Аймақтар • 15 Тамыз, 2023

Бар жақсылық – балаларға

424 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау облысында балалар лагері көп емес. Соның бірі «Жас өркен» лагері Индер ауданының Елтай ауылында орналасқан.

Бар жақсылық –  балаларға

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

 

Лагерь меңгерушісі Бекзада Жаңғылы­шеваның айтуынша, балалардың жазғы демалыс орны 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір мұнда балалардың демалысын ұйымдастыру үшін барлық жағдай қарастырылған. Он күн демалуға келген балалар таңертеңгі сағат 7.00-де оянады. Таңғы асқа дейін жаттығу жасайды. Содан кейін топ-топқа бөлініп, үйірмелерге барады. «Ұлдар бөлек, қыздар бөлек жатады. Бір бөлмеде 20 баладан. Олардың бөлмесінде бір тәрбиеші қонады. Әжетхана сыртта орналасқандықтан, түнде балаларды далаға шығаруға тура келеді», дейді ол.

Еркін елдің ерке ұландарының демалысын сәтті өткізуіне ықпал ету мақсатында 10 түрлі үйірме ашылған. Әсіресе спорттық үйірмелерге қатысуға ынта танытқан балалардың қатары көп. Мәселен, үстел теннисі мен шахмат-дойбы үйірмесінің әрқайсысына 10 баладан қатысып жатыр. Ал 30 бала самайдан аққан терін сұқ саусағымен сілкіп тастап, волейбол ойнап жүр. Спорттық ойындар үйірмесіне 28 өрен жазылыпты. Бәрі де үйірмеге баратын уақытты асыға күтеді.

Бұдан бөлек, болашағын өнермен байланыстыруды қалаған балалар үшін бірнеше үйірме жұмыс істейді. Ән салудың қыр-сырына қаныққысы келген 20 баланың вокал мен дәстүрлі ән үйірмесінен үйренері көп. Табиғаттың сұлу көрінісін, өзге құбылыстарды қалт жібермей, қылқаламына арқау етуді көздеген 12 бала сурет үйірмесіне қатысып жүр. Мұнда кітапқұмар 12 өрен бар. Олар қосымша білімді кітаптан іздеп, көркем шығармаларға арқау болған оқиғаларды жадына түюге бекінген.

Мәселен, ағайынды Баян мен Ақжүрек Өтемістердің қалауы өзгеше. Бала болса да, байсалдылықты бойына сіңірген Баян ән айтуға, Ақжүрек көркемсөз оқуға машықтана бастапты. Енді 5-сыныпқа баратын Ақжүрек өзі білім алатын мектепке аты берілген заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармаларын, елінің азаттығын аңсаған Махамбет бабасының өлеңдерін мәнерлеп оқығанды ұнатады. Оны көркемсөз оқуға Атыраудағы Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының 9-сыныбында оқитын ағасы Айбын баулиды екен.

«Биыл лагерьге алғаш рет келдім. Көп достар таптым. Қызықты сәттер өте көп», дейді Шұғыла Нысаналықызы.

Лагерь тәрбиешілерінің арасында жігіттер де бар. Жігіттер дегенімізбен, олар – мектептің мұғалімдері. Мәселен, Ерасыл Сайфолла М.Сиранов атындағы алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс береді. Ал Қайырбек Кенжәлиев Ш.Уәлиханов атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің, Алмат Мәмбетқалиев информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Қазір лагерьге келген балаларға тәрбиеші болып жүр. «Баланың аты – бала. Үйінен алысқа ұзап шықпаған соң ата-анасын сағынып, жылап жүретіндері бар. Сондай кезде жылаған балақайды құшақтаймыз, бауырымызға басамыз. Бетінен сүйеміз, ұлға әкесіндей, қызбен анасындай сөйлесіп, жұбатуға тырысамыз», дейді Алмат Мәмбетқалиев.

«Жас өркен» лагерінің ауласы балалар­дың күлкісінен бір тынбайды. Бірақ арасында ата-анасын сағынып, көз жасына ерік беретіндер бар. Мұның сырын лагерь медбикесі Арай Дүйсенова былайша түсіндірді. «Мұнда күніне бес мезгіл берілетін тамақтың сапасы мұқият тексеріледі. Балалар арасында тамақтан ұшыну дерегі тіркелген жоқ. Бірақ «Ішім, басым ауырды» дейтін балалар кездесті. Бұл – құсалықтан болатын ауру. Балалар үйін, бауырларын, ата-анасын сағынғандықтан, құсалыққа салынады», дейді ол.

Индер аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Шәрбану Сабырованың айтуына қарағанда, алдағы уақытта лагерьді жыл бойы жұмыс істейтін тәсілге көшіру жоспарланған. Соған байланысты лагерь аумағында көпбейінді спорт алаңдарын салу, амфитеатрға жөндеу жүргізу, алаңды қоршау секілді жұмыстарды атқарудың сметалық құжаты жасақталып жатыр. Ескі жиһаздарды ауыстыру жоспарланған.

Ал Махамбет ауданындағы «Арай» лагеріндегі ахуал сәл өзгерек. Лагерьге күрделі жөндеу жүргізілген. Мұнда әр бөлмеде үш баладан жатады. Жатар орын мен асхананың арасы алшақтау. Балаларға арналған корпуста дәретхана мен душ бар.

Облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың мәліметінше, биыл жазғы демалыспен 70 мыңнан аса баланы қамту жоспарланған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 760 млн теңге бөлінген. «Облыста 149 мектептің жанындағы тамақпен қамтитын және шипажай үлгісіндегі лагерлерьде 8 466 баланың демалысы ұйымдастырылып отыр. Ресей Федерациясының Железноводск қаласы маңындағы «Қазақстан геологі» лагерінде 2 988, Индер ауданындағы «Жас өркен» лагерінде 1 008,  Махамбет ауданында орналасқан «Арай» лагерінде  480 бала демалады. «Жазғы сауықтыру жолдамасы» әлеуметтік жобасы аясында 1000 оқушы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университеті жанындағы Ainaline Camp орталығына жіберілді», деп мәлім етті Э.Тұңғатарова.

 

Атырау облысы

Соңғы жаңалықтар

Туризм табысы еселенді

Туризм • Бүгін, 09:55

Жаңа бастама жемқорлықтың алдын ала ма?

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:40

Адам құқы бала құқынан басталады

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:35