Үкімет басшысына теміржол инфрақұрылымының бірқатар нысанын мемлекет меншігіне қайтару барысы туралы баяндалып, оларды бәсекеге қабілетті ортаға беру туралы мәміле сот тарапынан жарамсыз деп танылды. Атап айтқанда, сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету фактілері анықталды. Қылмыстық іс аясында тергеу органдары түпкілікті процессуалдық шешім қабылданғанға дейін ҚТЖ басқармасына бере отырып, активтерге тыйым салды. Мүлік кешенін қорғау қамтамасыз етілді.
Премьер-министр республиканың басқа өңірінде ұқсас нысандар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырып, тиісті кәсіпорындар қызметкерлерінің барлық технологиялық үдерісі мен қызметін сақтаудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар отырыста денсаулық сақтау саласындағы ұйымды республика меншігіне қайтару мәселесі қаралды. Алдын ала мәліметтер бойынша активті басқаруды өз мойнына алған жекеменшік компания ұзақ уақыт бойы өз функцияларын орындамай келген және келісілген инвестициялық бағдарламаның шарттарын бұзған. Талқылау қорытындысы бойынша басқару тиімділігіне тексеру жүргізу үшін ведомствоаралық комиссия құру туралы шешім қабылданды. Оның нәтижелері бойынша шартты бұзудың және активті мемлекет меншігіне қайтарудың дұрыстығы туралы шешім қабылданатын болады.
Айта кетсек, елімізде экономиканы демонополизациялау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі күні өңірлерде халықпен жүздесіп жатқан Мәжіліс депутаттары да осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, бірер күн бұрын депутат Сергей Понаморев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Алматы қаласы маңында Іле-Алатау ұлттық паркі аумағындағы жекеменшікке сатылған 10 мың гектар жердің заңдылығын тексеруге келгенін жариялаған болатын. Оның айтуынша, көрсе көз тоймайтын, тұмса табиғаты айрықша бұл жерлер алдымен жалға берілген, кейін 2015 жылы Бауыржан Байбек әкім болып тұрған уақытта бір адамға сатылып кеткен. Депутат бұл жердің қаншалықты заңды жолмен сатылғаны күмән тудыратынын айтады. Егер бұған бақылау болмаса, ертеңгі күні мұнда құрылыс жұмыстары басталып, табиғатқа нұқсан келуі әбден мүмкін. Біз депутаттардың бастамасы аяқсыз қалмай, соңына дейін жететініне сенеміз.