Қоғам • 11 Тамыз, 2023

Ұрлық түбі – түрме

244 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде ұрлық түрлерінің төрттен бірі пәтер тонау болып отыр. Ішкі істер министрлігінің дерегіне мән берсек, жыл басынан бері 1,5 мыңнан астам адам дәл осы қылмыс түріне қатысты ұсталған. Оның ішінде түрлі қалада ұрлық жасайтын 100-ге жуық «көшпелі ұрылар» мен 175 қылмыстық топ әшкереленген. Бұл туралы Криминалды полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әсет Жүкенов мәлімдеді.

Ұрлық түбі – түрме

Жыл басында Алматыда 3 гас­тролер-пәтер ұрысы ұсталған. Үшеуі де Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны екені анықталды. Олар пластикалық терезе арқылы үйге еніп, 5 пәтерді тонап кеткен. Сөйтіп пәтер иелеріне 9 млн теңгеден астам шығын келтіріпті. Қазір ұрылардың барлығы 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Биылғы жаз маусымында да жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Ақмола облысының Щучинск қаласының бұрын сотталған тұрғыны құрықталған. Ол осы қалада тұрғындардың жоқтығын пайдаланып, үш пәтерді тонаған. Залал мөлшері – 3 млн теңге. Осы секілді қылмыстарды зерделеуде пәтер ұрлығын бұрын қылмыс жасаған және жәбірленушілермен татуласу арқылы жауапкершіліктен бас тартуға мүмкіндігі бар адамдар жасайтындығы анықталып отыр.

– Қылмыстық кодекстегі өз­ге­­­рістерге сәйкес, бірнеше рет ұрлық жасау және үй-жайларды тонау қылмыстың ауыр түрлеріне жатады. Өзгенің иелігін қолды еткендердің мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Жергілікті атқарушы органдармен және сауда объектілерінің әкімшіліктерімен бірлесіп ұрланған мүлікті сатып алу және өткізу фактілеріне жол бермеу жөнінде шаралар қабылданып жатыр, – деді Ә.Жүкенов.

Жалпы, кейінгі бес жылда пәтер тонау қылмысы саябырсыған. Яғни ұрлық арқылы байығанды мақұл көретіндер жыл сайын орта есеппен 34,4%-ға сиреп келеді. Ашып айтсақ, 2018 жылы 34 мыңнан астам қылмыс тіркелсе, 2022 жылы бұл заңсыздық 11 мыңнан аспаған. Биыл да 16,1%-ға төмендегені байқалады.

– Бірақ жеке мүлікті ұрлаған адамдар пәтерге кіру дағдылары мен тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыратынын атап өткен жөн. Олар заманауи техниканы, ұялы байланысты пайдаланады, есіктер мен құлыптарды оңай ашатын арнайы құралдарды сатып алады немесе қолдан жасайды. Бұл ретте, негізінен пәтер ұрлығы күндізгі уақытта, атап айтқанда үй иелері жұмыста немесе оқуда болған кезеңде жасалады. Тұрғын үйге кіру үшін ұрылар түрлі әдістерді қолданады. Мысалы, есіктерді сындырады, ашық терезелер, балкондар арқылы кіреді, пластикалық терезелерді ашып алады, құлыптардың кілттерін таңдайды және тағы басқа, – деді аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл.

Осыған байланысты қабыл­да­нып жатқан шараларды жетілдіру мақсатында Ішкі істер министрлігі бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық бастаманы жүйелі іске асырып келеді. Ұрлыққа қарсы іс-шаралар кешенін көздейтін мүлікті қорғау бойынша ІІМ салалық бағдарламалары аясында тұрғын үйлердің аулаларында 68 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл құрылғылардың 22 мыңнан астамы тұрғындардың бастамасымен жабдықталған. Күн сайын пәтер ұрлығын жасау әдісі, тәсілі, уақыты бойынша талдау жүргізіліп отырады. Кейін нәтижелері бойынша полицияның патрульдік жасақтарының қозғалыс бағыттары қарастырылады екен.

– Пәтер ұрыларының құрбаны болмауларыңызға көмектесетін бірнеше кеңеске тоқталғым келе­ді. Егер пәтерлеріңіз бірінші немесе соңғы қабатта, өрт бас­пал­дағының, маңдайшаның немесе суағар құбырларының жанында орналасса, стационарлық торлар орнатқаныңыз жөн. Өйткені ұрылар көбіне терезеден енеді. Есігіңізге кілт айналымы көп құлып орнатуға тырысыңыз. Тұтастай металдан жасалған есікті таңдаған дұрыс. Ақша, қымбат бұйымдарды шкафтар мен матрастардың астына емес, жақсы бекітілген сейфтерге сақтаңыз. Үйіңіздің маңайында бейтаныс, күдікті адамдардың жүргенін, қандай да бір пәтерді торуылдап тұрғанын аңғарсаңыз бірден 102 нөміріне хабарласыңыз, – деді ол.