Осыған дейін мұражайдағылар Абай күніне бір күндік шаралар ұйымдастырып келген. Биыл жаңа және тың бастаманы қолға алды. «Түспен түрленген сөз» атты арт-зертхананың ұйымдастырушылары 22 тамызға дейін өңірдегі талап білдірген таланты бар суретшілердің картиналарын қабылдайды. Қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін қорытынды көрме өтеді.
– Кәсіби суретші болудың қажеті жоқ. Әуесқой суретшілер де қатыса алады. Бұл байқау емес. Біздің мұндағы мақсатымыз – Абай мұрасын насихаттау. Біз өзіміздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға нәтижесін жариялаймыз, – дейді мұражай басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.
Абай күнінде бастау алған жобаның алғашқы көрмесіне теміртаулық суретші Андрей Осипенконың «Абай – ақын», «Абай – Данышпан» және «Абай – тұлға» триптихтері қойылды. Картиналар Абай Құнанбайұлының өмірі, шығармашылығы, философиясы туралы баяндай-
ды.
Сондай-ақ қарағандылық қылқалам шеберлері Төлеуғали Кеңесбаев пен Исатай Исабаевтың графикалық жұмыстары, Әбдімәлік Бұхарбаевтың «Абай» репродукциясы көрермен назарына ұсынылды.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Қарағанды облысы