Қоғам • 14 Тамыз, 2023

Қыздар төбелесі: сот үкімі күшіне енді

878 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шығысты ғана емес, күллі қазақ елін дүрліктірген қыздардың төбелесіне қатысты сот үкімі күшіне енді.

Қыздар төбелесі: сот үкімі күшіне енді

Естеріңізге сала кетейік, Өскемендегі ADK сауда үйінің әжетханасында өз құрдастарын аяусыз соққыға жыққан қыздардың бейнеролигі қоғамдық резонанс тудырған. Алайда, тергеуге алынғандардың үшеуіне ғана айып тағылды. Оның екеуін үш жылға бас бостандықтарынан айырса, үшінші қызға бір жыл бас бостандығын шектеу жазасы кесілген.

Үкім шықты. Өрімдей қазақ қыздарының сотты болып жатуы қандай ауыр еді?! Десек те, қолмен істегенді мойынмен көтеру деген бар. Заң ортақ. Жәбір көрген қызға да оңай соқпағаны анық. Оның үстіне, оқып жатқан оқу орнының басшылығы «құжаттарыңды жинап алып, ауылыңа бар» деп, қуып жатқан да көрінеді.

«1 қыркүйекте Анель Досымова оқуын жалғастырады. Құлшынысы жақсы. Алайда, колледждің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі «құжаттарыңды жинап алып, өз ауылыңа бар. Бізге проблема керек емес» депті. Оқу орын басшылығының осы сөзіне уайымдаймын. Қорғауымдағы қыз бұл колледжде әлі бір жыл, он ай оқуы керек. Осы уақыт ішінде қысым болмаса екен. Төртінші билік – БАҚ өкілдері, сіздер де назарларыңызда ұстасаңыздар», деген адвокат Саида Сүлейменова тағы бір мәселенің ұшын шығарғандай болды.

Сот отырысы өте сала ШҚО бойынша қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясының төрағасы Әділ Бакинмен тілдестік. Айтуынша, 5 шілде күні Шығыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған Ақпановаға, Төлеухановаға және Омароваға қатысты сот үкімі шыққан.

«Қыздарға қатысты қылмыстық істі ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармағы бойынша жүргізген болатын. Нәтижесінде күдікті деп танылған 2 қызға үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы, ал үшінші қызға бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Бірақ сотты болған тарап сот үкіміне қатысты шағымданды. Бүгін, 14 тамызда сот коллегиясы істі қайта қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ақпановаға және Төлеухановаға минималды жаза кесілді. Ал Омароваға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды»,  деді ШҚО бойынша қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясының төрағасы Әділ Бакин.

Сондай-ақ сот хабарламасында жәбірленушінің пайдасына 9 000 000 теңге сомасында моральдық зиянды өтеу өндірілуі тиіс екен. Десе де, жәбірленуші қыздың адвокаты Саида Сүлейменованың айтуынша, заң талаптары толық орындалмаған көрінеді.

«Тергеу кезінде бұзақылыққа басқа да оқу орын студенттерінің қатысы бары белгілі болған. Оның ішінде кәмелеттік жасқа толған ұлдар да бар екен. Алайда, олар куәгер ретінде ғана шақырылып, үш-ақ қыз жауапқа тартылды. Біз бірінші сот отырысында жеке қаулы шығаруды сұрадық. Себебі, сотталғандардың бірі жәбірленушінің ұялы телефон алып, бір күннен кейін қайтарған. Оның өзінде қолына емес, өзі оқыған колледж қызметкеріне берген. Бұл факт бопсалауды растайды. Содан кейін тергеу барысында ақша ұрланғаны белгілі болды. Менің ойымша тергеу жалғасын тапса, бұл мәселе әлі де зерттелетін шығар. Жауапсыз сұрақтар көп. Мәселен, бейнежазбаны таратқан адам кәмелетке толмағандықтан, іс тоқтатылды. Енді біріне шартты түрде жаза кесілді, бірақ оқуын жалғастыра бермек. Біз оны оқудан шығаруды сұрадық. Ал қалғаны бостандықта. Айта берсек, «сахна артында» қалған сәттер аз емес», дейді қорғаушы Саида Сүлейменова.

Сонымен қатар оқушылар арасында шулы оқиға болып жатқанда Білім басқармасының да қол қусырып отырғанын тілге тиек етті.

«Облыстық білім басқармасының басшысы И.Чернышева жәбірленуші қызға ешқандай психологиялық көмек көрсетпеген. Сабақтан алып кетуді, жеткізуді  қамтамасыз етпеген. Бірақ БАҚ өкілдеріне көмек көрсеттік деп сұхбат берген. Ескерте кетер жағдай, тергеу кезінде осы сотталушы тарап бұрындары басқа да қыздарға қоқан-лоқы көрсеткені белгілі болды. Егер солардан жапа шеккен қыздар болса, қорықпай айтуларына болады. Сот үкімі заңдық күшіне енді. Сондықтан да қорықпаңыздар, батыл айтыңыздар», деп қосты адвокат Саида Сүлейменова.

Резонанс тудырған оқиғаға байланысты сұрақ көп. Алайда, сот үкімі шыққан соң да БАҚ өкілдері арасында ешқандай баспасөз мәслихаты өткен жоқ. Ұйымдастырылған жағдайда құқық қорғаушы тарапқа сұрақтың қарша борайтыны белгілі. Мысалы, жәбірленуші қызды зорлау әрекеті де ұйымдастырмақ болыпты. Әрине, қыз кәмелеттік жасқа толмағандығын ескерсек, аса ауыр қылмысқа жатар еді. Ол туралы қыздың анасы айтып берді.

«Сот отырысында менің қызымды зорламақ болғаны белгілі болды. Яғни, ұйымдастырушылар алдын ала пәтер жалдап, ішіне бейне камера орнатқан. Содан кейін менің қызымды сонда шақырып, кәмелеттік жастағы ұл балаларға зорлау әрекетін жасатпақ болыпты. Осы жағынан да іс қозғалуы керек», дейді жәбірленуші қыздың анасы Альмира Досымова.     

Пікір білдірген қыздың анасы қиын сәттерде жұбату айтып, байланыста болған халыққа ризашылығын білдірді. Қолдау көрсеткен қоғамдық қорға, қорғауына алған адвокатқа аналық алғысын жаудырды.

 

Шығыс Қазақстан облысы