Қоғам • 02 Тамыз, 2023

Ашық қоғамның алғышарты

231 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қоғамның өз талап-тілегін ұжымдық өтініш арқылы жеткізу үрдісі – әлемнің дамыған елдерінде әлдеқашан қалыптасқан дүние. Технология өрістеген жаңа мүмкіндіктер дәуірінде халық үнін өркениетті түрде білдірудің тиімді тәсілі біздің қоғамнан да көрініс таба бастағандай.

Ашық қоғамның алғышарты

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «ЕQ»

Елдегі саяси өзгерістердің ошағы саналатын Алматы жұрт­шылығы қала әкімі Ерболат Досаевтың қызметінен кетуін талап еткен петиция жария­лап, оған 57 мың адам қол қойғаны оңтүстік астананың сая­си өмірінде қызу талқыланған оқиғаның біріне айналды. Петицияға қатысушылардың 42 мыңы «Әкім отставкаға кетсін» десе, қалған 13 мыңы жалпы петицияға қарсы еке­нін білдірген. Пети­ция­ны ұйымдастырушылар алма­ты­­лықтардың ашуына тиген негізгі мәселе – қала­дағы бітпейтін құрылыс пен жөн­деуді қажет етпейтін жол­дардың қайта-қайта қопа­рылуы екенін алға тартқан. Сондай-ақ белсенділер жыры жылдар бойы жалғасып келе жатқан экология мен көлік кептелегін сынға алып отыр.

Қала әкімі шаһардың Бос­тандық ауданы тұр­ғындарымен кездесуінде аталған сұрақ­қа жауап беруден бас тартқа­ны­мен, Алатау ауданында өт­кен жүздесуде бұл мәселеден айналып өте алмады. Ербо­лат Досаев Алматыда 2,2 мил­лион­нан астам адам тұратынын, петицияға қол қойған 57 мың адамның арасында бот-адамдар болуы мүмкін екенін, өйт­кені сайтта дауыс бергендердің аты-жөні мен жеке сәйкестен­діру нөмірі жазылмағанын алға тартты.

«Мүмкін боттар жақсы жұ­мыс істеп жатқан шығар. Өйткені пети­ция­ға қарап, ЖСН мен фамилия­сын көр­сетпегендердің бар екенін байқа­дым. Осы жерде көтерілген мәселе­лерге келсек, олардың орындалуын қадаға­лаймын. Қаланың түрлі оқиғалар тізбегі толассыз өрбіп жататын тірі механизм екенін ұмытпайық. Сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды, бірақ менің жұмысыма осы қызметке тағайындаған Мемлекет басшысы баға беретін шығар», деп жауап берді Алматы әкімі.

Досаевқа қарсы петиция аясында қызметінен кету туралы бірінші рет сұралып отырған жоқ. Бұған дейін әкім Әл-Фараби даңғылындағы жөндеу жұмыстарына байланысты туындаған қолайсыздықтар үшін қала тұрғындарынан кешірім сұраған болатын.

«Соңғы 5 жылдың ішінде Алматы­да 400 тұрғын үй кешенін салуға рұқсат берілді. Ол кезде Сағынтаев та, Байбек те әкім болды. Өзге өңір­дің ірі кәсіпкерлері ақшаны алдымен Алматыда тұрғын үй салуға құя­ды. Қазірдің өзінде қалада инф­ра­құрылымға қатысты мәселе шие­ленісіп тұр. Жасыратын түгі жоқ. Әкім мұны жалғыз өзі шеше алмайды деп ойлаймын. Сондықтан бұл қауіпсіздік кеңесінде көтерілуі керек», дейді экономист Расул Рысмамбетов.

Алматылық белсенділердің бастамасын мәселеге тұздық ретінде ғана қозғап отырмыз. Сарапшылар соңғы жылдар бедерінде елдегі азаматтық қоғам ояна бастағанын, бұл өз кезе­гінде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының, ашық қоғам қалыптастырудың алғашқы баспалдағы екенін айтады.

– Әділетке қайшы келетін кез келген оқиғаға қатысты көпшіліктің үнін жоғарыға жеткізіп, қоғам назарын аудару – демократияны алға ұста­ған мемлекеттердің тәжірибесінде көптен бері қалыптасқан құрал. Оның ең оңтайлы жолы – петиция. Бұл – әсіресе АҚШ-та, Батыс елдерінде орныққан, өз тиімділігін дәлелдеген формат. Халықтың сын садағына іліккен қаншама лауазымды тұлғалар өз қызметі­нен кетуіне тура келді. Бір қызығы Батыс елдерінде бұл тек саясаткерлерге емес, өнер жұлдыздары мен танымал тұлғаларға да қатыс­ты қол­данылады. Қоғам сынына ілікпес үшін әркім өз қызметін мінсіз атқа­руға, көпшілік алдында өзін дұрыс ұстауға тырысады. Бұл – бір жағынан өркениетті қоғамның ісі. Ондай мемлекетте петицияның күші онша-мұнша ереуілдер мен көтерілістерден кем түспейді. Айғайлап, аттандамай-ақ талап-өтініштерді орындатудың оңтайлы жолы осы. Алайда бұған жан-жақты қараған дұрыс. Ең алдымен, қоғамның саяси мәдениетін қалыптастыру маңызды. Пети­ция жариялаудың жөні осы екен деп негізсіз айып тағуға, жеке мүдделердің сойылын соғуға болмайды. Халық ұрда-жық ұран­ға, әлдекімдердің айтағына еріп кетпеуі керек. Қоғам әділдікке жүгі­ніп, «ақты ақ деп бағаласа, қара­ны қара деп қараласа», әрі жоғары билік көпшіліктің өтінішіне құлақ асса, петиция өз мұратына жетеді, – дейді саясаттанушы Ғалым Елеусізов.

Сарапшылар атап өткендей, ұжымдық өтініш білдіру үрдісі – жіті зерделеуді қажет ететін нәзік мәселе. Аза­маттар кез келген пети­цияға айғай­ға айтақ қосу үшін емес, мәселені ой елегінен өткі­зіп барып қана үн қатуға тиіс. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыр­күйекте жариялаған «Жаңа жағдай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жол­дауында: «Азаматтарымыз рефор­ма­ларға бастамашы болып, ұсыныстар бе­ру үшін онлайн-петициялардың бір­ың­ғай заңды институтын құру қа­жет. Мұндай құрылым қандай да бір бұр­малау әрекеттерінен толық қорға­луға тиіс. Үкімет азаматтық қоғам­мен бірлесіп, осы маңызды жоба­ның нормативтік-құқықтық базасын әзір­леуге және оның барлық техникалық мәсе­лелерін шешуге тиіс», деген болатын.

Президенттің ашық қоғам құру­ға бағытталған бастамасымен қолға алынған заң жобасында адам құқықтары мен бостандығының бұзылмауы, қоғамдық тыныштыққа нұқсан келтіретін жайттарға жол бермеу, сондай-ақ елдің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, еліміз­дің әкімшілік-аумақтық құрылысы мен шекарасы, сот төрелігі, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті сақтау, халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерді орындау, мемлекеттік тілдің мәртебесі секілді тағы басқа бірқатар мәселелер петицияға арқау бола алмайды деп көрсетілген.

Қоғам белсендісі Мейрамбек Рыс­бақовтың сөзінше, әрбір дамы­ған елдің қоғамдық-саяси өмірдегі тарихи оқиғалары дамушы елдерде де қайталанып отырады, бей­біт митингтер мен ұжымдық өтініш­тер демократиялық бағыт ұста­нып, азаматтардың талап-тілегі ескері­летін мемлекеттердің өміріндегі қалып­ты құбылыс. Алайда мемлекет ты­ныш­тығын бұзуға, елге іріткі салып, жат қылықтарға жетелейтін петицияларға заңға сәйкес жол берілмеуі керек.