Жасының ұлғайғанына қарамастан тағы да тәуекелге барып, бұл жолы жер жүзін жаяу жүріп өтуге бел буған қайсар да қуатты қартымыз қандай кісі?
Жаңаарқа топырағына кіндік қаны тамған қарияның саналы ғұмыры Ұлытауда, Жезқазғанда өтіп келеді. Қолөнерге қатысты он шақты мамандықты игеріп алған, табиғатынан ұсталыққа бейім С.Қотырашов Ұлытау ауданының орталығындағы музейде көп жыл бойы реставратор болды. Бір ғажабы, ол әлі күнге дейін еңбектен қол үзген жоқ. Қазір Жезқазған темір-бетон зауытында токарь болып еңбек етеді. Айтпақшы, биылғы сапарға нақ осы зауыт демеушілік танытып отыр.
Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде ақсақалды жаңа саяхатына шығарып салу салтанаты болды. Салтанатта Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов, облыстық мәдениет, тіл және архив ісі мен қоғамдық даму басқармаларының басшылары Әнуар Омар, Дархан Мұхан, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, ақындар Мұқаш Сейтқазинов, Қуаныш Мақсұтов ақсақалдың сапарына сәттілік, жолына жақсылық тіледі.
Сәрсенбай ақсақал: «Мұндай жолға шығу үшін алдыңа белгілі бір мақсат қою керек», дейді. Ол өткен жолғы сапарға алдына үш түрлі мақсат қойғанын атап өтті. Соның бірі жүрген жерлердегі қолөнершілердің тізімін жасап, келісімшартқа байланысты ЮНЕСКО-ға табыстау болатын. Қазір соның арқасында еліміздің қолөнер шеберлері арнайы сайт арқылы өз өнімдерін әлемнің кез келген еліне тапсырыс арқылы жөнелте алады. Сәрсенбай ақсақалдың саяхатының көпке тигізген бір шарапаты осындай.
Биыл да ол алдына тағы үш түрлі мақсат қойып отыр. Біріншіден, әлем халқын бейбітшілікке шақыру, соғысқа жол бермеу. «Соғыста жеңген де, жеңілген ел де орасан зор шығынға батады, халық күйзеліске ұшырайды. Сондықтан соғыста жеңімпаз болмайды», деп санайды ол. Екіншіден, саламатты өмір салтын ұстанудың артықшылығын дәлелдеу. Жастайынан жаяу жүруді әдетке айналдырған ақсақал әлем халқына «Денсаулығыңды ойласаң, күніне кем дегенде 7 шақырым жаяу жүр» деген үндеу тастамақ. Үшіншіден, бәлкім, ең бастысы да сол болар, дүниедегі қарапайым адамдар арасында қазақ ұлтының ежелгі тарихы, мәдениеті жөнінде мағлұмат беру, таныстыру.
Бұл сапар бірнеше кезеңнен құралмақ. Тамыздың 2-сі күні Атыраудан Астраханьды бетке алып жолға шығатын ақсақал Ресейдің бірқатар жерін, Грузияны басып өтіп, Түркияға табан тіремек, Анкарадан Ыстамбұл қаласына шейін жаяу жүріп өтпек. Жалпы ұзындығы 2 890 шақырым құрайтын маршрутты ақсақал 100 күнде аяқтауға ниетті.
«Алла қуат берсе, сосын елге қайтып келемін де, 2024-2025 жылдары саяхатты қайта жалғастырамын. Әлемнің Франция, Америка, Қытай, Моңғолия тәрізді елдерінде болғым келеді», деген ақсақал осы үш жылда 16 210 шақырым жерді жаяу араламақ.
Өзінің ғана емес, ұлтының қайсарлығын әлемге паш еткелі жолға шыққан ақсақалдың сапары оң болсын!