Осыған орай, бұқаралық ақпарат саласындағы уәкілетті орган – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұдан ширек ғасырдай бұрын қабылданғандықтан, бүгінгі ақпараттық технологиялар заманының талабына ілесе алмай қалған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның орнына «Масс-медиа туралы» заң жобасын әзірледі. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен интернеттегі желілік басылымдарға жүктелетін міндет пен жауапкершілікті теңестірген заманауи құжатты Үкімет мақұлдап, өткен маусым айында Мәжіліс депутаттарының қарауына ұсынды.
Аталған заң жобасы әуелі ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында қоғамдық талқылаудан өтті. Оның барысында мүдделі журналистік қоғамдастық, негізінен, екі мәселе жөнінде алаңдаушылық білдірді. Біріншісі – Қылмыстық кодекстің «Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» деп аталатын 158-бабын сирек қолданылуына байланысты қылмыссыздандыру туралы жаңа норма. Ол журналистер тарапынан қолдау таппады. Шын мәнінде, журналистердің кәсіби қызметіндегі құқықтық мәртебесін мемлекеттік қызметшілермен және құқық қорғаушылармен теңестіріп тұрған бұл бапты алып тастау БАҚ өкілдерінің беделін түсіріп қана қоймай, оларға қатысты құқық бұзушылықтардың көбеюіне әкеліп соғуы мүмкін еді.
Әділ сынға құлақ асқан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қылмыстық кодекстің 158-бабына қатысты түзетуді заң жобасынан алып тастады.
Екіншісі – баспасөз картасын енгізу туралы жаңашылдық. Заң жобасында оған «Баспасөз картасы – жеңілдетілген аккредиттеу құқығын және осы заңда көзделген құқықтарды беретін журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) ерекше мәртебесін растайтын құжат және (немесе) электрондық құжат» деген анықтама берілген. Бұған қоса, заң жобасының 26-бабында: «Бұқаралық ақпарат құралдары ақпаратқа иелік етушілердің, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың келiсуі бойынша олардың жанында өз журналистерiн аккредиттей алады. Баспасөз карталарының иелері үшін аккредиттеудің жеңілдетілген тәртібі қолданылады», деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Баспасөз картасын алу үшін журналистің тиісті немесе сабақтас мамандық бойынша жоғары білімі туралы дипломы болған кезде бұқаралық ақпарат құралдары саласында кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы, ал ондай дипломы болмаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары саласында кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы, сондай-ақ уәкілетті органда есепке қойылған бұқаралық ақпарат құралымен еңбек немесе өзге де шарттық қатынастарда болуы талап етілмекші. Бұл жаңа норма қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызмет істеп жүрген тәжірибелі журналистерге аккредиттеу кезінде артықшылық бергенімен, баспасөз картасын ала алмаған БАҚ өкілдерінің бұрынғы тәртіппен аккредиттеуден өтуіне кедергі келтірмейді деп білеміз. Сондықтан да әлеуметтік желідегі сыңаржақ пікірлермен келісу қиын. Заң жобасында қалдырылған осы жаңашылдық журналистер жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар қызметі туралы жарияланымдардың сапасын арттыруға да мүмкіндік береді деп сенеміз.
Журналистік қоғамдастық заң жобасындағы ресми хабарларға жатпайтын ақпаратты беру туралы сұрау салуға мемлекеттік органдардың бұрынғы жеті жұмыс күнінің орнына, бес жұмыс күні ішінде жауап беруі жөніндегі түзетуді қуана құптап отыр. Сондай-ақ «Теріске шығару не жауап беру құқығы» туралы бап «Осы бапта көрсетілген құқықтардың бұзылуына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарына қойылатын талаптар бойынша талап қою мерзімі осындай мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап үш жылды құрайды» деген абзацпен толықтырылмақшы. Қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңда қарастырылмаған бұл жаңа норма БАҚ редакцияларының құқықтық жағдайын әлдеқайда жақсартатыны сөзсіз. Себебі олар тіпті жиырма-отыз жыл бұрын жарық көрген жарияланымдарда көрсетілген мәліметтер үшін теріске шығару ақпаратын жариялауға немесе заң алдында жауап беруге мәжбүр болып келді. Бұл ретте Ұлыбританияның 1996 жылы қабылдаған жала жабу туралы заңына сүйеніп, талап қою мерзімін бір жылмен шектеуді ұсынған сарапшылар, журналистер мен заңгерлер де бар. Әлбетте, бұл мәселенің түпкілікті шешімін енді Мәжіліс депутаттары айтуға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыруға қатысты жаңашылдықтар мемлекеттік және мемлекеттік емес БАҚ-тарды қаржылай қолдауға және қаржыландыру тетігін жетілдіруге бағытталған. Осыған дейін республикалық бюджет қаражаты есебінен берілетін мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыс тек конкурс өткізу арқылы беріліп, мұның өзі, әсіресе мемлекеттікі болып саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының кейде қиын жағдайда қалуына әкеліп соғатын. Алдағы уақытта қаржыландыру мәселесінде мемлекеттік және мемлекеттік емес БАҚ-тың аражігі ажыратылмақшы. Атап айтқанда, «Масс-медиа туралы» заң жобасы 1-бабының 41-тармағында: «Республикалық деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыс – жарғылық капиталында мемлекетке тиесілі акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың елу пайызынан астамы бар бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін қызметтер көрсетуге арналған республикалық бюджет есебінен тапсырыс», деп айқындалған. Ал осы баптың 31-тармағында «Мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына арналған гранттар – мемлекет пен қоғамның мүдделерін қанағаттандыратын ақпаратты құру және тарату арқылы отандық контентті қолдау, Қазақстан Республикасының ақпараттық егемендігін нығайту және қорғау мақсатында мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары үшін конкурстық негізде республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат», деп көрсетіліп, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарын гранттық қаржыландыру енгізілгелі отыр. Аталған заң жобасының 32-бабында көзделгеніндей, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына берілетін мемлекеттік тілдегі гранттардың көлемі гранттардың жалпы жылдық көлемінің үштен екісінен кем болмауға тиістілігі ұлттық мүддемізге сай шешім екені даусыз. Гранттардың іске асыру мерзімі бір жылға дейінгі қысқамерзімді гранттар және іске асыру мерзімі үш жылға дейінгі ұзақмерзімді гранттар болып бөлінетіні де мемлекеттік емес БАҚ үшін қолайлы болмақ.
Осы орайда мемлекеттік және мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыруда ұсынылып отырған жаңашылдықты тек республикалық деңгейде емес, өңірлік деңгейде де енгізу қажет. Себебі өңірлерде де меншік нысаны әртүрлі БАҚ бар. Олар да, әсіресе өңірлік мемлекеттік БАҚ мемлекеттік тапсырысқа байланысты конкурстарда қиындыққа тап болып жүр.
Қорыта айтқанда, «Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасы қазіргі қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдарды біріктіріп, бұқаралық ақпарат құралдарына қойылған ортақ талаптарды желілік басылымдарға да міндеттеп, тиісінше жауапкершілік жүктеп отыр. Алайда қоғамда заң жобасының атауына қатысты сыни ескертпе де айтылып жатыр. Өйткені «Масс-медиа» сөзі ағылшын тілінен қазақшаға аударғанда «Бұқаралық ақпарат құралдары» деген ұғымды білдіреді. Заң жобасы қабылданған жағдайда оның 1-бабының 9-тармағына сәйкес желілік басылымдар да БАҚ-қа жатқызылмақшы. Демек заң жобасының атауын өз ана тілімізде бұрынғыша «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» деп атаған жөн болар.