Оқиға • 14 Тамыз, 2023

Ұлытауда «Қазақмыс» кеншілері жұмысын тоқтатып, ереуілге шықты

363 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытау облысында «Қазақмыс» корпорациясының кеншілері еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп отыр. Компаниялар тобының өкілдері тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлытауда «Қазақмыс» кеншілері жұмысын тоқтатып, ереуілге шықты
Бүгін Ұлытау облысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің 100-ге жуық кеншісі еңбек жағдайын жақсарту, құрал-жабдықтарды жаңарту, сыйақы төлеу және медициналық сақтандыру шарттарын қайта қарауды талап етіп, ереуілге шыққаны туралы ақпарат тарады. Кеншілер тарапы 15 талап қойғаны белгілі болды.

Корпорация өкілдері ақпаратты растап, оқиғаның анық-қанығы жайлы ресми дерек ұсынды.

Айта кетсек, шахтадағы жұмыс уақытша тоқтатылған.

«2023 жылдың 14 тамызында түнгі ауысымға түскен Сәтбаев өндірістік алаңының №65 шахтасының кеншілері мен мердігерлік ұйымдарының қызметкерлері жұмыстың тоқтатылғанын хабарлады. Оқиға орнына «Қазақмыс» басшылығы, прокуратура, жергілікті атқарушы билік өкілдері аттанды. Қазіргі уақытта корпорация басшылығы туындаған мәселелерді шешу үшін шахтерлердің бастамашыл тобымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Аймақтық жедел штаб құрылды», делінген хабарламада.