Jusan сарапшыларының айтуынша, инвестицияның бес артықшылығы бар. Әдепкісі – мүмкіндіктің көптігі. Бағалы қағаздар нарығында активтер түрі көп. Олардың қатарына акция, облигация, ETF, ИПҚ және тағы басқалары кіреді. Бұлар инвесторға өзіне қолайлы инвестициялық өнімді таңдауға мүмкіндік береді. Бағалы қағаздарды таңдау мүмкіндігі көп болған сайын капиталды ықтимал шығындардан қорғауға және қауіп-қатер деңгейін төмендетуге көмектеседі.
Екіншіден, капиталды тез көбейту мүмкіндігі бар. Инвестициялау капиталды көбейтіп, қосымша табыс алуға жол ашады. Егер сіз дұрыс қаржы құралдарын таңдасаңыз, уақыт өте келе инвестицияларыңыз өсіп отырады. Әдетте, қысқамерзімді инвестицияға қарағанда ұзақмерзімді инвестиция көбірек табыс әкеледі.
Үшіншіден, инвестициялық салымдар сізді инфляциядан қорғайды. Инфляция уақыт өте келе ақшаны құнсыздандырады. Инвестиция капиталыңызды инфляциядан қорғап, болашақта оның сатып алу қабілетін сақтауға көмектеседі. Сандық түбінде сақталған ақша мен акцияларға құйылған ақша арасында жер мен көктей айырмашылық бар.
Төртіншіден, ақшадан тарықпайсыз. Яғни дұрыс инвестиция салсаңыз, зейнет жасына немесе дағдарыс кезінде қауіпсіздік жастықшасына ие бола аласыз. Бір күнде жұмысыңыздан айырылып қалсаңыз, инвестициядан түскен табыс сізге асықпай жұмыс іздеп, қай жерде бос жұмыс орны бар деп емес, жаныңызға жайлы жұмыс табуға мүмкіндік береді. Портфеліңіз плюсте болса, қарыз бен несиеге тәуелсіз өмір сүруге болады.
Бесінші артықшылық – білім жию. Бағалы қағаздарға инвестициялау арқылы адамның дүниетанымы кеңейіп, қаржы әлемі мен экономика қалай жұмыс істейтінін түсіне бастайды. Қазіргі уақытта инвестициялау өнерін тегін үйренуге болатын платформалар жеткілікті. Әрине, соның ішінде ресми ресурстар таратқан ақпараттармен танысу сізге көп артықшылық сыйлайды.