Қазіргі таңда барлық шығармалар сараптаманың бірінші кезеңінде, яғни әдеби сыйлықтың сарапшылар комиссиясына ұсынылды. Сарапшылардың қарауына туындылар авторы жасырылып, шифр бойынша таратылды.
Сараптаманың екінші кезеңі тамыз айының екінші жартысына жоспарланып отыр. Әдеби сыйлық негізгі 4 аталым бойынша үздіктерді анықтайды. Әр аталымда жеңімпазға 4 млн теңге сыйақы және «Арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты» атағы, диплом және төсбелгі беріледі.
Жеңімпаздарды марапаттау жыл соңына жоспарланған.
«Жас қаламгерлердің шығармашылығын қолдау, ынталандыру және насихаттау аса маңызды. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған сыйлықты еліміздің рухани ортасы жылы қабылдады. Салыстырмалы тұрғыда басқа аталымдарға қарағанда «Балалар әдебиеті» бағытына көбірек шығарма түскені негізгі мақсаттарымыздың біріне қол жеткізгеніміз деуге болады. Бүгін жас қаламгерлерге жасалған қолдау, ертең үлкен жазушылардың қалыптасуына септігін тигізетіні анық», деді МСМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет.