Сенатор Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған еліміздің дамуының негізгі бағыттарын іске асырудағы Сенат атқарған жұмыстар туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді.
«Халықтың әл-ауқатын сапалы және инклюзивті түрде арттыруда еліміздің болашағы үшін экономикалық саясат пен стратегиялық инвестицияларды қолдау арқылы қоғамның тұрақты дамуына үлес қосу – басты міндет. Өңірлерді дамыту мәселесі қазіргі кезде ерекше маңызға ие болып отыр. Еліміз тұрғындарының 40 пайызы ауылдық жерлерде тұратындықтан, ауыл шаруашылығын дамыту – күн тәртібіндегі ерекше мәселе», деп атап өтті Бауыржан Қаниев.
Депутат сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында Ырғыз ауылында жылыжай салу барысымен танысты.
* * *
Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қалалық мәслихатындағы тұрақты комиссиялардың төрағаларымен кездесті. Ол сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы әдеби-мемориалдық мұражай-үйінде болды.
Кездесуде Алматы қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының төрағаларымен және Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының басшылығымен еркін әңгіме өрбіді. Жүздесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың наурыз айында VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында алға қойған тапсырмалары талқыланған негізгі тақырыптың бірі болды.
Кездесуге қатысушылар сонымен қатар қаржы бөлудегі өзекті мәселелерді және шығарылатын отандық кітаптардың таралымын ұлғайтуды, тарихи қолжазбаларды дұрыс сақтау және мұрағаттауға арналған арнайы жабдықтарды сатып алу жайын талқылады. Қалалық мәслихат депутаттары арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, қаладағы тығыз құрылыс, отандық өнімді өндіру және сату мәселелерін көтерді.
Сенатор кездесу соңында Парламент Сенатының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың табысын арттыруға бағытталған алдағы заң шығару жұмысы туралы айтып берді.