05 Маусым, 2010

ОТАНДЫҚ АДАМ КАПИТАЛЫН ДАМЫТУ — МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

838 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті 23-пленарлық отырысы болып өтті. Пленарлық мәжіліс жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Отырыстың күн тәртібіне қойылған “Қазақстан экономикасын білікті еңбек ресурстарымен тиімді қамтамасыз ету мәселелері” туралы жиынға қатысушы шетелдік қонақтар, сондай-ақ қазақстандық сала жетекшілері өз ойларын ортаға салды. – Біз бүгінгі күні экономи­ка­мыз­ды еңбек ресурстарымен қам­тамасыз ету туралы маңызды мәселені талқылап отырмыз. Бұл мәселе 2006 жылы қарастырылған еді, содан бері көптеген өзгерістер болды және ең бастысы, алға ілгерілеу бар. Мәселен, соңғы үш жылда шетел инвесторлары кадр­лар­ды даярлау мен қайта даяр­лау­ға, материалдық-техникалық база­ны нығайтуға, сондай-ақ білім бе­ру мекемелерін жаңартуға 160 миллион долларға жуық қаражат бөлді. Бүгін еңбек ресурстарын дамытуға байланысты көптеген жобалар аталды, инвесторлардың еңбек ресурстарын дамытуға байланысты айтылған көптеген жобалары көңілге қонады. Менің өзім баршаларыңызға ризашылы­ғым­ды білдіре отырып, жұмыстың келешекте одан әрі жалғасатынына сенім білдіремін,– деп бастады өз сөзін Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев. Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті 23-пленарлық отырысы негізінен Қазақстан экономикасын білікті еңбек ресурстарымен тиімді қам­та­масыз етуге шетел инвестор­лары­ның қатысуы туралы мәселені талқылауға арналып отырғандығын көпшілікке хабардар еткен Елбасы бұл бағытта алда тұрған келелі мін­деттерге де кеңінен тоқталды. Әлемдік қаржы дағдарысына қарсы іс-шараларды жүзеге асы­ру­да Қазақстан айтарлықтай жетіс­тік­терге жеткендігі жөнінде жиын­да шетел инвесторлары да атап айтты. Шындығында да, дағдарыс­қа қарсы іс-қимылдың нәтиже­сін­де 100 мыңға жуық маман дайын­далды және қайта дайындықтан өтті. Атап айтарлығы, көптеген қазақстандықтар, міне, осы жаңа мамандықты алудың нәтижесінде ғана өз жұмыс орнын сақтап қал­ды. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аясында 2011 жыл­дан бастап үш іргелі мәселе – кадр­лар даярлау, біліктілікті арт­тыру және жастар тәжірибесі жү­зеге асырылатындығын тілге тиек еткен Елбасы мұның маңызына да тоқталды. Ол елді индустрия­лан­дыру бағдарламасын кадрлармен қамтамасыздандыруға іс жүзінде көмектеспек. Анығырақ айтқанда, техникалық мамандықтар бойын­ша бос тұрған орындарды толық­ты­рып, шетелдік жұмыс күшін қазақстандықтармен алмастырмақ. – Сіздер білесіздер ме,– деді өз сөзін одан әрі жалғастырған Мем­лекет басшысы,– тартылған жұмыс күші сапасын жақсарту және қазақстандық үлесті ұлғайту бағытындағы жұмыстың жүргізілуі бірінші жыл емес және мұнда же­тістіктер бар. Мәселен, біліктілігі жоғары мамандарды әкелуде жағ­дай жақсарды, олардың үлесі 68 пайызға жетті. Дегенмен, біздер, біздің ұзақ мерзімді стратегия­мыз­дың негізгі өзегі – отандық адам капиталын дамытуға баса көңіл бөлуіміз қажет. Еліміз алдын-ала қа­былданған ықпалды іс-шара­лары мен резервіне орай, дағда­рысқа рецессиясыз тойтарыс берді, отандық қаржы жүйесінің жұмысы толықтай қалпына келтірілді. Президент Нұрсұлтан Назар­баев Шетел инвесторлары кеңе­сінің 23-пленарлық отырысында еліміздің білім жүйесіндегі кейбір күр­деліліктер жөнінде де ашып айт­ты. Отандық оқу орындарын­дағы оқыту сапасы негізгі проб­ле­маға айналғандығы жасырын емес, яғни мұның өзі, ең алдымен ха­лықаралық стандартқа, не болмаса жұмыс берушілердің талабына сәй­кес келмейді. Орта және жо­ға­ры білім саласында бағдарламаны орындау үшін эталондық оқу орын­дары құрылуда. Астанадағы халықаралық университет әлемдік деңгейдегі белгілі шетелдік уни­вер­ситеттермен бірлесіп, инженер, ме­дицина және бизнес бойынша ма­мандар дайындайды. Бір құп­тар­лығы, бұл оқу орнында интел­лектуалдық мектептерді бітірген ең дарынды балалар білім алады. Қазақстанда озық тәжірибені кеңінен қолдануда және келешегі зор мамандықтарды игеруде бір­шама жұмыстар жасалуда. Алайда, инновациялық экономиканы соған сай кадрлармен қамтамасыз ету жұмысы әлі алда екендігін ескерт­кен Н.Назарбаев бұл бағытта ат­қарылатын нақты міндеттердің ше­шімін де саралап берді. Мұның өзі кеңестің және әрбір инвес­тор­дың назарын аударатын мәселе екендігін де ескертіп өтті. – Ең алдымен жұмыс орын­дары­ның айтарлықтай ұлғайтылуы талап етіледі. Бұл орайда, қазақ­стандық орта буын менед­жер­лермен, білікті жұмысшылармен еңбек келісіміне қол қойғанда шетелдік жұмыс күшін тартуда тепе-теңдік ара-қатынас тоқсан пайыздан кем болмауы тиіс. Екін­шіден, экономика талабына орай кадрларды даярлау және қайта дайындау жөнінде озық аймақ­ара­лық орталықтар құрылуы тиіс. Ма­мандар біліктілігін сертифи­кат­тау­дың салалық жүйесін енгізген жөн. Сондай-ақ барлық салалардағы сирек мамандықтарды игеруге грант­тық стипендиялар тізімін ұлғайтудың берері мол. Тағы бір атап айтатын жәйт, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орын­да­рында маман дайындаудағы оқу бағдарламасын өзгерту қажет, өйт­кені, оларға халықаралық стан­дарттарды енгізетін уақыт жетті,– деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­стан­дық жоғары және орта оқу орын­дарының білімінің әлемдік стандартына қадам басуына шетел­дік инвесторлардың ықпалдастық та­нытуына мүмкіндігі бар екен­ді­гіне сенім білдірді. “Біздің кәсіпорындардағы менед­жерлер мен мамандардың техно­логиялық жағынан үздік шетелдік ірі компанияларда еңбек тәжіри­бесінен өткенін қалар едім. Ал Қазақстанның еңбек рыногында қазіргі және келешектегі маман қажеттілігінің тұрақты мониторин­гі жүйесін құратын уақыт жеткелі қашан”, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы, сонымен бірге, Үкіметке қысқа мерзімде Қазақстандағы барлық ірі және ауқымды кәсіп­орындардың негізгі өндірістік қорларын жаңартудың тиімділігіне толық аудит жүргізуді тапсырды. Соның нәтижесінде нақты іс-шаралар қабылданбақ. Көпшілікке белгілі, бүгінгі таңда әлемді дүрліктірген қаржы дағдарысынан бұрын, қауіпсіздік қазіргі таңда өмірлік ең маңызды әрі ең басты, өзекті мәселеге ай­налғандығы сөзсіз. Кеңеске қаты­су­шылардан Мемлекет басшы­сы­ның Қазақстанға тасымалданатын құрал-жабдықтардың жіті әрі қатаң бақылаудан өтуін талап етуінің бір себебі де осында болса керек. – Жақында ғана Мексика шы­ғанағында болған апат жөнінде айтсақ та болады. Әлем катас­тро­фалық, орны толмас шығынның негізгі себебі – пайдаланылудағы жабдықтардағы ақаудың кесірінен кеткенін білді. Сонда “БиПи” компаниясының бұдан бұрын жариялаған, мақтанарлық сапасы мен қауіпсіздігі қайда қалған?! Ал мұндайға біздер жабық теңіз жағ­дайында жол бере алмаймыз. Сон­дық­тан да, мемлекет тарапынан  Каспийде жұмыс істейтін компа­нияларға қойылатын талаптар келешекте қатаңдатылады, – деп түйіндеді өз сөзін. Шетел инвесторлары кеңесінің 23-пленарлық отырысында сон­дай-ақ ҚР Үкіметі мүшелері, қар­жы ұйымдары жетекшілері және шетел­дік инвесторлар өз пікір­ле­рі­мен және ойда жүрген орнықты ұсы­ныс­тарымен бөлісті. Олардың ара­сында “Шеврон” кор­пора­ция­сының басқарма төрағасының орынбасары Джордж Киркланд, Лукойл Оверсиз Холдингі прези­денті Андрей Кузяев, “Арселор Миттал” компаниясы ди­ректорлар кеңесінің төрағасы Лак­шми Мит­тал, “Эксон Мобил” кор­по­рация­сы­ның аға вице-президенті Марк Алберс және басқалар бар. Лак­шми Миттал өз кезегінде қазақ­стан­дықтарға арнаған биылғы Жол­дауыңызда, Сіз, алға қарай қа­рыш­ты қадам жасауды және эко­номи­каны одан әрі модерниза­ция­лауда жобаларды енгізу қажеттігін атап айтқан болатынсыз дей келіп, соған орай, Қазақстандағы еңбек ресурс­тары бәсекеге қабілетті және сапа, қызмет пен жұмыстың орындалуы жөнінен халықаралық стандартқа сәйкес келуі қажеттігін тілге тиек етті. Сонымен, Қазақ­стан экономикасын білікті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етудегі басты мақсаттың түйіні кадрлар даярлаудағы жоғары жауапкер­ші­лікте, біліктілік пен іскерлікте болса керек. Бақыт БАЛҒАРИНА.