Іс-шараға мемлекеттік органдардың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар әкімдіктерінің, сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында өткен Бүкілармиялық кеңесте Қорғаныс министрлігінің алдына міндеттер қойып, жастарды тәрбиелеу ісінде аға буын тәлімін пайдалану қажеттігіне зер салып, 2030 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған болатын.
– Адамгершілік қасиеттер және рухани құндылықтар – біздің жас ұрпаққа қажет дүние. Осыған байланысты жастармен жұмыс істеудің қолданыстағы құралдарын өзгерте отырып, патриоттық тәрбие беру тәсілдерін айтарлықтай түзету қажет, – деген министрдің орынбасары Сұлтан Камалетдинов кеңеске қатысушыларды Қарулы күштердің оң имиджін қалыптастыруға және жастардың әскери борышын орындауға уәждемесін арттыруға бағытталған Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысынан хабардар етті. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бірінші жартыжылдықта мұндай жұмыспен Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында 12 мыңнан астам адам қамтылған.
Министр орынбасары Қостанай, Қызылорда және Ақмола облыстарының басшылығына АТТ жұмысы барысында іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің осы бағыттағы оң тәжірибесін атап өтті.
Кеңесте орта оқу орындарындағы алғашқы әскери-техникалық даярлықтың сапасына, олардың материалдық-техникалық базасының жай-күйіне, алғашқы әскери даярлықпен айналысатын кадрлардың құзыреттілігіне ерекше назар аударылды. Жұмысты жүйелеу және әскери-патриоттық тәрбие субъектілерін құру ұсынылды. Өңірлердің осы бағыттағы тиімді қызметінің бағалау критерийлерінің бірі – жергілікті атқарушы органдардың, ардагерлер ұйымдарының, әскери-техникалық мектептердің, колледждердің, жоғары оқу орындары әскери кафедраларының, әскери бөлімдердің және қоғамдық ұйымдардың жұмысы болуға тиіс.
Әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастыру туралы Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау облыстары әкімдерінің орынбасарлары – Мейрамбек Шермағамбетов, Қанат Құлжанов, Ғалымжан Құсманғали баяндама жасады. «Жастар ассамблеясы» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев өз жұмысының ерекшеліктері туралы айтып берді. Кеңеске қатысушылар 2030 жылға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасының жобасын талқылады. Оның қорытындысы бойынша ведомствоаралық комиссия құру ұсынылды.
Бұл комиссия жастарды патриоттық тәрбиелеу мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді жалғастырады. Алғашқы әскери дайындық қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып, АӘТД оқытушыларына қойылатын біліктілік талаптары нақтыланбақ. Қазақ халқының батырлық тарихын, Екінші дүниежүзілік соғыс пен ұрыс іс-қимылдарына қатысушыларды, әскери кәсіпте, спортта, мәдениетте және басқа да қызметте жетістікке жеткен замандастарын дәріптеу жөніндегі жұмысқа жіті назар аударылады.
Жергілікті атқарушы органдарға ардагерлер ұйымдарын, әскери кафедраларды, әскери-техникалық мектептер мен еріктілерді жұмысқа тарту және олардың әлеуетін пайдалануға ұсыныстар берілді.