Экономист Мақсат Халықтың пайымынша, базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетуге әсер ететін тағы бір фактор (инфляцияның төмендеуінен бөлек) бар.
«Американың Федералды Резервтер Жүйесі ФРЖ (орталық банкі) доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесін (біздіңше базалық пайыз) кейінгі бір жылда тек көтеріп келген болатын, осы жолы өзгеріссіз қалдырды. Қазір – 5-5,25 пайыз деңгейінде. Бұл деңгейде сақтап қалғанының негізгі себебі – Америка экономикасының баяу қалыпқа келуі. ФРЖ тағы да пайыздық мөлшерлемені көтеретін болса, іскерлік белсенділікке ауыртпалық түсіретін еді. Бірақ осы жолы көтермей, жағдайды бақылап көрмекші. Бұл жағдай теңгемізге де түсіп отырған қысымды азайтып отыр. Демек теңгемізге әсер ететін бір сыртқы фактор ықпалын тигізбейді деген сөз. Ұлттық банк те егер инфляция қарқыны бәсеңдесе, сырттан қысым азайса, базалық пайызды біртіндеп түсіреді», дейді ол.
Сарапшы «Ұлттық банк шығынға ұшырады, пайда әкелмеді» деген ақпаратқа (айтуынша, сондай ақпарат тараған – ред.) қатысты да түсініктеме берді.
«Ұлттық банк екінші деңгейлі банк емес қой, оның мақсаты басқа коммерциялық банктер сияқты пайда табу емес. Егер ол коммерциялық ұйым болса ғана пайда табуды көздейтін еді. Оның бір мақсаты бар – бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету, яғни инфляциямен күресу. Инфляциямен күресу үшін ҰБ-да әртүрлі құралдар бар, негізгісі – базалық мөлшерлеме. Сондықтан Ұлттық банктің тиімділігін оның балансы, кірістері мен шығыстары бойынша бағалау дұрыс емес, оның миссиясы жоғары және маңыздырақ – бұл ақшаның құндылығын қамтамасыз ету», дейді.
Мақсат Халықтың түсіндіруінше, ҰБ базалық пайыздық мөлшерлемені түсіретін болса, онда депозиттің пайыздары да біртіндеп түседі: «Сондай-ақ несиелердің де пайызы түсіп, нарықта арзан ақша пайда болады. Ол бірінші кезекте бизнеске және ипотекалық несие алушылар үшін қажет».
Осыған дейін телеграмдағы Risk Takers каналы да шілдедегі шешім бойынша, базалық пайыздық мөлшерлеме төмендетілуі мүмкін деген пікір білдірген еді.
«ҰБ 5 шілдеде болатын ақша-несие саясаты комитетінің келесі отырысында мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетуді бастауы мүмкін. Алайда инфляцияның баяулауы ҰБ күткеннен де төмен болса, онда базалық мөлшерлемені төмендету тамызда басталатын шығар. Ол кезде 0,5 пайыздық тармаққа төмендейді. Қалай болғанда да біз қыркүйектің басында 16,25 пайыздан жоғары емес мөлшерлемені күтеміз», деп мәлімдейді канал.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, базалық мөлшерлеменің жоғары болуы қарызды өтеу шығынын да өсіріп отыр.
«2023 жылы бірінші тоқсанда қарыз төлеміне 560 млрд теңге жіберілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 38,1 пайызға жоғары. Бюджеттің шығыс бөлігіндегі үлесі – 11,1 пайыз. Мемлекеттік қарыз бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін тартылады. Мемлекеттік қарызды алу ставкасы базалық ставкаға тікелей тәуелді. Базалық мөлшерлемені өсіре берсек, онда қарыз ауқымымыз да үлкейе түседі. Бұл ретте Risk Takers каналындағы әріптестеріміздің сөзімен жауап берер едік: «Республикалық бюджеттегі үлкен тапшылық елдің несие рейтингін нашарлатады, инфляция өсімі мен экономикалық ахуалдың төмендеуіне жол береді», деп түсіндіреді Андрей Чеботарев.
Ал ҰБ басшылығы базалық ставканың өсімі өз кезегінде төл валютамыз үшін біршама пайдалы болды деген позицияда.
«Базалық мөлшерлемемен қатар теңгедегі активтердің кірістілігі де өсті. Қабылданған шаралар қаржы жүйесінің тұрақсыздануына жол бермеуге және теңгедегі активтерге деген сенімді сақтауға мүмкіндік берді», дейді Ғалымжан Пірматов.