Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Ал Қырғыз елінен біздегі оңтүстік өңірлерге 30 млн доллар шамасында 28,6 мың тонна сүт өнімі жеткізілген екен. Сонымен, былтыр еліміздің ішкі нарығында 1 млн тоннадан аса сүт өнімі сатылып, оның 15,4%-ы жалпы 163,1 мың тоннасы импорттық өнімдер құраған.
Өзімізде өндірілетін сүт өнімдері жеткілікті түрде қамтамасыз етілген десе де еліміз шетелдік сүт өнімдеріне әлі де болса тәуелді. Өйткені біздегі түпкілікті өнім шетелдік шикізаттан жасалынатыны бар. Сүт өнімдерінің ішінде фермерлер мен өңдеушілер бір ғана өнім түріне, яғни отанық өндіріс сұранысты сұйық өңделген сүт пен кілегейге деген қажеттіліктің 94,8%-ын өтеп отыр.
Жалпы қуаттылығы жылына 2,5 млн тонна сүт өңдейтін 172 сүт зауытының іс жүзінде бар болғаны 1,7 млн тоннасы тауарлық сүт жеткізілетіндіктен және сапалы сүт-шикізаты көлемінің жетіспеуінен отандық сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 77%-дан аспай отыр.
Жақында Абай облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы АӨК дамыту жөніндегі кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Талғат Баймұрынов: «Ресейден келетін сүт өнімдерінің 70-тен аса пайызы – контрафакт. Құрамында сүттен хабары жоқ, мұндай өнімге әктен бастап бәрін қосады. Осы уды біз тұтынамыз, мұндай өнімнен кейін қандай ұрпақ туады? Болашағымыз не болады? Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігі баса назарда болуға тиіс. Тәжірибесі бар және өзін дәлелдеген отандық кәсіпорындарды 2-5 млрд теңгеге қаржыландыру керек. Олар бізге екі жылдан кейін-ақ осындай нәтиже береді. Белгіленген мерзімнен кейін олар қарыз ақшаны қайтарып, отандық экономика қуатты өндірушіні алады. Осындай 10-15 жобаны қаржыландыру арқылы елде екі-үш жылдан кейін сүт мәселесі шешіледі. Біз тіпті экспортқа шығамыз. Міне, қандай тәсіл қажет. Қаражатты созбалақтамай, жұлмаламай, кәсіпорын қызметіне араласпай, өлі жобаларсыз нақты көмек беру керек», деген еді.
Халық қалаулысының сөзінің жаны бар. Иә, тікелей ведомства қызметкерлерінің басым бөлігі инерция бойынша жұмыс істеп, тапсырма берілсе, оны тек есеп аясында орындайтыны жасырын емес. Қалай дегенмен, елдегі азық-түлік қауіпсіздігі бірінші кезекте тұруға тиіс.
Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында сүт-тауарлы фермаларды құру жөніндегі қанатқақты жоба сәтті аяқталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, еліміздің барлық өңірінде сүт-тауар фермаларының желісін құруда СҚО тәжірибесіне сай жоба жұмысы қолға алынып, оны жүзеге асыруға биыл 100 млрд теңге бөлінген. Облыс әкімдіктерінің өтінімдеріне қарай, жылына 373 мың тоннаға дейін сүт өндіретін 65 жобаны қаржыландыру жоспарланған. Несиелеу қағидаларының жобасы әзірленіп, мерзімі 10 жылға дейін, несиенің ең жоғары сомасы – 5 млрд теңге, сыйақының мөлшерлемесі 2,5 пайыз болып белгіленді. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін жұмыс істеп тұрған сүт өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуда 20-ға жуық инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Республикалық сүт және құрама мал шаруашылығы палатасының сарапшылары, елімізге сүт өнімдерінің импортын шектейтін уақыт жетті деп есептейді. Өйткені кейбір, әсіресе шекаралас аймақтарда Ресейден әкелінген өнімдер біраздан бері ішкі нарықта басымшылық жасап, жергілікті өндірушілер ұсынған бағадан төмен бағамен сатылымға шығарып отырғандары бар.
«Қазақстандағы сүт өнімдері нарығына импорттық тауарлардың демпингтік бағамен түсуіне байланысты жағдай кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты өңдеушілер сатылған өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мәжбүр, бұл өз кезегінде оларды өңірге байланысты шикі сүтті сатып алу бағасын 20%-30% төмендетуге әкеледі. Қазір ресейлік өндірушілерге шикі сүтті ішкі нарықтағыдан төмен бағамен сатуға дайын екені туралы ұсыныстар түсіп жатыр», дейді Республикалық сүт және құрама мал шаруашылығы палатасының мамандары.
Кейінгі жылдары біздегі өндірілген сүт көлемі 3%-ды құраса, былтыр небәрі 1,2% ғана өскен. 2020-2022 жылдары елімізде бұл өнімнен 6,3 млн тонна өндіріліп, биылғы бірінші жартыжылдықта 3,2 млн тонна өндірілді. Айта кетерлігі, сүт өнімділігінің негізгі бөлігін, яғни 70%-ын жеке шаруашылықтардан алынатын үй сүті құраған. Ірі ауылшаруашылық кәсіпорындарында сүт өнімділігі небәрі 8,9%, әртүрлі шағын және орта шаруа қожалықтарында 21,1% ғана болған.
Сүт одағының директоры Владимир Кожевников: «Мұндай қолдан жасалған сүт өнімдерін өнеркәсіптік өңдеу мәселесінде оның техникалық регламенті талаптарына сәйкес келмеуде. Шикізат тапшылығынан өңдеушілер импорттық құрғақ сүтті сатып алып, одан кез келген сүт өнімдерін жасауға мәжбүр», деп айтқан еді.
Биыл сүтті өңдеудегі ресурстық базаны ұлғайту мақсатында Үкімет жаңа сүт фермаларын ашуға ниет білдірген шаруаларға жеңілдетілген несиеге 100 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасының шарттарында арзан несиені кепілі жеткілікті, негізі бар кәсіпкерлер ғана пайдалана алады деп көрсетілген. Егер бүкіл сома пайдаланылса, онда еліміздің мал шаруашылығының негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі бірден 45%-ға артуы ықтимал. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, ет-сүт бағытындағы шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына салынған күрделі салымдардың жалпы көлемі 223,4 млрд теңгені құрап, бір жылдағы өсім 13,9% болды. Осы жылдың алғашқы бес айында инвестиция көлемі 62,2 млрд теңгені құрап, өсімі 13,2%-ды құрады.
Таяуда Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктер сатып алған 13 түрлі импорттық өндірушілердің 19 атаудан тұратын сүт өнімдерінің сынамасына сараптама жүргізген. Нәтижесінде, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арасында «Оңтүстік сүт зауыты», «Саратов сүт комбинаты», «А-7 Агро-Орынбор сүт комбинаты», «Энгельс сүт комбинаты» және РФ «ВБД» – осы бес кәсіпорында өндірілген сүт өнімдерінің құрамындағы май-қышқылы сәйкессіздігін анықтаған.
Шекарада күшейтілген зертханалық бақылауды жүргізу барысында Ресейдің «Саратов сүт комбинаты» өндірген майлылығы 3,2% құрайтын «Добрая буренка» ультрапастерленген сүттегі май-қышқыл құрамының сәйкессіздігі қайта тексеріліп, аталған кәсіпорынның өнімдерін ел аумағына әкелу уақытша шектетілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ресейден жеткізілген сүт өнімдеріндегі сәйкессіздіктер анықталғаны туралы Ветеринариялық және фитосанитариялық қадағалау жөніндегі федералды қызметті (Россельхознадзор) хабардар еткен болатын.
Бұл ретте Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті орын алған олқылықтарды ескере отырып, жоғарыда анықталған санитарлық-эпидемиологиялық сараптама нәтижесіне, оның ішінде май-қышқылының құрамы белгіленген техникалық регламент талаптарына сай келмеуі және аккредиттелмеген сынақ зертханаларында немесе Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тізіліміне енгізілмеген зерттеулер жүргізу бөлігінде рәсімдерді бұзғаны үшін «Сүт өнімдеріне сәйкестік» туралы қолданыстағы 42 декларацияның күшін жойды.