Біртуар ақын, тарихшы, этнографтың туған жері Баянауыл ауданында 100-ден астам киіз үй тігілді. Киіз үйден тұрғызылған этноауыл Ескелді шатқалында орналасты.
Халықтық мерекелер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының рухына құран бағышталғаннан кейін басталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға қатысқан Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов салтанатты іс-шараның ашылу рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Халықты өнер-білімге шақырған өлеңдер мен толғаулар, дастандар мен қиссалар жазып, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтті. Ұлы ойшылдың мол мұрасы әлі де талай ұрпақтың қажетіне жарары сөзсіз. «Салған мені бейнетке ғылым-білім» деп ақынның өзі жырлағандай, терең таным мен телегей білімнің арқасында елге танымал болып, «Мәшһүр» атанған абызды ұлықтап, еңбектерін жұрттың жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз», делінген Президент құттықтауында.
Алқалы жиында Ерлан Қошанов Ертіс-Баянауыл өлкесі ұлтымыздың тағдыры мен тарихына өшпес із қалдырған ұлы перзенттерді дүниеге әкелген киелі топырақ екенін атап өтті. Солардың бірі де бірегейі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Мәжіліс төрағасы ақын өлеңдері мен көсемсөзі қазақ руханиятының алтын қорынан ойып тұрып орын алатынын айтты.
– Ол кезде заман қандай болғанын білеміз. Сол аласапыран уақыттың өзінде қаншама шежірені, дастан-қиссаларды, ертегілерді, айтыс үлгілерін көзінің майын тамызып отырып жинағаны ерлікке пара-пар, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Сөз соңында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімі мен мол мұрасы халқымызбен бірге мәңгі жасай беретінін ерекше жеткізді.
Облыс әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысының құттықтау хат жолдауы тұрғындар үшін мерейтойдың маңыздылығын айшықтай түскенін айтты.
– Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылық мұрасы қазақ әдебиеті мен қоғамында лайықты орын алады. Бүгінде Мәшһүр атамыздың құрметіне салынған Павлодар қаласының бас мешіті – мұсылман халқының киелі шаңырағына айналды. Ал 2006 жылы бой көтерген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізілген. Оған жыл сайын мыңдаған адам зиярат етуге және баба рухына құран бағыштауға келеді. Бабамыздың асыл мұрасы молая берсін, – деді аймақ басшысы.
Аталған жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мерейтойдың елдік маңызына тоқтала келе, былай деді:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі», – деп атап көрсетіп, «адал азамат» тұжырымдамасын алға тартқаны белгілі. Сонау ілкі ғасырлардан бастау алған «кемал адам» ілімі мен «толық адам» ұстынынан тамыр тартып, ұлттың болмысын қалыптастыратын осы ұлттық қасиеттердің асыл арқауын жалғаған бірегей абыздарымыздың бірі Мәшекең деп санаймыз.
Мерейтой шарасында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та сөз алып, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еліміз бен руханиятымызды дамыту жолындағы тарихи рөлін атап өтті.
– Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақ мәдениетіне үлкен үлес қосып, ұлттық құндылықтарымызды нығайту үшін еңбек етті. Мұндай адамдар, сөзсіз, бүкіл қазақ халқының мақтанышы. Сондықтан біздің министрлік асылдарымыздан қалған мол мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу бағытында жұмысын одан әрі жалғастырады, – деді ол.
Баянауылда «Мәшһүр жол» аудио кітабы, «Таңдамалы шығармалар жинағы» 10 томдығының тұсауы кесілді. Оқырманның есіне сала кетейік. Мәшекеңнің басындағы кесене үш мәрте тұрғызылған. Соңғысын мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің жобасы негізінде сол кездегі Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын тұрғызуға себепші болды. Осы оқу орнының профессоры, марқұм Қуандық Мәшһүр Жүсіптің бастамасымен 20 томдық шығармалар жинағы шыққан еді.
Мереке аясында республикалық «Көне ғасыр күмбірі» атты жыршы-термешілер байқауы, республикалық айтыс, ұлттық спорт түрлерінен «Көкпар», «Бәйге» жарыстары, қолөнершілердің мерекелік саудасы, т.б. ұйымдастырылды. Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері мен облыс қалалары мен аудандарының шығармашылық ұжымдары көрермендерді өз өнерлерімен қуантты. Мерекеге барлығы 20 мыңнан астам адам жиналды.
Тарқата айтар болсақ, екі кезеңнен тұратын жыр додасы екі күн қатарынан өтті. Ескелді ауылында өткен республикалық «Көне ғасыр күмбірі» атты жыршы-термешілер байқауына Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Түркістан, Астана, Қызылорда облыстарының 10 өнерпазы қатысты. Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды және ақшалай 200 мың теңгелік сертификатты Успен ауданынан Ербақ Құрметжан, Павлодар облысынан Бөкен Жігер, Қостанай облысынан келген Әбдірахман Алпысов жеңіп алды. Екінші орын мен 300 мың теңгелік сертификат Павлодар қаласынан келген Абылайхан Бектасов пен Астана қаласынан келген Күнсұлу Түрікпенге бұйырды. Бас жүлде – 700 мың теңгелік ақшалай сыйлықты Түркістан облысының намысын қорғаған Еділ Жораев иеленді.
Сонымен қатар республикалық айтыста үшінші орын мен 500 мың теңгелік сертификатты Рауан Қайдар және Мәрес Байрон, екінші орын мен 700 мың теңгелік сыйақыны қызылордалық Нұрмат Мансұров еншіледі. Бірінші орын мен 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты қарағандылық Дидар Қамиев алды.
Бас жүлдеге екі айтыскер лайықты деген шешім қабылданды. Олар – Баянауылдың айтыскері Аспанбек Шұғатаев пен түркістандық Бекарыс Шойбек.
Суырып салма ақындардың айтысы екі күнге созылды. Ал айтыскерлердің әділ бағасын беріп, қазылық еткен – Мәжіліс депутаттары Жарқынбек Амантай, Жанарбек Әшімхан, белгілі ақындар Ғалым Жайлыбай, Жұмкен Сейітов, Асығат Тұрғанбек.
Ескелді шатқалында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына орай ұлттық спорттық ойындардан да жарыстар ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар республикалық деңгейде өтті. Спорттық ойындардың жүлде қоры 13 миллионнан астам теңгені және екі автокөлікті құрады. Көкпар ойындарында үздік үштікке Баянауыл ауданының құрамасы ілініп, 2 миллион теңгелік сертификатты ұтып алды. Ал екінші орынды Май ауданының көкпаршылары алды. Оларға 3 миллион теңге берілді. Бірінші орынды Екібастұз қаласының спортшылары алып, 5 миллион теңгенің иегерлері атанды.
Қазақ күресі ойындары назардан таса қалмады. Республикадан жиналған балуандар күш сынасып, өзара кіл мықтыны анықтады. Күрес 80+ салмақ дәрежесінде өтті. Үшінші орынды және 300 мың теңгені астаналық балуан Айбат Сейтен алса, екінші орынды және 500 мың теңгені оның жерлесі Олжас Шынкеев ұтып алды. Бірінші орынды жерлесіміз, Қазақстан барысы байқауының қола жүлдегері Мұхтар Дәлелхан қанжығасына байлады.
Бәйгеде 50-ге жуық шабандоз бақ сынады. Ұлттық спорттың бұл түрі екі бөлім бойынша өтті. Аламан бәйгеде үшінші орынды Әмір есімді жерлесіміз ұтып алып, 500 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Екінші орынды және 1 миллион теңгені алматылық Абзал атты шабандоз иеленді. Ал жүзден жүйрік шығып, автокөлік иеленген шабандоз астаналық Асланбек есімді шабандоз.
Асланбек 20 шақырымдық бәйгеде де үшінші орын алып, 500 мың теңге еншіледі. Осы қашықтықтағы бәйгеде екінші орын мен миллион теңгені алматылық Абзал есімді шабандоз алса, бірінші орынды Семей қаласынан келген шабандоз Дарын иеленіп, оған автокөлік бұйырды.
Ақын, ойшыл, фольклор жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ағартушылық қызметпен белсенді айналысты. Араб және парсы тілдерін жетік біліп, халық мұрасын жинақтап, ұрпағына қолжазба түрінде аманаттап кетті.