Сонау 2016 жылы іргесі қаланған саябақтың құрылысы құлдырап, игі істің аяқталуын ауыл тұрғындары ұзақ күткені жасырын емес. Сол себепті аудан орталығында демалып, саялайтын мәдени орынның жоқтығына жиі шағымданатын.
– Кеген ауылдық округі әкімінің аппаратының теңгеріміне 76 млн 329 мың теңге қалдық құнымен қабылданған саябақты жөндеу, күтіп, баптауға ауылдық округ әкімінің бастамасымен 2022 жылы жалпы құны 5 млн 875 мың теңге қаражат бөлініп, ашық конкурс жарияланған. Нәтижесінде, «Даму Элком Құрылыс» ЖШС сақалды құрылысты қолға алып, сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Осы жылы Жастар саябағы мен Райымбек көшесінде орналасқан аллеяға 500 метр жерге су жеткізу мен күтіп-баптауға ашық конкурсты «М-Модуль KZ» ЖШС (3 млн 800 мың теңге) жеңіп алып, саябақты күтіп-баптау жұмыстарын жүргізіп жатыр, – дейді Кеген ауылдық округінің әкімі Руслан Масенов.
Биылғы жазда ауыл жұртшылығы, әсіресе жастар аталған саябақтан сая тауып, кешқұрым қыдырыстауды әдетке, тіпті сәнге айналдырған. Саябақтың шамдары самаладай жарқырап, ойын алаңдары балалардың күміс күлкісіне бөленген. Балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынып, ойын алаңдарындағы жасанды төсеніш жасыл кілемдей жайнап, демалыс алаңын құлпырта түскен. Мұнда көз жауын алатын гүлзар да бар.
– Әркімге туған жері құт-мекен, алтын бесік қой. Аудан орталығы саналатын Кегендегі бетке ұстар саябақтың қаншама жыл бойы қараусыз қалып, ішіне мал жайылып жүретіні жанымызға бататын. Міне, жанашыр, іскер азаматтардың арқасында көптің көкейінде жүрген бұл проблеманың түйіні тарқатылып, түгелдей жасалып, қоршалып, жарықтандырылып, балалар үшін батуттар қойылып, халыққа қуаныш сыйлады. Жаз бойы үйден ұзамайтын немесе тау-тас кезіп кететін бала-шағаның бәрін осы арадан көретін болдық. Осындай мәдени ошақтар көптеп бой көтеріп, ауылымыздың көркі кірсе, жастардың да қалаға қашпай, тұрақтауына себі тиері сөзсіз, – дейді Кеген ауылдандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Досымбеков.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген. Алақандай ауылдың тыныс-тіршілігіне, түйткілді мәселелеріне баса назар аударған ауыл әкімі Руслан Кеңесжанұлы аудан орталығындағы Атыханұлы атындағы көшеде орналасқан, жарты ғасырдан бері жөндеу көрмей, тоз-тозы шыққан екіқабатты тұрғын үй тұрғындарының сан жылғы базынасына құлақ түріп, шатырын жаңалап, іші-сыртын сырлап, сөйтіп жыртығының бүтінделуіне мұрындық болған.
– 1968 жылы салынған бұл үйде 24 отбасы тұратын едік. Содан бері тозып, түгі қалмауға айналған. Төбеден өткен жаңбыр, төменгі қабатқа сорғалайтын. Ішін көктің иісі алып, көпшілігі тұра алмай көшіп, пәтер кезіп кетті. Мұң-зарымызды қанша жылдан бері жырлап келеміз?! Әйтеуір үнімізді еститін үкімет бар екен. Ауыл әкімінің басшылығымен былтыр тамыз айынан бастап біздің тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Бас-аяғы екі айдың ішінде қосқабатты үйіміздің көркі кіріп, көз сүйсінерлік күйге өзгерді. Тендерді ұтып алған «Казстрой групп»-тың іскер азаматтарына, білікті жұмысшыларға алғысымыз шексіз. Бүгінде үйге келген қонақтан ұялмайтын болдық. Еңсеміз көтеріліп, шаңырағымыз шуақтанып қалды, – деп ағынан жарылды осы үйдің тұрғыны Дәрия Ғұмыр.
Кеген ауылында жалпы көпқабатты тұрғын үйлер саны 14 болса, биыл тағы төртеуінің шатырлары жаңартылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл мақсатқа 136 млн теңге қаржы бөлінген. Жан жадыратарлық жағымды істердің игілігін қарапайым халық көріп жатыр.