Таяуда облыстық білім басқармасы арнайы баспасөз турын ұйымдастырып, ата-аналарды, жергілікті қоғамдық ұйымдар мен журналистерді жазғы демалыс лагерьлерін аралап, ондағы балалардың жағдайын біліп қайтуға шақырған. Осылайша, басқарма басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова бастаған топ әйгілі «Сосновый бор» шипажайының іргесіндегі генерал Бәкіров атындағы демалыс орнына, Алтынсарин ауданындағы Бозбек ауылының маңындағы орман ішіне орналасқан «Болашақ» балалар сауықтыру лагері мен Қостанай ауданындағы «Алтынгүл» балалар сауықтыру лагерінде болып қайттық.
«Алтынгүл» лагерінде 7 жастан 15 жасқа дейінгі ерекше балалар демалып жатыр екен. Балақайлар күнделікті психологиялық-педагогикалық түзету және оңалту-дамыту ем-шараларын алып отыр.
– Қазір лагерьде үшінші ауысымдағы 32 бала демалып жатыр. Демалыс орнының аумағы – 7 гектар. Лагер толықтай бейнекамерамен жабдықталған. Бір ауысымда 50 балаға дейін қабылдай аламыз. Әр топта 12 баладан бар. Оларға екі тәрбиеші және олардың көмекшілері қарайды. Балалардың қауіпсіздігін әр ауысымда кезекшілік ету арқылы екі учаскелік маман қамтамасыз етеді. Лагерьдің төртінші ауысымында үйде оқитын балалар келеді деп жоспарлап отырмыз. Балалар аналарымен бірге келіп демалатын болады. Ата-аналар қалаған уақыттарында келіп, балаларының жағдайын біле алады, – дейді демалыс кешенінің директоры Гүлшат Жұмабаева.
Оксана Стасюк екінші жыл қатарынан «Алтынгүл» лагерінде жұмыс істеп келеді. Мамандығы – наубайшы: балалардың күнделікті жейтін ыстық нанын, тәтті тоқашын пісіріп береді. Балғындар күніне алты уақыт тамақтанады. Тағамның дайындалу сапасы мен азық-түліктің дұрыс сақталуын диетолог дәрігер қадағалап отырады. «Барлығын қолдан пісіреміз. Балаларға бәрі ұнайды. Алғыстарын айтып кетеді. Жалпы, бұл салада жүргеніме 10 жылдан асты», дейді О.Стасюк.
Алтынсарин ауданына қарасты Бозбек ауылының маңындағы «Болашақ» балалар сауықтыру лагерінде бір ауысым ішінде Қостанай, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астанадан келген 600-дей бала демалады.
Қазір мұнда облыстық білім басқармасының бағдарламасы аясында балалар лагерьлері арасындағы өңірлік спартакиада өтіп жатыр. Спорттық іс-шараға «Чайка», «Орленок» балалар-сауықтыру лагерлері, генерал Бәкіров атындағы демалыс орны мен «Болашақ» балалар сауықтыру лагерінің кішкентай тұрғындары қатысып жатыр. Балалар спорттың тоғызқұмалақ, футбол, волейбол сынды түрлерінен сайысқа түседі. Аумағы айнала қоршалған лагердің қауіпсіздігі 21 бейнебақылау камерасы арқылы күзетіледі. Бейсауат жүрген бейтаныс адамдардың кіріп кетпеуін күзетшілер мен екі полиция қызметкері қалт жібермей қадағалап отырады. Қазір бұл лагерде бесінші ауысымдағы 480 бала демалып жатыр. Лагер басшысының айтуына қарағанда, мұнда жаз бойы ұзын саны үш мың балаға дейін демалып кетеді. Мәселен, ақтөбелік Жәния Айбат есімді балақай жазғы демалыс лагеріне алғаш рет келіп отыр.
– 5-сыныпта оқимын. Маған бәрі қатты ұнады. Өзіме жаңа достар таптым. Өте көңілді. Түрлі ойын-сауық іс-шарасы ұйымдастырылады. Тамақтары да өте дәмді. Шілде айының аяғында келгенмін. Көзді ашып-жұмғанша, кететін күн де таяп қалды, – дейді Жәния.
Ал Державин қаласының тұрғыны Әдемі Назхан Тобыл өңіріндегі балалар лагеріне осымен үшінші рет келіп отыр. «Жасым – он екіде. Тәрбиешілеріміз бен жетекшілеріміздің бәрі мейірімді, жақсы адамдар. Кешке таман арнайы би кеші болады. Ол жерде де қызықты байқаулар өтеді. Спартакиада аясында волейбол жарысына қатысып жатырмын», дейді екі беті бал-бұл жанған Әдемі.
Сапар соңында қызық-қуанышы көл-көсір жайдары жаздың жарқын күндерін таза ауа, тұмса табиғат аясында өткізіп жатқан балалардың шат күлкісін қимай-қимай қоштастық.