Қазақтың ұлттық құндылықтарын қолөнер арқылы насихаттап жүрген сондай жандардың бірі – қызылордалық Пахриддин Садықов. «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ол көркем де кірпияз өнердің қыр-сырымен бөлісті.
– Пахриддин Шәмшідінұлы, қолөнер шебері болу – туабітті даритын талант па немесе біреуге еліктеу арқылы келетін қабілет пе? Сіз бұл өнерді қайдан үйрендіңіз?
– Әр бала өмірге келгеннен қырық өнерге бейім болады екен. Кейін отбасында алған тәрбиесіне, өскен ортасына, айналасындағы адамдардың ықпалына қарай 7 жасқа келгенде сол өнердің бірін ұстауға машықтанатын көрінеді. Мен де мектепте оқып жүргенде қолөнерге қызыға бастадым. Жас кезде адам бар өнердің құлағынан ұстағысы келеді ғой. Әнші де, ақын да болғым келді. Бірақ уақыт өте жаныма жақыны – қолөнер ұстасы болу екенін түсіндім. Оқушы шағымда оянған сол әуестігім өсе келе бойыма мейлінше дарып, әскерден келген соң толыққанды айналыса бастадым.
Адам қандай өнерді де ұстаз алдында отырып үйренуі керек. Маған қолөнерді ең бірінші үйреткен адам – өз әкем. Одан бөлек, ауылда жеті бірдей адамнан оның қыр-сырын меңгердім.
– Жасаған бұйымдарыңызды қарап отырсам, бәрінде қобыз көрініс тауыпты. Қобызды жақсы көресіз бе?
– Қорқыттың қобызы – тұла бойына қазақ мәдениетін толық жиған ұлттық аспап. Қобыз – қазақтың дүниетанымы. Ата-бабадан мирас болған бұл құндылығымыз арқылы халқымыздың әдет-ғұрпын, болмыс-бітімін, дүниетанымын, т.б. жан-жақты көрсетуге болады. Мен осы аспабымыз арқылы ұлтымыздың бай мәдениетін бүкіл әлемге танытқым келеді. Қобыздан бөлек, бес қару, жеті қазына, жеті ата, үш арыс, үш ана, төрт түлік, басқа да көп дүниенің бәрін менің туындыларымнан көруіңізге болады. Сол арқылы қазақтың тілін, дінін, мәдениетін, ділін насихаттап жүрмін дей аламын.
– Тартуға болатын шынайы қобыз жасайсыз ба?
– Алғашқыда тартатын 2 қобыз жасадым. Алайда менде музыкалық есту қабілеті жоқ, сондықтан ол ісімді әрі қарай жалғастырғым келмеді. Қазіргі күні тек кәдесый ретінде жасаймын.
– Қолөнермен негізінен хобби ретінде айналысасыз ба, әлде кәсіпке айналдырып, табыс тауып жүрсіз бе?
– Қазақтың өнерін хобби қылдым деу – кешегі кейбір сепаратистер секілді домбыраны сындырып, далаға тастағанмен бірдей нәрсе. Әр істің өз маманы болады. Абай хакім: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дейді ғой. Біз осы өнер саласынан өз кетігімізді тауып, оны насихаттау үшін барымызды салып жүрген азаматпыз. Қолөнер – менің хоббиім емес, мен оны көпке барынша таныту үшін еңбектеніп жүрмін. Мұны Алла тағаладан берілген аманат десем болатын шығар. Қазақта «Бала атадан батпан артық туады» деген әдемі сөз бар. Батпанмын деп айта алмаймын, бірақ осы өнерді өзіме аманат ретінде қабылдаймын.
Кәсіп жағына келсек, әрине, өнерім арқылы табыс та табамын. Еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыстар түседі. Дәл қазір Астана қаласынан «Қазақтың тілі, діні, ділі» деген тақырыпта өнер туындысын жасауға сұраныс келіп жатыр. Сол туындыны жасау үстіндемін. Шетелдерден де тапсырыстар келіп жатады.
– Қолөнерді кейінгі ұрпаққа үйретесіз бе? Мәселен, үйірмелер ашу, бала оқыту туралы жоспарларыңыз жоқ па?
– Иә, бұрын шәкірт оқытқанмын. Тек Қызылорда емес, Түркістан және Ақтөбе облыстарынан келіп, менен қолөнердің қыр-сырын үйренген адамдар бар. Қазір Қызылорда қаласында және облыстың жеті ауданында «Дәстүр» атты шығармашылық орталығымыз жұмыс істейді. Облыстың елді мекендерін аралап жүріп өнерімізді насихаттаймыз. Қызылорда облыстық орталық музейінің галереясында, Жаңақорған аудандық музейінде өзімнің бұрышым бар. Алдағы уақытта Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Жамбыл облыстарынан да өз бұрышымды ашуға ұсыныстар келіп жатыр. Жансейіт Түймебаев облыс әкімі болып тұрған уақытта ол кісіге Түркістан қаласынан Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Ұлттық ағарту қолөнер орталығын ашу туралы ұсыныс тастағанмын. Мақсатым – сол жерде қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін, қадір-қасиеті мен болмысын елге дәріптейтін адам тәрбиелеу. Биыл сол мектепті салуды бастау туралы ой бар. Жылына кемінде 5 ұл, 5 қызды дайындап, қазақ қолөнерін алға сүйрейтін өнерлі ұрпақ тәрбиелегім келеді.
– Жалпы, бүгінгі жастарымызда қолөнерге қызығушылық бар ма?
– Балаларымыздың ұлттық мәдениетімізден алыстау болып, жатжұрттық жылтырақтарға қызығып өсуі, қолынан телефонын тастамай, виртуалды әлемде жүруі – ең біріншіден ата-ананың айыбы. Бұл жерде баланың ешбір кінәсі жоқ. Ұялы телефон қазір жас жеткіншектерімізді ауру қылып жатыр. Өткен жылы 6 жасар баланың қан қысымынан қайтыс болуы, 9 жасар баланың компьютер алдында отырып о дүниелік болып кетуі соның айқын дәлелі. Біз оларды телефоннан бір сәт алыстатып, қызығушылығын арттыратын өнерге баулуды ойлауымыз керек. Шын мәнінде, ел ішінде он саусағынан бал тамған өнерлі жеткіншектер жетерлік. Бірақ соларға бағыт-бағдар беретін ата-анада ықылас жоқ.
– Қазіргі күні қандай бұйымдар жасап жүрсіз?
– Дәл қазір «Арбаң өрге дөңгелесін, арда қазақ» атты бір туындым өмірге келіп жатыр. Жалпы, жоғарыдағы әңгіменің жалғасы ретінде айтайын, менің өз балаларым да қазақтың қолөнеріне әуес. Мәселен, соңғы 20 жылда 130-дай туынды жасаппын. Соның ішінде шамамен 80 туындымның сызбасының авторы – Гүлзинат атты қызым. Он шақтысын Айсұлу есімді қызым сызды. 5-6 туындымды әйелім сызып берді. Қалғаны өзімдікі. Сондықтан менің барлық жасаған бұйымымды отбасылық өнер туындылары деп атауға әбден болады.
Әңгімелескен
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»