Бұл ретте банктік депозиттер көрсеткіші жағынан Отбасы банкі 2,4 трлн теңгемен көш бастап, жыл басынан бергі өсім бірден 6%-ға ұлғайған. Бір айдың ішінде банк өзінің депозиттік қоржынына тағы 1,4%-ды қосқан. Одан кейін 4,7%-бен сомасы 4,4 трлн теңгеде Kaspi Bank тұр. Қазіргі таңда еліміздің қаржы институтына айналып, бұрын жоғалтқан позицияларын белсенді түрде қалпына келтіріп жатқан Bereke Bank 1,9% өсіммен 1,1 трлн теңгеге жеткен. ЦентрКредит банкі 1,6% ұлғайған.
Бір айта кетерлігі, қаржы институты еліміздің жинақтарын жылжымайтын мүлікке айналдыруға мүмкіндік беретін тұрғын үй құрылыс жинақтарының жүйесі бойынша жұмыс істейтіні бар. Осыған орай, аралық және алдын ала тұрғын үй қарыздарын алуды қамтамасыз ететін депозиттерді қосқанда, ТҚЖ шеңберіндегі банктік салымдар азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуды қолдауға арнап, республикалық бюджеттен мемлекеттік сыйлықақы алу мүмкіндігі қарастырылған. Бонус мөлшері 200 АЕК-тен аспайтын, жылдық жинақ сомасының 20%-ын құрауы керек.
Көш басында тұрған Отбасы банкте бір салымшының бірнеше тұрғын үй құрылыс жинақ шоты болуы мүмкін, бірақ олардың біреуіне ғана мемлекеттік сыйлықақы есептеледі. Дегенмен депозитті толтыру жүйесін өзгертпестен көбірек үнемдеуге мүмкіндік беретін лайфхактың бір түрі – отбасылық пакеттерді атауға болады. Бұған тек ерлі-зайыптылар ғана емес, ата-ана, аға-әпке, балалар, жалпы, жақын туыстар иелік ете алады. Осы пакеттің бір бөлігі ретінде бірнеше депозит ашып, табысты одан әрі арттыруға да жағдайлар қарастырылған. Мәселен, Отбасы банктегі депозит бір адамға беріліп, оны ай сайын 100 мың теңгеге толықтырып отырса, сонда үш жыл үнемдеуге мемлекет сыйлықақысы 414 мың теңгені, бес жылға 690 мың теңгені құрайды екен. Атап айтқанда, екі ересек адам ай сайынғы жарнасы – 80 мың теңге (бір адамға – 40 мың теңге) және балаға – 20 мың теңге. Мұнда отбасылық топтамадағы барлық депозиттерді толықтырудың ай сайынғы сомасы – сол 100 мың теңге. Бірақ үш жылға мемлекеттік сыйақы қазірдің өзінде 720 мың теңгені, ал бес жылға бірден 1,2 млн теңгені құрайды.
Бір депозиттің орнына үш салым бойынша банктің сыйақысы сәл артық болатынын ескерсек, жеке салым үш жылда жинақталған жалпы жинақ 4,1 млн теңгені, бес жылда 7,1 млн теңгені құрайды. Ал отбасылық пакет шеңберіндегі үш депозит үш жылда – 4,4 млн теңге және бес жылда – бірден 7,6 млн теңге.
Биыл еліміздің банктеріндегі депозиттер портфелінің қысқаруы, бизнес депозиттері көлемінің азаюымен байланысты болды. Мәселен, заңды тұлғалардың депозиттері жыл басынан бері 5,1%-ға төмендеп, 13,9 трлн теңгені құраса, жеке тұлғалардың депозиттері керісінше 2,8%-ға өсіп, 17,4 трлн теңгеге жеткен. Нәтижесінде, биыл бірінші маусымда ЕДБ депозиттік портфеліндегі халық салымдарының үлесі жыл басында 53,6%, бір жыл бұрын 52,1%, бүгінгі таңда 55,5%-ды құраса, он жыл бұрын шамамен 40% ғана болған.