Қоғам • 09 Тамыз, 2023

Құмнан төнген қауіп

546 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шыны керек, қазақтың тамыры ауылға байланған. Мол мұнайы бар Атырау облысында мейір қандыратын мөлдір суы мен тақтайдай тегіс жолы, тіпті қи тасу мен күл шығару тауқыметінен құтқарар көгілдір отыны болмаса да, ауылдан көшпей отырған қандас көп.

Құмнан төнген қауіп

Қандастарымыз атақонысынан ірге көтер­ме­ген ауылдардың кейбірі кәдімгі сусы­ған құмнан төнген қауіптен арыла алар емес. Әрине, құм көшкінін таби­ғат­тың тылсым әрі тосын құбылысына бала­ғанмен, оны тоқтату бағытындағы жұмыс­тың нәтижесі әзірге көрін­бей тұр.

Құмды тоқтатудың бір жолы – сек­се­уіл­ егу. Бірақ сексеуіл егумен айналы­са­тын мер­ді­гер­дің немқұрайлығы анық­та­лып отыр. Исатай ауданындағы Забу­рын ауылында – 1 300, Исатай елді меке­нінде 300-ге жуық тұрғын бар. Қауіп төндірген құм көшкінін тоқтату үшін 115 млн теңге бөлініп, ауыл маңына 26 875 сек­сеуіл егілген. Кейбір ауылдарға қа­мыс­тан қоршау тұрғызылған. Алайда сек­сеуіл де, қамыс та ауыл­дар­ға қалқан болмай тұр.

«Біз құмның азабын көреміз деп­ ойлаған жоқ едік. Апта сайын­ трак­­тормен құм күретеміз. Бірақ құм­ әлсін-әлсін борап, қауіп төн­ді­ріп тұр. Кейінгі кезде есік-тере­зе­ні ашу мұңға айналды. Бір кү­­ні­ құм үйімізді басып қалуы мүм­кін. Көңілде осындай қауіп бар»,­ дейді ауыл тұрғыны Фаруза Сұл­тан­әлие­ва.

Исатай ауылының әкімі Аслан Ғұбаш­­тың­ айтуынша, қазір тағы да жоба­­лау-сме­та­лық құжат дайындалып жатыр. Әзір­ге ауыл ішіндегі құм­­­ды көлікке тиеп шыға­ру­дан бас­­қа амал жоқ.

Облыстық табиғи ресурстар жә­не табиғатты пайдалануды реттеу басқар­ма­сы басшысының орын­­­б­а­сары Нұргүл Қалие­ваның мәлі­­­ме­­­тінше, мердігер мекеме кем­ші­лік­ті түзетуге уәде берген. Сол­­ уәде­ орындалмаса, жергілікті би­лік сот­­­қа­ жүгінбек.

Дегенмен былтырдан бері Құр­ман­­ға­зы ауданындағы Үштаған ауы­­лында­ 10 гек­тарға 9 370 дана сек­сеуіл көшеті егіл­ген­. Енді Иса­тай­­­ ауданының Нарын ауы­лы­­ның маңын­дағы 8 гектарға, Қызылқоға ау­да­­­нында орналасқан Сағыз, Қара­бау, Қа­ра­­көл, Жасқайрат, Бүй­рек­ ауылдарын­да­ ­32,45 гектарға сек­се­уіл көшетін егу үшін­ сметалық жо­ба­сы жасақталып жатыр.