Кәкімбек Салықов мемлекет және қоғам қайраткері болумен қатар ақын, композитор еді. Ол халқын, елін, Отанын жырлаудан жалықпады. Әсіресе Жезқазғанды, оның адамдарын жырға қоспаған кезі жоқ. Кәкеңнің «Жезкиігі» күллі қазақтың жүрегіне жақын әнге айналды. Ол Жезқазған – Ұлытау өңірі халқының мақтан тұтатын айдарлы азаматтарының бірі еді.
2021 жылы Сәтбаев қаласындағы Ақсақалдар алқасы Кәкімбек Салықовтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында қандай құрмет көрсету жөнінде бас қосып, ақылдасты. Қалада жаңадан салынып жатқан Оқушылар сарайына есімін беру туралы ұсыныс та болды. Бірақ ақсақалдар ақылдаса келе қаладағы П.Шаталюк көшесін Кәкімбек Салықов көшесі деп атау орынды дегенге тоқайласты. Мұның да жөні жоқ емес-ті. Өйткені К.Салықов кезінде Жезқазған кентінде тұрған болатын. Ал кейінгі жылдары бұл кенттің тұрғындары толықтай көшіріліп, солардың басым көпшілігі П.Шаталюк көшесіне қоныстанған еді. Және бір жағынан П.Шаталюк уақытында «стахановшы» атанғаны болмаса, мемлекеттік марапаттар иелене қоймаған кісі болып шықты.
Ақсақалдардың бұл ұсынысы қала басшылығына жеткізіліп, одан әрі тиісті талаптарға сай, нақтырақ айтқанда, 2022 жылғы 2 қыркүйекте қоғамдық тыңдау өткізіліп, қабылданған шешімдер жөнінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары, әлеужелі арқылы елге жария етілді. Барлық қажетті құжаттар жинақталған соң облыстық ономастикалық комиссияға жеткізу үшін «Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жолданды. Облыстың енді құрылып жатқаны әсер еткен болу керек, аталмыш құжат біршама уақыт қозғалыссыз жатып қалғанға ұқсайды. Бұған Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Төлештің 2022 жылғы 28 желтоқсанда «Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ә.Омардың атына жолдаған хаты дәлел. Мұнда ол өздері жолдаған Ұсыныстың республикалық ономастикалық комиссияға ұсынылған-ұсынылмағанын нақтылап беруді өтінеді. Бұған Ә.Омар 2023 жылғы 10 қаңтар күні «Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы сіздің Сәтбаев қаласының Павел Шаталюк көшесіне Кәкімбек Салықовтың есімін, Горняцкая көшесіне Павел Шаталюктің есімін беру туралы хатыңыз бойынша құжаттар Қазақстан Республикалық Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданғанын хабарлайды» деген ресми жауап қайтарады. Міне, содан бері сегізінші айға кетіп барады, бірақ әлі ешқандай нақты жауап жоқ. Ақсақалдар алаңдаулы. Көбісі кеше өздері көздерін көрген Кәкеңнің атындағы көшенің ашылу салтанатын тамашалағысы келетіні түсінікті ғой. Бірақ бірер түсініксіздіктер бар. Біріншіден, Республикалық ономастикалық комиссия облыс тарапынан жолданған ұсынысқа неге жауап қайтармайды? Екіншіден, биыл маусымның 22-сінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында еліміз бойынша 69 көшенің жаңаша атауға ие болатыны туралы жарияланды. Сол 69-дың бірі болуға Кәкімбек Салықов әбден-ақ лайықты емес пе еді? Неге сол тізімге енбей қалды екен?
– Біз республикалық ономастикалық комиссияның шешімін тағатсыздана күтіп жүрміз. Өйткені Кәкең – ешқандай талас тудырмайтын тұлға. Ұсыныс барлық талаптарға сәйкес жасалды. Қазір Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімін иеленген біздің қаламыз өзінің жартығасырлық мерейтойына дайындық үстінде. Осы мерейтой қыркүйектің 13-інде кең көлемде аталып өтілмек. Сол күнгі мерейтойлық іс-шараның бірі Кәкімбек Салықов көшесінің салтанатты ашылуы болса екен деген тілегіміз бар, – дейді ҚР еңбек сіңірген энергетигі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Жайық Мұңсызбаев.
Бұл тек жалғыз Жайық ақсақалдың ғана арманы емес...