05 Маусым, 2010

ДОСТЫҚ – МӘҢГІ ГҮЛДЕЙТІН ДАРАҚ

578 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Көкшеде Қазақстан халқының бірлігі мерекесін Тәуелсіздік алаңында қарсы алу дәстүрі қалыптасқан. Биылғы мереке “Біз – Қазақстан халқымыз” атты хореографиялық кіріспемен басталғаны, көк төсінде қуанышты көңілдердің жаршысындай, ақ қанат көбелектер қалық­тағаны өзіндік бір әдемі жарасып тапқан-тын. Қуанатын да жайымыз бар еді. Жылымыз жақсы басталды. Облыста жаңадан 1640 жұмыс орны құрылып, еңбекақының жалпы кө­лемі 10,8 пайызға артты. Бұқараны қоз­ға­лысқа түсірген шағын және орта бизнес ны­санында 35 мың адам тұрақты табыс табуда. Ел­басы Жолдауымен жігерленген өңір биыл 5634 миллион теңгенің 135 инновациялық жо­басын жүзеге асыруға кірісті. Өндіріс орын­да­рында 129 тендерлік байқау өткізіліп, 105 өзара тиімді келісім-шарттар түзілді. Қарымы өскен облыс үстіміздегі жылы негізгі капиталға 12,9 миллиард теңге инвестиция жұмыл­ды­ра­тын болады. Бұл былтырғыдан 4,3 миллиард теңгеге көп. Көктемгі дала жұмыстары да қар­қын­ды басталып кетті. Мұның барлығы жақсы үмітке жетелейді. Бәрінен де елімізде ты­ныш­тық, бейбіт өмір, алаңсыз тіршілік қамтамасыз етіл­ген. Міне, халқымыз достық, ынтымақ то­йын осындай сырнай сезіммен өткізген бо­ла­тын. Бәрінің жүздері жарқын, құшақтары ыс­тық еді. Облыс әкімі Сергей Дьяченко құттықтау сөзін: “Біздің күшіміз – бірлікте!” деп қазақ ті­лінде бастап, толғанысты ойлар өрбіткені де көңіл өсірген-тін. Өйткені, бірлігі бар елдің жүрегі де бірге соғады. Ты­ныш­тық пен ауыз­бір­ліктің түп тамыры Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назар­баев­тың са­рабдал саясаты­ның жемісі деген түйін жа­сал­ған болатын. Шын­дығында, тәуелсіздікке қол жеткізген 19 жыл ішінде қоғамды де­мократияландыру, этно­с­аралық келісімді ны­ғайту бағытындағы бар­лық бастамалар Тұң­ғыш Президентіміздің есімімен тығыз бай­ла­нысты. Халқымыз мүл­дем жаңа тұр­паттағы Ел бірлігі доктринасын ту етіп көтерді. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: “Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік” дегенде, алдағы жауапкершіліктің зор­лығын меңзегені анық. Сол алақай ме­ре­кенің өн бойында осынау салмақты сезім мен сенім айқын байқалып тұрғанына масаттанған едік. Науан Хазірет атындағы орталық ме­шіт­тің бас имамы Қанат Қоянбекұлы, Ұлы Отан соғы­сының ардагері, Мәскеуде өткен биылғы Жеңіс шеруіне қатысушы Балташ Сейітов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, “Истоки” сла­вьян мәдени-ағарту қоғамының тө­райымы Га­лина Булычева жерлестерін жа­лын­ды сөздерімен, ақ жарылқап тілектерімен құттықтаған болатын. Бүгінгі күні облыс аумағында 38 этно­мә­дени бірлестік жұмыс істейді. Олар көк­темнің жарқын мерекесінде этносаралық қа­рым-қа­тынас пен еліміздегі тұ­рақ­ты­лық­тың ұйт­қы­сы болып отырғандығын өнерімен де, көл-көсір дастарқан мәзірімен де, кір­шік­сіз кө­ңі­лі­мен де дәлелдеп бергенін ғанибет санағанбыз. Көкшетау – өнер өлкесі. Осындай мей­рам­дарда Тәуелсіздік алаңының сахнасы жүз ұлттың жарасымды әуезімен, отты да нәзік би нақыштарымен биіктеп тұрады. Мұнда қалалықтармен бірге, аудандардың таңдаулы өнерпаздары көпшіліктің көңілін асқақтата көтеріп жүргенін айтқымыз келеді. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.