Үкімет • 10 Тамыз, 2023

Қазақстанда сегіз IT-хаб ашылған, тағы алтауын іске қосу жоспарлануда

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Ақтөбедегі бірінші аймақтық IT-хабта болды. Іс-шараға Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов және жергілікті IT қоғамдастығының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда сегіз IT-хаб ашылған, тағы алтауын іске қосу жоспарлануда

Aqtobe IT-Hub-тың негізгі миссиясы – ІТ-стартаптарды қолдау, цифрлық білім беру және технологиялар трансферті, заманауи технологиялар саласындағы таланттарды іздеу және олардың әлеуетін ашу, жалпы аймақтағы IT саласын дамыту.

Хаб сала қатысушылары үшін біртұтас экожүйеге және венчурлық инвесторлардың, ірі бизнес пен технологиялық стартаптардың қатысуымен салалық форумдар, бизнес-дебаттар, семинарлар, іс-шаралар өтетін алаңға айналады.

Aqtobe IT Hub резиденттері жаңа цифрлық өнімдер мен қызметтерді, оның ішінде қала мен ірі өнеркәсіптік компаниялардың мәселелерін шешуге бағытталған өнімдерді жасаумен айналысады. Жыл ішінде олар кем дегенде 150 инкубациялық бағдарлама мен 75 стартап жобаны іске қосуды көздеп отыр.

Әлихан Смайылов цифрлық технологиялар саласын дамыту үшін ҚР астанасында салықтық преференцияларды қарастыратын және барлық әкімшілік рәсімдерді жеңілдететін халықаралық IT-хаб құрылғанын атап өтті.

«Қазір нәтижелерді көріп отырмыз. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша IT өнімдері мен қызметтері есебінен $300 млн-нан астам экспорт бар. Биыл ол $500 млн құрап отыр. Екі-үш жылдың ішінде $1 млрд долларға жетеді деп күтілуде. Сондықтан бұл тәжірибені тарату маңызды. Біз Қазақстанда, оның ішіне Ақтөбені қосқанда, осындай сегіз орталық аштық. Биылғы жылдың соңына дейін тағы алтауын іске қосу жоспарланып отыр», деді ол.

Үкіметтің ресми сайты

Премьер-министр әрбір қалада қалалық және ауыл жастарының цифрлық технологияларда білім алуға және қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін ІТ-индустрияны дамыту орталығы болуы керектігін баса айтты.

«Олар болашақта экономикамызды цифрландырудың негізі болуы керек. Цифрлық технологияларсыз одан әрі даму мүмкін емес», деді ол.

Сондай-ақ Aqtobe IT-хабында Үкімет басшысы мен өңірдің шығармашыл жастарының кездесуі өтті, оның барысында зияткерлік меншік нарығындағы трендтер, сондай-ақ жастар жобаларын қолдау шаралары талқыланды.

Үкіметтің ресми сайты 

Премьер-министр республикада алдағы 7 жылға арналған Жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданғанын, ал заңдарда «креативті индустрия» ұғымы бекітілгенін және оның құрамына кіретін қызмет түрлері айқындалғанын айта кетті.

«Осы бағыттардың барлығы бойынша дарынды жастарымыздың әр салада қабілеттерін дамытуға көмектесу үшін мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеміз», деді Әлихан Смайылов.