«Халқымызда «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөз бар. Жастар қашанда үлкен өзгерістердің басында тұрған. Кешегі қиын-қыстау заманда елдік пен ерліктің бастауында болған – жастар. Еркіндіктің ерен рухын паш етіп, азаттықтың шамын жаққан да жастар. Тәуелсіздігімізді тұғырлы еткен де, қалалар мен далаларды көркейткен де – сол жастар. Бүгін міне, елдіктің жолын жалғаған жігерлі жастарымыз егемен елімізді әлемге танытып, мәртебемізді биіктетіп, мерейімізді асыруда.
Өздеріңіз білетіндей, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды. Жастардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайды, сол арқылы жастардың саны 3,7 млн-нан 6 млн адамға дейін артты.
Бұдан басқа, 2029 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты туралы тұжырымдама қабылданды. Онда жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, заманауи құндылықтар мен патриоттық тәрбие, салауатты өмір салты, NEEТ санатындағы жастар үлесін төмендету, сондай-ақ ауыл жастарын қолдау мәселелері қарастырылған.
Халықаралық жастар күні қарсаңында «Жастармен бірге» атты апталық басталғанын бұған дейін хабарлаған едік. 7-12 тамыз аралығында еліміздің бүкіл алаңдарында қайырымдылық, волонтерлік және экологиялық акциялар, бос орындар жәрмеңкесі, фестивальдар, семинарлар, концерттер және т. б. түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жастарды қолдауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді», деп жазды министр.