Қоғам • 02 Тамыз, 2023

Машина жасаудағы жаңа жобалар

235 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында машина жасау саласын одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар қаралды. Онда Қазақстан машина жасау саласы өнімдерінің экспортын 3 есе арттыруды жоспарлап отырғаны айтылды. Отырыста бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері де күн тәртібіне шықты.

Машина жасаудағы  жаңа жобалар

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «ЕQ»

 Машина жасау бағытындағы 151 жоба

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрі Марат Қара­баевтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы құры­лымындағы машина жасау сала­сы­ның үлесі – 1,5%, ал өңдеу өнер­кәсі­біндегі үлесі 13%. Қазіргі уақыт­та салада 3,8 мыңға жуық кәсіп­орын жұмыс істейді, жұмыспен қамтыл­ғандар саны 118 мыңнан асады.

Жалпы, машина жасау саласы – өңдеуші өнеркәсіптегі ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Егер кейінгі 5 жылда өңдеуші өнеркәсіптің орташа өсу қарқыны 4,5% болса, машина жасау саласында 17,6% өсім көрсетті.

Министрдің пікірінше, саланы одан әрі нығайту аясында жаңа жобаларға көп көңіл бөлініп отыр. Мәселен, 2028 жылға дейін 1,7 трлн теңгеге 24 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 151 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде теміржол, ауыл шаруашылығы, электр техникасы, мұнай-газ, тау-кен металлургия машинасын жасау, сондай-ақ автомобиль жасау салаларындағы кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, 2023 жылы 217 млрд теңгеге 3,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 29 жоба іске қосылады деп жоспарланған.

Энергетика министрі Алма­садам Сәтқалиев ірі мұнай-газ жобаларындағы қазақстандық та­уарлар үлесін арттыру мақсатында Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылғанын баяндады. Оның жұ­мысы аясында 400 млн доллар сома­сында болашақта отандық өн­діру­шілер (зауыттар) жеткізе ала­тын сұранысқа ие өнім­дердің 7 тобы анықталды. Ол үшін ірі мұнай-газ жобаларында жергі­лікті та­уар өндірушілерді қолдау тетік­тері енгізілді. Олардың қатарында «Ерте тендер», «Сынамалық тапсырыс» және «Инвес­тициялардың орнына келісімшарт» бар.

Отырыста Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төр­ағасының орынбасары Ерқанат Мақанов та сөз сөйледі.

Премьер-министр өткен 5 жылда Қазақстан экономикасындағы машина жасау саласының үлесі 1,5 есе, ал өндіріс көлемі 3 есе өсіп, 3 трлн теңгеден асқанын атап өтті. Өткен жылдың өзінде салаға 470 млн доллардан аса шетелдік инвестиция тартылды. Сондай-ақ саланы одан әрі дамыту әлеуеті зор.

«Отандық өнімді экспорттауға айтарлықтай мүмкіндігіміз бар. Мысалы, Еуразиялық экономика­лық одақ елдерінің машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі 2021 жылы 141 млрд долларды құрады. Яғни еліміздің аталған нарықтағы үлесін әлі де арттыруға болады», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, жабдықтардың тозу деңгейінің жоғары болуы өзекті мәселеге айналып отыр. Орташа алғанда, машина жасау саласын­дағы бұл көрсеткіш – шамамен 40 па­йыз. Негізгі кәсіпорындардың жай-күйі айтарлықтай жаңғыртуды және реконструкциялауды талап етеді.

Осыған байланысты Ә.Смайылов бірінші кезекте шағын және орта бизнес үшін қаржыландыруды қол­же­тім­ді ету, сондай-ақ Өнеркә­сіпті дамы­ту қорының желісі бо­йынша қаржы­лан­дыру қажеттігін атап өтті. Премьер-министр­дің пікірінше, мұнай-газ машина­сын жасау саласының да даму әлеуеті зор. Қазір бұл сектордағы өндіріс көлемі – шамамен 160 млн доллар. Бұл орайда импорт көлемі 1,6 млрд доллардан асады.

«Көріп отырғанымыздай, он­даған есе айырма бар. Оны барынша қысқарту керек. Отандық жаңа өндірістерді құру­ға жәрдемдесу үшін 2020 жылы ірі жер қойнауын пайдаланушылармен бір­лесіп, Халықаралық мұнай-газ машина жа­сау орталығы ашылды. Жергілікті өндіру­шілердің әлеуеті мен жоғары қызы­ғу­шылығын ескере отырып, осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет», деді Үкімет басшысы.

Диқандарға жаңа техника қажет

Премьер-министр ауыл шаруа­шылығы машиналарын жасау мәсе­лесіне арнайы тоқ­талды. Оның ай­туынша, қазіргі уа­қытта еліміздің ауыл шаруашылығы тех­никасы паркінің тозуы шамамен 76%-ды құрайды. Өткен жылы отандық кәсіп­орындар 15 мыңнан аса ауыл шаруа­шылығы техникасын өндірді. Алайда бұл  жеткіліксіз.

«Диқандарға жаңа техника қажет. Сондықтан өндіріс қарқынын арттыру керек. Ол үшін бізде барлық қажетті құралдар мен мүмкіндіктер бар», деді ол.

Сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясын дамытудың маңызы аталып өтті. Бүгінде республикада General Motors, Alstom, General Electric, Daewoo Bus, Hyundai, т.б. машина жасаудағы ірі әлемдік көшбасшылармен бірлескен кәсіпорындар табысты жұмыс істеп жатыр. Қарағанды облысының Саран қала­сында 2020 жылы іске қосылған техника және автобус­тар шығаратын зауыт – өнеркәсіп кооперациясының бірегей мысалы. Ол жылына 1 200 көлік шығаруға қауқарлы. Кәсіпорынға 11,9 млрд тең­ге инвестицияланды. Зауыт то­лық қуатына шыққаннан кейін онда бір мыңға жуық адам еңбек етпек.

Ә.Смайылов машина жасау саласын одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йын­ша тиісті бесжылдық кешенді жос­пар әзірленіп жатқанын еске салды. Оны іске асыру машина жасау саласындағы өндірісті 2 еседен аса, экспорт көлемін 3 есе, негізгі капиталға тартылған инвестицияларды 1,5 есе арттыруға, сондай-ақ еңбек өнімділігін 2 есе арттыруға мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік қолдаудың нәти­же­сін­де отандық кәсіпорындар тұрақты жұ­мыс орындарын құру, сондай-ақ жаңа өндіріс­тер ашу және жұмыс істеп тұрған кәсіп­орындарды жаңғырту арқылы елдің әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына өз үле­сін қоса алады», деді Премьер-министр.

Ойын қорытындылай келе, Үкімет басшысы қысқа мерзімде Машина жасау саласын дамыту­дың кешенді жоспарын келісуді, Халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығының тиімділігін арттыру­ды, сондай-ақ Қазақстан­да баламасы бар им­порттық ауыл шаруашылығы техни­ка­сына инвес­тициялық субсидия беру мөл­шерлемесін 25%-дан 15%-ға дейін төмен­дету мәселесін пысықтауды тапсырды.

Бұқаралық спортты дамыту жолдары

Үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері де қаралды. «Саябақтарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажерлармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударылуға тиіс», деді Ә.Смайылов.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов республикада жыл са­йын 1,2 млн адамды, оның ішінде 500 мың ауыл тұрғынын қамтитын түрлі деңгейдегі 25 мыңнан аса бұқаралық спорт іс-шарасы өткізілетінін хабарлады. Кейінгі жылдары марафондар, велошерулер, отбасылық жарыстар, бұқаралық коньки тебу, т.б. іс-шаралардың танымалдығы артып келеді. Жалпы, бүгінде елімізде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын адамдардардың саны 38%-дан асады екен. Мұны есепке шақсақ, 7,5 млн-нан аса адам болады.

Сонымен қатар елімізде 800-ден аса балалар мен жасөспірімдер клубы жұмыс істейді. Өткен оқу жылында қосымша білім беру бағдарламасы бойынша мектептерде 1,3 млн-ға жуық бала қамтылған 49 мыңнан аса спорт үйірмесі ашылды. Сондай-ақ мемлекеттік спорт тапсырысы шеңберінде биыл 190 мыңнан аса бала спорт үйірмелерімен қамтылған.

Министр Қазақстанда 43 мыңға жуық спорт нысаны бар екенін, оның 23 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқанын айтты. Биыл 113 жаңа спорт нысанын салу, сондай-ақ 20 нысанды күрделі жөндеу және қолданыстағы 6 спорт нысанын қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған қоса қызмет көрсетіп тұрған мекемелерді түгендеу жұмыстары атқарылып, жөндеу істеріне және тиісті құрал-жаб­дықтарға қажеттілік анықталып отыр.

Отырыста Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ақтөбе облы­сының әкімі Ералы Тоғжанов, Түркі­стан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да өңірлерде атқарылып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.

Үкімет басшысы спорт пен бел­сенді өмір салты ұлт денсаулы­ғының кепілі ғана емес, сонымен қатар әр адамның таланты мен қабілетін ашатынын атап өтті. Бұл әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды. Осыған байланысты ол халықтың бәріне бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бұқаралық және тұрақты спорттық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы азаматтарды спортпен шұғылдануға міндетті түрде тарту қажеттігін айтты.

«Елімізде жақсы дәстүрге айнал­ған әртүрлі жастағы адамдарға арналған бұқаралық марафондар мен жарыстар туралы бәрі біледі. Кейінгі жылдары барлық жерде спорт алаңдары мен басқа да ірі объектілер салынды. Біз спортпен шұғылданатын адамдардың саны күннен күнге артып келе жатқанын көріп отырмыз. Үйлердің аулаларында, гүлбақтар­да және саябақтарда орнатылған тренажерлерді ешкімге қажет емес деп санаған скептиктер де аз болған жоқ», деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса бұқаралық спортты дамыту бойынша түрлі бағдарламалар мен жобаларға қарамастан, көп­теген жүйелі мәселелер шеші­мін тап­­пағынын атап өтті. Мәселен, ақ­парат­тық кеңістікті мониторингтеу нә­ти­жесінде шілде айының өзінде ғана осы саладағы проблемаларға қатысты халықтан көп шағым түсетіні анықталды.

«Мысалы, Павлодар облысы Баян­­ауыл ауданы Майқайың кентін­­де 2020 жылы жөнделген ста­­дион құ­­лап жатыр. 3 жыл ішінде бұл объект жа­рамсыз болып қалды десе де бо­­ла­ды. Футбол алаңы мен жүгі­ру жол­­дарынан бастап трибуна­лар мен киім ауыстыратын бөл­ме­лерге де­йін жа­рамсыз күйге түс­кен», деп тәп­тіш­теді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ол Қарағанды облы­сын­дағы Шұбаркөл көмір вахта­лық кентінде спорт залы қирап қалға­ны­на да тоқталып өтті. Ал Ақтөбе об­лы­сының Шиқұдық ауылындағы Те­рек­ті мектебінде спортзал жоқ екен.

«Бізде спорт залдары жоқ мектептер тек шағын ауылдарда ғана емес, сонымен қатар ірі қалаларда әлі де көп. Дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар жетіспейді», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Ә.Смайылов Аста­на­дағы Ұлттық спорт универ­ситетінің және Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлық орталығының құрылысы ұзаққа созылып кеткеніне жұртшылықтың наразы екенін баса айтты.

«Спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау бағытында біз ауқымды жұмыстар атқарып келеміз, алайда кейбір мәселелер бойынша бір орында тұрып қалдық. Өкінішке қарай, бізде дене шынықтыру мен спортты басқарудың тиімді біртұтас жүйесі жоқ. Бұл мәселе әсіресе жер­гілікті жерлерде өте өзекті. Спортты және саламатты өмір салтын насихаттаумен айналысатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйым­дардың қызметін үйлестіру жұмы­с­тарында кемшілік көп», деп атап өтті ол.

Осыған байланысты Үкімет Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасын бекітті. Оның аясында 2030 жылға қарай халықтың 50%-ын дене шы­нықтыруға және спорт­пен шұғылдануға тарту мін­деті тұр. Ә.Сма­йылов салалық министрлік пен әкім­дік­терге осы бағыттағы жұмысты кү­шей­туді тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-министр жұмыс істеп тұрған спорт нысан­дарының инвентаризациясын аяқ­тап, олардың қажеттіліктерін айқын­даудың маңызды­лығын еске салды.

«Біз әрі қарай жұмыс істеуге қай нысанның мүмкіндігі бар екенін, қайсысы күрделі жөндеуді қажет ететінін, қанша спорттық құрал-жабдықтар қажет екенін нақты білуіміз керек», деді ол.

Сөз соңында Ә.Смайылов Мәде­ниет және спорт, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министр­ліктеріне әлемдік тәжірибені ескере отырып, дене шынықтыру жат­тықтырушылары мен мұға­лімдерін даярлау жүйесін қайта қарауды тапсырды.