2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша KASE сауда тізімдерінде 224 эмитенттің 602 атауындағы мемлекеттік емес бағалы қағаздар бар. Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде жеке тұлғалардың 682 мың жеке шоты тіркелген.
«Жыл басынан бері акциялар нарығының капиталдандырылуы 8%-ға немесе 1,7 трлн теңгеге, жалпы 22,9 трлн теңгеге (50,3 млрд доллар) дейін өсті. Бұл ретте 2023 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша акциялар нарығының капиталдандырылуы 6%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге көбейді. 2023 жылдың екінші тоқсанында эмитенттің бастамасымен KASE ресми тізімінен «Өскемен құс фабрикасы» АҚ-ның қарапайым акциялары алынып тасталды», делінген биржа ақпаратында.
KASE-дегі сауда-саттықтың ең көп көлемі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жай акцияларына тиесілі болды – 98,3 млрд теңге (индекстік акциялармен сауда-саттықтың жалпы көлемінің 79,8%-ы). Ұлттық компанияның акциялары жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 10 097,99 теңгеге жеткен, бұл өткен жылдың желтоқсанда орналастыру бағасынан 20,1%-ға жоғары. Жарты жылды 2,8%-ға төмендеумен жабатын жалғыз индекстік компания «Kegoc» АҚ болды.
KASE-де индекстік себеттің тоғыз өкілінің сегізі жасыл аймақта жабылды. Бұл ретте отандық нарықта әлемдік трендтермен салыстырғанда қаржы секторының акциялары лидерге айналды: «Қазақстан Халық жинақ банкі» АҚ жай акциялары бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша акционерлерге құн өсімінің 29,7 %-ы, сондай-ақ 15,5%-ы мөлшерінде дивидендтік кірістілікті әкелді. Құны 14,8%, сондай-ақ дивидендтік кірістілігі 4,6%-ға өсуімен екінші орында «ҚазТрансОйл» АҚ жай акциялары тұр. Үштікті Kaspi.kz түйіндеді. Оның жай акциялары жарты жылда 12,7%-ға өсіп, 2022 жылдың ақпанның деңгейіне дейін қалпына келген. Компания бір жыл және бірінші тоқсан үшін мықты қаржылық есептерді жариялады, жаһандық депозитарлық қолхаттарды кері сатып алу бағдарламасын жалғастыруда, сондай-ақ АҚШ-та листингке дайындықтың басталғанын жариялады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Kaspi.kz АҚ акцияға 750 теңге көлемінде дивидендтер төлеген.
«Кселл» АҚ және «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникациялық операторларының акциялары тиісінше 10,1% және 8,6%-ға өсіпті. Екі компания 2022 жылды және 2023 жылдың бірінші тоқсанын мықты қаржылық деректермен аяқтады, бірақ дивиденд төлеуден бас тартты. Бұл ретте «Қазақтелеком» АҚ осы жылдың күзінде дивидендтер төлеуді әлі де мақұлдай алады.
Ал батыс қор алаңдары 2023 жылдың бірінші жартыжылдығын талдаушылардың көпшілік болжамдарына қарамастан айтарлықтай өсіммен аяқтады: SP 500 – 16,36%-ға, Nasdaq – 32,74%-ға, Dow Jones 3,84%-ға өсті. Қор нарығының өсу үрдісі бастапқыда IT секторы компанияларының акциялары есебінен қалыптасқан. Бірақ екінші тоқсанда өсу басқа секторларға таралды және жартыжылдық қорытындысы бойынша жасыл аймақта экономиканың 11 секторының жетеуі жабылыпты.
Әдепкі алты ай қорытындысы бойынша KASE-де саудаланатын корпоративтік қарыз көлемі 9,2%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге, жалпы 13,1 трлн теңгеге (28,9 млрд доллар) дейін төмендеді. Бұл ретте корпоративтік қарыз көлемі 2023 жылдың екінші тоқсанында 1,3%-ға немесе 172,2 млрд теңгеге азайған. Корпоративтік облигация шығарылымын жасаған эмитенттер қатарында «МҚҰ ОнлайнКазФинанс» АҚ, «Банк «Bank RBK» АҚ, «KMF» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «R-Finance» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Аркада Индастри» ЖШС, «Finaccord Limited», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «МҚҰ «Express Finance Group» ЖШС, «Форпост» ЖШС, «Магистральный Водовод» ЖШС, «МҚҰ «TAS finance group» ЖШС, «КА «ID Collect» ЖШС ұйымдары бар.
Корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттары бөлінісінде банктердің үлесі – 18,4%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі – 1,4%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі – 37,8%, өзге заңды тұлғалардың үлесі – 37,8% және жеке тұлғалардың үлесі – 4,6%. Корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығындағы бейрезиденттердің үлесі 13,6%-ды құрады.
Сонымен қатар есепті кезеңнің соңында KASE сауда-саттық тізімдерінде бес халықаралық қаржы ұйымының 53 облигациясы шығарылды. Олар – Азия даму банкі (11 шығарылым), Еуразиялық даму банкі (25 шығарылым), Еуропалық қайта құру және даму банкі (14 шығарылым), Халықаралық қаржы корпорациясы (2 шығарылым) және Жеке секторды дамыту жөніндегі ислам корпорациясы (1 шығарылым). Азия даму банкі жылдық 14,10 өтеуге кірістілігі бар және өтеу мерзімі 7,6 жылға дейінгі халықаралық әлеуметтік облигацияларды орналастырып, 13,3 млрд теңге тартса, ICD Eagle Limited жылдық 14,95% мерзімдік төлем мөлшерлемесімен бес жылдық траст сертификаттарын орналастырып, 2 млрд теңге тартты.
Инвесторлардың негізгі санаттары бөлінісінде 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында екінші деңгейлі банктердің бастапқы нарықтағы үлесі 27,9%-ды, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі 6,7%-ды, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі 37,8%-ды, өзге заңды тұлғалардың үлесі 27,1%-ды, жеке тұлғалардың үлесі 0,5%-ды құрады. Бейрезиденттердің үлесі 0,1%-дан кем болды.