Атбасар ауданындағы Қашқар өзенінің жағасын жайлаған қаншама ауылдың бірнеше жылдан бері көрген күні – осы. Бұл мәселе биыл ғана туындап, бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Қашқар өзенінің үстіне салынған, бұл күнде қияметтің қылкөпірі тәрізді болып тұрған көпір Есенгелді, Новомариновка, Сепе, Сочинское ауылдарына ортақ. Осы елді мекендердің тұрғындары жалғыз көпір арқылы қатынайды. Облыстық маңызға ие Атбасар-Сочинское тасжолын жалғап жатқан көпір қаусағалы – бес-алты жыл. Содан бері төрт ауылдың тұрғындары жыл сайын көктемде асау өзеннен өте алмай, әбігерге түсуде. Адам айтқысыз қиыншылық осы кезде туындайды. Ауыл тұрғындары қарға адым жер ұзап шыға алмайды. Азық-түлігі таусылып, дәрі-дәрмек жеткізудің өзі қиын. Мектеп оқушылары аудан орталығында өтетін білім сайысына қалт-құлт еткен қайықпен қатынайды екен. Олар өзеннен өтіп болғанша ата-аналары жағалауда жанын шүберекке түйіп, иманы қасым болып тұрады. Тіршілікке қажетті бірінші кезектегі тауарларды төтенше жағдай қызметі қайықпен тасып әлек.
Қаржының жоқтығынан емес, ұзын-ырғасы 200 метрге жуық көпірге 600 млн теңге қаражат бөлінген. Қаржы бөлінгелі бірнеше жыл өтсе де, көпірдің бітетін түрі көрінбейді. Аудан әкімдігі жол облыстық маңыздағы болған соң біздің еш қатысымыз жоқ деп ат-тонын ала қашып отыр.
– Тасжол облыстық маңызға ие. Ондағы көпірдің тағдыры да облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына байланысты, – дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Михайл Майер.
Басқарманың берген мәліметіне қарағанда, Атбасар-Сочинское тасжолының 19-ыншы шақырымындағы көпір құрылысы 2021 жылы басталған екен. Алғашқы меже бойынша әлдеқашан аяқталуға тиісті еді. Бастапқы жоба бойынша құрылыс жұмысының құны 600 млн теңге деп есептелсе керек. Бірақ бұл жоба 2018 жылы жасалған. Құрылыс арада үш жыл өткен соң барып басталған. Оған шейін қажетті материалдардың құны күрт қымбаттап кеткен. Мәселен, осы уақыт аралығында металл құрылғыларының құны 107 пайызға дейін өскен. Сәл ғана таратып айтсақ, сол кезде металдың әр тоннасы сол уақытта 212 462 мың теңге болса, қазіргі нарықтағы бағасы – 465 мың теңге шамасында. Демек, жоба түзетілуі керек. Осы арада бір айта кетер базына бар. Егер осы жұмыс уақытында, тыңғылықты атқарылып, жүзеге асырылғанда бюджеттің қыруар қаржысы шығын болмайтын еді.
Басқарма басшысы Владимир Кулаковтың айтуына қарағанда, көпір құрылысын аяқтау 2004 жылға жоспарлануда. Әлі де сараптама жасалады. Жаңа баға белгіленеді.
Бір көпірдің жыры қаншама жыл бойы созылып келеді. «Жаны ашымастың жанында басың ауырмасын» дегендей, тағы да көктем келіп, су тасымай ма? Қашқар өзенінің бойындағы қалың ел өткел іздеп өкпелейтін болды-ау.
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы