Қоғам • 14 Тамыз, 2023

Баспаналы ететін бағдарлама

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аймаққа облыстың құрылуымен бірге келген игі іс­тердің бірі – жастарды тұрғын үймен қамта­ма­сыз етуге бағытталған жеңілдікпен несие беретін «Ulytau­Zhas­tary» бағдарламасы. Облыс әкімдігі мен «Отба­сы банкі» акционерлік қоғамы бірлесіп қолға алған жо­баның жемісін көріп жатқан жастар қазірдің өзін­де жеткілікті.

Баспаналы ететін бағдарлама

 

Өйткені биыл маусым айында бағдарлама аясында жеңіл­дік­пен несие алу мүмкіндігін иеленген жастардың бір тобына сертификаттар салтанатты түрде тапсырылған еді. Сол сал­танатта облыс әкімі Б.Әбдіғалиұлы жас­тар тара­пы­нан аса зор қызығушылық байқалғанына байланысты бағ­дар­ла­ма­ның жалғасатынын және оған қатысушылардың  ая­сының ке­ңейтіле түсетінін мәлімдеген еді.

Шынында да, бағдарламаның алғашқы кезеңінде  350-ден аса өтініш түскен екен. Түскен өтініштер талапқа сәйкес іріктелетіні айтпаса да түсінікті. Алғашқы несие иеленген жастардың арасында 55-і – білім, 13-і денсаулық саласының жас  мамандары болып шықты. Облысқа ауадай қажетті мамандық иелерінің баспанаға қол жеткізуі тек олардың өздері үшін ғана қуаныш емес екені де түсінікті.

Шілде айынан бері облыста бағдарламаны жүзеге асыру үшін қосымша құжаттар қабылдау жүріп жатыр. Бұл жолы облыс әкімінің ұсынысы бойынша коммуналдық кәсіпорындар жұмыскерлері де, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік қызмет салаларының өкілдері де аталған бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Тек барлығы талапқа сай болу керек. Ал  талаптар қандай? Ең бастысы, жеңілдікті несие алуға ниет білдіргендердің жасы өтініш берген сәтінде 35-тен аспауы шарт. Ұлытау облысында кемі бір жыл тұрақты тұрған және  кейінгі 5 жыл мерзім ішінде өзінің де, отбасы мүшелерінің де ел территориясында тұрғын үйінің болмауы сондай-ақ  тиісті саладағы кемі бір жыл көлеміндегі зейнетақы төлемі үздіксіз төленіп тұрған тұрақты жұмыс атқаруы және т.б.  талаптар.

Бұл бағдарлама «Ұлытау облысының әлеуметтік-эко­но­ми­калық дамуының Кешенді жоспарына» сәйкес 2022-2026 жылдар аралығын қамтиды.Бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен – 500 млн, банк тарапынан 250 млн теңге қарастырылған.«UlytauZhastary» бағдарламасының несиесі 5 пайыздық мөлшерлемемен 20 жыл мерзімге беріледі. Несие алушы алғашқы 10 пайыздық жарнасын төлеуі қажет.

Жаңаарқа ауданындағы Оразалы Жұмабеков  атын­дағы тірек мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Аян Бүлкенов – осы бағдарлама арқылы баспаналы болған жастардың бірі.

– Өте керекті бағдарлама, жастарды қолдаудың нақты көрінісі деп білемін. Қойылатын талаптары – жеңіл, жинақ­тай­тын құжаттары да көп емес. Бағдарлама арқылы бау-бақша өсіруге аса қолайлы, ауласы кең 4 бөлмелі пәтерге ие болдым. Қуаныштымын, – дейді ол.

Жеңілдігі бар несие арқылы баспанаға қол жеткізіп, қуа­ныш­қа кенелетін жастар қатары молая түссін!

 

Ұлытау облысы