Осыған орай Қарулы күштердің барлық әскер түрлерінде, тектерінде және жоғары әскери оқу орындарында еске алуға арналған іс-шаралар өтті. Батырдың атын иеленген Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге алғыс жарияланды. Әскери бөлімдерде мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін «Азат етушілер» сериялындағы «Шабуылдаушылар» деректі фильмі көрсетіліп, ерлік сабақтары өткізілді. Қарулы күштердің мемлекеттік Әскери-тарихи мұражайында аты аңызға айналған шабуылдаушы ұшқыш Талғат Бигелдиновтің өмірі мен қызметіне арналған фотосуреттер мен құжаттарды қамтыған тақырыптық экспозиция ұйымдастырылды.
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 1922 жылы Ақмола облысы, Майбалық ауылында дүниеге келген. Оның балалық, жастық шағы Бішкекте өтті. Көкке деген құштарлығы болашақ ұшқышты Фрунзедегі аэроклубқа еріксіз алып келді. Бір жылдан соң ол осы клубтың нұсқаушы-ұшқышы болып шықты. Саратов облысындағы ұшқыштар даярлайтын Балашов әскери авиациялық мектебін, кейін Орынбор авиациялық училищесін бітірді.
Жауынгерлік жолын қатардағы ұшқыш болып бастаған ол соғысты гвардиялық әуе полкінің эскадрилья командирі ретінде аяқтады. Калинин, Воронеж, Степной, бірінші және екінші Украин майдандарында соғысты. 305 рет әуеге көтеріліп, жауынгерлік тапсырмаларды орындады.
Соғыстан кейін Талғат Жақыпбекұлы Әскери-әуе академиясын бітіріп, Украинадағы шабуылдаушы әуе полкінде қызмет етті. Әскери-әуе күштерінің шабуылдаушыларын даярлайтын Краснодар жоғары мектебінде штаб басқарды. Қазақстандағы азаматтық авиация басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті. Өмірінің соңына дейін мемлекет пен қоғам өміріне белсенді түрде қатысып, соғыс мүгедектеріне қолдау көрсететін халықаралық қорға басшылық жасады.
Талғат Бигелдинов туралы бірқатар кітап жазылған. Атап айтқанда, 1948 жылы Мәскеуде С.Морозовтың «Дважды Герой Советского Союза Т.Я.Бигельдинов», 1950 жылы С.Бақбергеновтің «Талғат», 1965 жылы «Талғат Бигелдинов», 1985 жылы «Отан үшін от кешкен», 1997 жылы А.Сергеевтің «Звездное небо Талгата», 2004 жылы А.Беделбаевтың «Тринадцатый, на взлет», 2008 жылы К.Абеновтің «Великая Отечественная война в моей жизни: 60 лет спустя», 2011 жылы Б.Омарұлының «Жүректiң көзi» кітаптары жарыққа шықты.
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 2014 жылы қарашаның 9 күні 93 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.