Қоғам • 01 Тамыз, 2023

«Ауыл аманаты» ауылға жете ме?

392 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауылдағы ағайынның тұрмысын жақсартуына септігі тиетін бірнеше бағдарлама бар. Соның бірі – «Ауыл аманаты». Алайда Атырау облысының шалғай ауылдарында тұратын тұрғындар аталған бағдарламаға қатысуға ынта танытпай отыр.

«Ауыл аманаты» ауылға жете ме?

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысы Салауат Өте­ғұловтың айтуынша, бұл жобамен жеке және қосалқы шаруашылықтардың иелері 2,5%-бен 8,6 млн теңгеге дейін несие алады. Ал ауыл шаруашылығы коопера­тив­терін құру, қажетті инфрақұрылыммен қам­т­а­масыз ету үшін 27,6 млн теңге несие беріледі. Осындай несие беру арқы­лы тұрғындардың табысын арттыру көздел­ген. Өңірдегі 54 ауылға скрининг жүргі­зілді. Нәтижесінде, 433 адам 3 млрд 103 млн теңгенің несиесін алуға ниет білдірді.

Бірақ «бәлду, бәлду, бәрі өтірік» дегеннің кері келіп тұр. Жобаны ілгері жылжыту үшін әлсін-әлсін жиын өткізіледі. Биылғы мамырда өткен осын­дай жиында облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жұмыстары нашар жүріп жатқанын айтқан еді. Сол себептен, жобаны іске асыруға салғырттық танытқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұлов пен «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы» АҚ төрағасы Данияр Тахановқа қатысты тәртіптік жаза қолданылған.

– Біздің облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан істің жоқтығын көріп отырмын. Бір жарым ай бұрын бұл жобаны қолға алу тапсырылды. Сол кезде жұмыс мамыр айында басталатынын айттыңыздар. Алайда әлі жұмыс жоқ. Мәселе бөлінген ақшаны үлестіріп беру емес, бағдарламаның орындалуында болып отыр. Негізгі мақсат – кооперативтерді дамыту. Ниет еткен адам малын бағып, тапқан өнімін еш кедергісіз сататын жағдайға жетуге тиіс. Бағдарламаға жауапты сала басшыларын басқа өңірлерге тәжірибе алмасуға жібер­дік. Бірақ бұдан қорытынды шы­ғара алмадыңыздар. Тұрғындар «Ауыл аман­аты» жобасының бар екенін әлі күнге дейін білмейді, – деген еді Серік Шәпкенов.

Ал өткен аптада осы бағдарламаны іске асыру барысын талқылаған тағы бір жиын өтті. «Атырау» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Азамат Айтпаевтың мәліметінше,  облыс әкімдігі, Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрліктері арасында үш­жақты кредиттік шартқа қол қойылған.

«Аталған шартқа сәйкес ауыл тұр­ғындарына шағын несие беру үшін 1 млрд 504 млн теңге бөлінді. Кредиттік шарт шеңберінде 188 шағын несие беру, 199 жаңа жұмыс орнын құру көз­де­ліп отыр. Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясының есепшотына қаржы аударылды. Корпорация шағын несие беруге дайын. «Ауыл аманаты» бағдарламаға қатысу үшін 80 өтініш түсті. Алайда оның ішінде 10 өтініш ғана барлық талапқа сай келеді. Қалған өтініш иелері қажетті құжаттарды толықты­рып жатыр. Ережеге сәйкес, кредиттік өті­нім беру үшін 17 құжат ұсыну қажет. Ал өтініштерге 15 күн ішінде талдау жүргізіліп, шешім шығарылады», дейді Азамат Айтпаев. Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев осыған байланысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұловқа бағдарламаны іске асыруды жүйелеуді ескертті. Сондай-ақ бағдарламаға қатысу үшін 17 құжаттың тізімін азайтуды ұсынды.

– Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Бұл бағдарламаға қатысу үшін көп құжатты тапсыру жергі­лікті шаруа қожалығының иелері мен кәсіпкерлер үшін тиімсіз болып отыр. Сондықтан құжаттар тізімін жеңілдету қажет, – деді Марат Мурзиев.

Әзірге аталған бағдарламаның қалай қарқын алатыны белгісіз болып отыр. Ауыл тұрғындары бұл бағдарлама көре ала ма? Әлде көп бағдарламаның бірі болып қала ма?