Жуырда Ақтөбе облысына іссапармен барған Премьер-министр Әлихан Смайыловқа өңірдегі ақпараттық технологиялар мен инновацияларды дамытуда маңызды рөл атқаратын өңірлік Aqtobe IT Hub таныстырылды. Үкімет басшысы айтқандай, әрбір қалада қалалық және ауыл жастарының цифрлық технологияларда білім алуға және қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін ІТ-индустрияны дамыту орталығы болуы керек. Өйткені бұлар болашақта экономикамызды цифрландырудың негізі болуға тиіс. Цифрлық технологияларсыз одан әрі даму мүмкін емес.
Премьер-министр цифрлық технологиялар саласын дамыту үшін ел астанасында салықтық жеңілдіктерді қарастыратын және әкімшілік рәсімдердің барлығын жеңілдететін халықаралық IT-хаб құрылғанын атап өтті. «Қазір нәтижесін көріп отырмыз. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша IT өнімдері мен қызметтері есебінен экспорт 300 млн доллардан аса соманы құрады. Биыл бұл сома 500 млн долларды құрап отыр. Екі-үш жылдың ішінде 1 млрд долларға жетеді деп күтілуде. Сондықтан бұл тәжірибені тарату маңызды», деді ол.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, өңірлердің жұмыс тәжірибесі қазірден оң нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, хабтарда идеялары мен стартаптары бар жас және талантты кәсіпкерлер ерте кезеңде тәрбиеленеді. Олар оқудан кейін Astana Hub-тың өзінде одан әрі өсуге, масштабтауға және акселерациядан өтуге, сондай-ақ шетелдегі әріптестік бизнес-бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік алады.
Өңірлік хабтар инновациялық жобаларды дамытумен, IT-саласы кадрларын даярлаумен және оқытумен айналысады. Сондай-ақ қызығушылық білдірген жандар бас қосатын стартаптардың, инвесторлардың, менторлардың жергілікті IT-қауымдастығын құрайды. Инкубациялық кезеңде стартап-жобаларды әзірлеу кезінде кәсіпкерлікке оқыту, инвестициялар тартуға көмектесу, қаржылық есеп жүргізу және PR-қолдау жүзеге асырылады.
– Өңірлік IT-хабтарды дамыту – Astana Hub-тың басты міндеттерінің бірі. Біз биыл ел бойынша 14 өңірлік IT-хаб ашуды мақсат етіп отырмыз. Бүгінгі таңда Aqtobe IT Hub-тан бөлек 8 өңірлік хаб табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Abai IT Valley, Kyzylorda Hub, Digital Jetisu, Zhambyl Hub, Oskemen IT Hub, Jaiq Hub, Turkistan IT Hub және Qostanai IT Hub бар, – дейді Astana Hub-тың басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.