Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Шынтуайтында, бұл шара еліміз нарықтық қатынастарға көшкен тәуелсіздік жылдары маңдай тер төге еңбек етіп нәпақа табудан гөрі оңай баю жолын іздеуді жөн көретін, ал оның ебін таба алмаса, мемлекеттік жәрдемақы мен ата-анасының зейнетақысы есебінен күн көруді ар санамайтын масылдық пиғылдағы адамдар, әсіресе арамтамақ жастар көбейіп кеткендіктен қабылданғаны анық. Қоғамымыздағы осы теріс үрдіс туралы Мемлекет басшысы өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйекте жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараны қабылдауда. Алайда бірқатар шешімдер жан-жақты сарапталмай қабылданды. Нәтижесінде, бұл патерналистік пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан. Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті. Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыратындар көбейді», деп ашық айтып, жұртшылық назарын аударған болатын.
Жастардың масылдыққа жаппай бой алдыра бастағанына байланысты өткен ғасырдың соңында Еуропада NEET, яғни оқығысы да, жұмыс істегісі де келмейтін ұрпақ ұғымы пайда болды. Ресми мәліметтерге қарағанда, қазір еліміздегі NEET жастар саны 422 мыңға жеткен. Бұған қоса екі қолына бір күрек таппай жүрген 80 мыңдай жас бар.
«Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші, әлеуметтік зерттеулер NEET жастардың денін аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан әрі білім деңгейі төмен бойжеткендер мен бозбалалар, бір бөлігін бақуатты ата-аналарының арқасында жоқшылықты білмей өсіп, жалқаулыққа салынған «еркетотайлар» құрайтынын көрсеткен. Сондықтан да мектептерде еңбек сабағының қайтадан енгізілуі жалқаулық сынды әлеуметтік дерттің одан әрі өршімеуіне септігін тигізері сөзсіз. Бұған қоса алдағы уақытта оқушыларға кәсіптік бағдар беру ісіне жете мән беру қажет.
«Жеткіншектерді өз бетінше өмір сүруге даярлау мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Еліміздің мектептерінде жүйелі кәсіптік бағдар беруге арналған мемлекеттік бағдарлама мен жоба жоқ. Тіпті жоғары білім алған жас мамандардың 40%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Кәсіптік бағдар беруге жеткілікті көңіл бөлінбеуі мынадай еңбек парадоксына әкеліп соқты: жұмыссыздық деңгейі жоғары болғанына қарамастан, кейбір мамандықтарға сұраныс арта түсті», дейді Мәжіліс депутаты Динара Наумова Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық кәсіпкерлердің арасында жүргізген сауалдама көрсеткеніндей, сауда, өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, білім беру, ауыл, орман және балық шаруашылықтары сияқты салаларда кадр тапшылығы өткір сезіліп отыр. Сұраныс жасалған 134 мың жұмыс орнының 50 пайызына жуығына арнаулы кәсіптік-техникалық білім жеткілікті, ал 25 пайыздан астамына кәсіби білімсіз-ақ орналасуға болады екен. Тек 20 пайызына жоғары білім талап етілген. Осы ойсыраған олқылық еліміздің мектептерінде кәсіптік бағдар беру жұмысы ақсап тұрғанын айғақтайды. Жете білмей таңдаған мамандығы кейін көңілінен шықпаған талай жас маман дипломы бола тұра, ұсынылған жұмысқа бармай, NEET жастар һәм масылдар қатарына қосылып жатыр.
«Қазір мүдделі ведомстволар мен компаниялар ғана өз беттерінше кәсіптік бағдар берумен айналысады. Себебі келісілген бірыңғай стратегия болмай тұр. Сондықтан да кәсіптік бағдар беру жүйесін реформалап, тиісті ұлттық орталық құру және еңбек нарығына қатысушылардың барлығын кәсіптік бағдар беру іс-шараларына қатыстыру қажет», дейді Динара Наумова.
Әрине, Мәжіліс депутаты ұсынған шаралар таяу келешекте кадр даярлаудың көкейкесті мәселесін шешуге және NEET жастар қатарын азайтуға бағытталғанымен, бүгінде ешқандай жұмыс істегісі келмейтін 422 мың қыз бен жігіттің масылдық пиғылын өзгертуді көздемейді. Бұл ретте халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, заңнамалық шешімдер қабылдау қажет.
Мәселен, Норвегияда 1884 жылдан бері жалқауларға жауаптылық қарастырылған заңнама қолданылып келеді. Оны бұзушыларға әрқайсысының әлеуметтік мәртебесі ескеріле отырып, әртүрлі мөлшерде айыппұл салынады. Сингапурда масылдықпен күресте азаматтардың білім деңгейін көтеру маңызды деп саналады. Бұл елде 18 жастан асқан тұрғындардың бәрін арнайы оқытудан өткізіп, машықтарын үнемі жаңартып, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікке баулитын арнаулы бағдарлама іске асырылып жатыр. Егер кімде-кім осы бағдарламаға қатысудан бас тартса, онда ол адам кейбір мемлекеттік жеңілдіктерден айырылады. Беларусьте 2015 жылы президент Александр Лукашенко «Әлеуметтік масылдықтың алдын алу туралы» декретке қол қойды. Онда Беларусь азаматтары бір жылда «мемлекеттік шығыстарды қаржыландыруға» 183 күнтізбелік күннен кем қатысқан жағдайда, басқаша айтқанда, сонша күн жұмыс істеп, жалақысынан табыс салығын төлемеген жағдайда 20 базалық көлем мөлшерінде (250 АҚШ доллары) алым төлеуге міндеттелді. Ресейде биылғы жылдан бастап жұмыс істегісі келмейтін жалқауларға ең төменгі жалақының 2 еседен 5 есеге дейінгі (32 484 рубльден 81 210 рубльге дейін) мөлшерінде айыппұл салынатын болды. Оның үстіне «Масылдық» бабына ілінген азаматтарға тағы бір әкімшілік жаза – барлық әлеуметтік жеңілдік пен жәрдемақыдан айыру шарасы қолданылады. Ал масылдыққа қайтадан жол берген жағдайда 6 айдан 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.
Демек біздің елде де арамтамақтарды жалғанның жарығына шығарып, заң алдында жауапқа тартатын кез жеткен сияқты. Мұндай қатаң шараға бетімен жіберіп, мойындарына масыл қылып алған «еркетотайларына» сөздері өтпей, бармақтарын тістеп жүрген ата-аналар да қарсы болмас. Өйткені «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», деп ұлы Абай бабамыз айтқандай, арамтамақтың аяғы кез келген кісінің ар-ұяттан жұрдай болып азып, адамдық қасиетінен айырылуына әкеліп соғары анық.