Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, бүгінде магистральдық және орамішілік желілерге жүргізілген гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 304 ақау жойылып, 62 шақырым құбыр мен 95 дана бекіту арматурасының 76-сы ауыстырылды. Сондай-ақ Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 5,4 шақырым жылу магистралі жаңартылып жатыр.
Жалпы, облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, Екібастұздағы апатты жағдайлардың алдын алу үшін екі жобаны іске асыру аса қажет. Бірінші жоба – Екібастұз ЖЭО-на техникалық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін магистральдық құбыр құрылысы. Екіншісі – жаңа жылу магистралінің құрылысы. Бұл қаланың төрт шағын ауданындағы жылу жүйесінің теңгерімділігін қамтамасыз етіп, 9 мыңнан астам қала тұрғынын жылумен қамтамасыз ету параметрлерін айтарлықтай жақсартады.