауыр дене жарақатын алып, 3 адам қайтыс болды. Осы кезеңде тіркелген жазатайым оқиғалардың себебіне талдау жүргізілді. Талдауға сәйкес 7 оқиға жұмыс берушінің кінәсінен болғаны анықталды. Үш оқиғаға байланысты жұмыс берушінің кінәсі 60-70 пайызды құрайды. Бес оқиғаға жұмыс беруші де, жұмысшы да кінәлі болып отыр. Демек екі тараптың үлесі – 50 де 50%. Жұмысшылардың өздері де жазатайым оқиғаға себепкер болады. Мәселен, 2 өн­ді­рістік жарақат жұмысшының (30-40%) кінәсінен екені тіркеліп отыр. Бір жазатайым оқиғаға жұмысшы толық кінәлі болып шықты», дейді Д.Әбеуов.

Дегенмен жұмыс беруші тарапынан жалақыны мезгілінде төлемей, жұмысшыларды зарықтыратын жайт тыйылар емес. Басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторлары екі мекеменің 46 жұмысшыға 8,7 млн теңге жалақы бе­ре­шегі анықтады. Осыған байланыс­ты қажетті шара қабылданып, жалақы берешегі толық өтелді. Ал жалақыны кешіктірген лауазымды тұлғалар әкім­шілік жауапкершілікке тартылды.

Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақановтың мәліметінше, биылғы 6 айда 58 мыңнан аса адамның құ­қығы қорғалған. Оның ішінде 18 мың бала, 4,2 мың кәсіпкер бар.

«Прокуратура қызметкерлерінің ұс­­­­та­натын басым бағыты – Мемлекет бас­шысының тапсырмасына орай аза­маттардың құқығын қорғау. Осы орайда прокурорлардың азаматтарды жеке қа­былдау тиімділігі артып отыр. Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда, жыл ба­сынан бері жеке қабылдауға жа­зыл­ған адамдардың саны 4,5%-ға өсті. Про­­курорлық ден қою шараларымен мем­­лекетке 489 млн теңге залал өтеліп, 6,1 млрд теңгенің мүлкі қайтарылды. Про­куратура органдарының үйлес­тіруімен 180 жұмысшыға 32 млн теңгенің жалақы берешегі өтелді», деп мәлімдеді Б.Жұмақанов.