Қаржы • 10 Тамыз, 2023

Теңге нығая түсті

124 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шілде айының қорытындысы бойынша теңге бағамы долларға шаққанда 445,89-ға дейін, яғни 1,4%-ға нығайды. Жалпы, бұл ай ұлттық валюта үшін позитивті болды. Нығаю үрдісіне мұнайға белгіленген бағаның өсуі және бейрезиденттер қаражатының мемлекеттік бағалы қағаздарға салынуы әсер етті.

Теңге нығая түсті

Ұлттық банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың мәлімдеуінше, шілденің соңында Қазақстанның мемле­кет­тік бағалы қағаздарына бейрези­дент­тер­дің салымдары жыл басынан бері 178 млрд теңгеге ұлғайып, 559 млрд теңгені құра­ды. Шілде айында ғана ҚР мемлекеттік бо­ры­шына жаңа қаражаттың құйылуы шама­мен 100 млрд теңге болды.

– Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансфертті қамтамасыз ету аясында сату көлемі 591 млн долларды құрады. Тамызда Қаржы министрлігінің болжамдарына сәйкес, сату көлемі 750 млн доллардан 800 млн долларға дейінгі көлемге барды. БЖЗҚ шілдеде 240 млн долларға валюта сатып алды. Осы айда да сол шамада – 200 млн доллардан 250 млн долларға дейін сатып алу күтіледі. Сонымен қатар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз активтерінің валюталық үлесін біртіндеп 15%-ға дейін арттыруды көздейді. Ұлттық банк қордың ақшасын басқарушы ретінде биржада жыл соңына дейін шамамен 140 млрд теңгеге, оның ішінде тамыз айында 50 млн доллардан 100 млн долларға дейін валюта сатып алуды жоспарлап отыр. Квазимемлекеттік компаниялардың валюта сату көлемі шілдеде міндетті сату үлесі 30%-ға дейін төмендегеннен кейін 195 млн долларды құрады. Биыл жыл басынан бері интервенциялар жүргізілген жоқ, деді Ә.Молдабекова.

Оның айтуынша, Ұлттық банк теңгенің айырбас бағамына болжам жасамайды және таргет жүргізбейді. Бұл нарықтағы факторларға байланысты қалыптасады. Айырбастау бағамы инфляциялық таргеттеу режіміне байланысты өзгермелі келеді. Валюта нарығына қатысты Ұлттық банктің басты міндеті – валюта нарығының қиын кезеңдерде де тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

– Алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда шамамен 413 млн долларға ұлғайып, шілде соңында 60,2 млрд долларды құрады. Қаржы нарығына қатысушылар экономиканың орнықтылығына байланыс­ты биыл рецессияның басталмайтынын болжап отыр. Ал жетекші инвестициялық банктердің экономистері құлдырап жатқан инфляция аясында қыркүйек отырысында ФРЖ мөлшерлеменің көтерілуін кідіртеді деп күтеді. Шілдеде инвесторларда оптимизм басымырақ болды және бұл акциялар мен облигациялардың және алтын нарығының өсуіне әсер етті. Сөйтіп, шілдеде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі шамамен 900 млн долларды құрады. Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 284 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында 591 млн доллар көлеміндегі шетел валютасы біркелкі сатылды. Бұл ретте шілдеде Ұлттық қордың шоттарына валюталық түсім 102 млн долларды құрады, деді Ұлттық банк өкілі.