Балалар • 09 Тамыз, 2023

600 бала саяхаттан оралды

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Өз өңірімді өркендеткім келеді» шығармашылық байқауының 600 жеңімпазы «Туған елге саяхат» туристік пойызымен 15 мың шақырым жол жүрді. Еліміздің барлық аймағынан жиналған дарынды балалар сая­хаттан көп сабақ алған.

600 бала саяхаттан оралды

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «Туған елге саяхат» жобасы өткен жексенбі күні өз мәресіне жетті. Саяхатқа негізінен аталған компания тобының өндірістік кәсіпорындары қызметкерлерінің балалары қатысты. Еліміздің әр өңірінен жиналған 600 баланың саяхат пойызы үш кезеңнің қорытындысында 15 мың шақырымға жуық жолды жүріп Байқоңыр, Бурабай, Түркістан, Алматы, Алакөл, Астана және Ақтау секілді өңірлерді қамтыған.

Одан кейін қор өкілдері жобаның үшінші кезеңіндегі 200 баламен жүздесті. Өз кезегінде, бұл күні әсерлі сапардан оралған жас саяхатшылар туған елінің барлық әдемі, көркем әрі көрікті жерлерінде болды. Барған қалалары мен кең даланың тарихына бойлап, көп тағылым алды. Оған қоса бір-бірімен достасып, жаңа достар табуға мүмкіндік алды. Балалармен саяхатта бірге болған ұстаздар мен тәлімгерлерден қосымша мол білім алуға жағдай жасалды. Балалар осындай керемет саяхат ұйымдастырып, білімдерін толықтырып, ел мен жер көріп, тарихи орындарды көріп, танымдарын тереңдетуге мүмкіндік бергені үшін қор жетекшілеріне алғыс білдірді.

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан жобаның бас серіктесі – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Әлфиа Әдиева өзінің құттықтау сөзінде қайырымдылық операторының қызметінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балаларды қолдауға ерекше назар аударылатынын айтты.

«Біз жолда да, барлық аялдаған қа­ла­ларымызда да уақытты өте жақсы өткіздік, бәрі керемет! Пойыздағы үйір­мелерде күн сайын жаңа нәрсе біліп, тә­лімгерлермен ойын ойнадық. Оған қоса ағылшын тілін меңгеріп, домбыра тарт­тық. Ал өңірлерде бізді қызықты сая­хат­тар мен ойын-сауықтар күтіп тұрды. Бұл менің өмірімдегі ең жақсы демалыс саяхаты болды!» деген ойымен бөлісті Шымкент қаласынан қатысқан Оразхан Мұратбек.

Туристік пойыздың әр үш кезеңінде 18 маман (педагог, психолог, аниматор, медбике) жұмысқа тартылды. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан қайырымдылықтың бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен және Әлеуметтік жобалар қорының ұйымдастыруымен жүзеге асқан.