Қоғам • 03 Тамыз, 2023

Қолдары шипалы, жүректері мейірімді

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мен – жеті жастағы Әзиз Жамбылдың нағашы әжесімін. Біз Батыс Қазақстан облысындағы Казталов ауданының Көктерек ауылында тұрамыз. Мен «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы өзім мен жиенімнің анасы, яғни қызым Нұрлы Сейфоллақызының атынан Ақтөбедегі «Ана мен баланы қорғау» орталығының мамандарына алғысымды білдіргім келеді.

Қолдары шипалы, жүректері мейірімді

Әзиз бес жасынан бастап тамақты қиналып ішетін. Өткен жылы қара су да тамағынан дұрыс өтпейтін болған соң дәрігерлер Орал қаласындағы балалар ауруханасына жатқызды. Бұл жерде баланың өңеші тарылған, операция жасау керек деп шешті. Содан Ақтөбедегі аталған орталыққа портал арқылы кезекке тұрдық. Кезегіміз көп күттірмей келіп, Ақтөбеге жол тарттық. «Ана мен баланы қорғау» орталығында үш айға жуық жатып емделіп, операция жасалды. Ауруханадан шыққан соң бес-он күн сайын тексерістен өтіп тұрдық. Қазір жиенімнің жағдайы едәуір жақсарды, бір жарым айда тексеруге келіп тұрамыз.

Әрі-сәрі көңіл күйде келген бізге ақтөбелік дәрігерлер үміт сыйлады. «Ана мен баланы қорғау» орталығының бас дәрігері Ербол Жапақов, бөлім меңгерушісі Марат Ильясов, дәрігерлер – Жанна Егилова, Айнұр Дәуленова, Қайрат Жалмұхамбетов, Бауыржан Бисалиев, бас медбике Айгүл Жапарова, медбикелер – Гүлзира Нұрғалиева, Дайратгүл Мақанова, Валентина Сәрсенова сынды қолы шипалы, жүрегі мейірімге толы мамандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ұжымның ақылшысы, профессор Болат Жаналаев жаны қиналып келген сәбиді сауықтырған тамаша маман, үлкен жүректі азамат екен. Кіммен де болсын өте сыпайы сөйлесетін емдеуші дәрігер Бауыржан Бисалиев туралы да осылай демекпіз.

Алаң көңіл болып келген ата-анаға жылы сөздің өзі үлкен демеу ғой. Рахмет, ақ желеңді абзал жандар!

 

Рая ЖҰМАГЕРЕЙҚЫЗЫ

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы