Қоғам • 15 Тамыз, 2023

Алпамыстың ауылы

424 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаз соңына таяғанда бәрімізге ұнай­тын «Алпамыс мектепке барады» фильмін кезекті рет көргің келеді де тұ­рады. Әр көрген сайын бұрынғы әсе­рің­ді суытып, кинодағы жып-жылы сезімдермен қайта қауышуға асығасың. Бала кезден қалыптасқан дәстүр болған соң, санаң да дәл осы күндерде алты жасар Алпамысты іздейді. Неге олай, беймәлім. Бәлкім, тамыздағы тамылжыған көңіл күй солай болар. Бәлкім, түу жырақта қалған алақандай ауылымызды аң­сай­мыз. Алпамыс сияқты мектепке бармай­тын болған соң, жырақта қалған сол бір аяулы шақты сағынамыз ба әлде? Әйтеуір түгесілмейтін сағыныш.

Алпамыстың ауылы

Десек те қазір ауылдар Алпамыстың ауылына ұқсамай барады. Шалғайдағы ауылдар да қалаланып жатыр. Бәрінің үйінде ыстық су ағады, газ кірген. Ешкім митыңдап күл шығармайды. Қазір ауылда жерді тепсең, шаң шықпайды. Баяғы топырағы шығып жататын қара жер енді жоқ. Асфальт төселген, әр үйде «уайфай» қосылып тұр. Көшеде асықты да ешкім ойнамайтын болған. Кеш бата шуылдасып ақсүйек іздеген жастарды да көрмейсің. Бұрындары ауылдағылар жапа-тармағай қалаға ағылып жатушы еді. Қазір ақылды жұрт ауылда тұрады.

Әкімдері өркениетке «әдейі» жет­кізбей жүрген ауылдар болмаса (елімізде мұндай мекендер көп), қалған өңірдің жағдайы жақсы. Ауыл мен қаланы теңестіру саясаты, бәлки дұрыс та шығар. Дегенмен біршама жылдан кейін қалалықтар ауылға барып ауыл­­­­­ды таппай қалмай ма деген ойға қаласың.

Ауылдың дамығаны жақсы, бірақ тек ауылға тән құндылықтарды сақтап қалу керек-сынды. Ешқайда асықтырмайтын, жаныңды, мінезіңді жұмсартатын ауылымыз орнында тұрса екен дейміз.

Қаланың қатқыл, жарқыл тіршілігіне үйренген адам да бірауық ауылды сағынады. Балалығы үшін, естеліктері мен сезімдері үшін, сәулелі сәттері үшін. Таңнан кешке дейінгі кеңсе жұмысынан жалыққанда көңілің шалғайдағы қоңыр тамға ауады. Малдың даусы, қидың исі, ауа жайылған түтін, әр үйдің іргесіндегі мая шөп, жамау қораның жанында жотадай үйілген кептірілген қи, дәу қара қазан, даладағы қотыр пеш, сарыала самаурын – бәрі-бәрі қатып-семген жүрегіңді жылытатын түкпірдегі бір ауыл әрқайсымызға керек.

Кешқұрым апама хабарласып, «Ауыл қалай?» десем, ылғи: «Ел аман, жұрт тыныш, қазір ешкім ешкімнің үйіне кірмейді», дейді.

Бұрын жұрт бір-біріне бөтен қой іздеп кіріп жатушы еді. Қазір қойкезек деген де ұмытылып барады. Тіпті мал ұстайтын үй азайды. Ең болмағанда әр үйде бір сиыр болатын менің бала кезімде. Ойлап қарасақ, бұл да – бір трагедия.

Ауыл мен қаланың арасы жақындаған соң түсініктер де өзгеруі заңды. Қазір ауылдарда газетті де ешкім оқымайтыны содан шығар. Мына смартфонның өзі де адамды ауылдан алыстатып жіберетіндей.

Мәселенің ендігі бір жағы, солтүстік өңірлерде көшкен ауылдар көп. Мысалы, елімізде 2012-2019 жылдары аралығында 500-ге жуық ауыл иесіз мекенге айналыпты. 2000 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысында 118 ауыл иесіз қалыпты. Демек, солтүстік аймақта елді мекендердің жойылуы қалыпты, әдеттегі жағдайға айналғанға ұқсайды. Осы ауылдардың әсерінен 290 мектеп жабылды. Бұл солтүстік өңірдің ауыл­­дарына ғана тән жағдай емес.

Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен шекаралас аймақтарындағы елді мекендер де осы күйді кешті. Қазір республикадағы 6 416 ауылдың 3 477-сі ғана келешекте даму әлеуеті бар деп танылған. Яғни болашақта ауылдардың 46 пайызы құрдымға кетуі мүмкін. Бұл жағдайға әсер етуші фактор – жұмыссыздық, инфрақұрылымның жоқтығы немесе нашарлығы...

Кейінгі жылдарда күрт көтерілген қым­­батшылық қаланы да, ауылды да ен жай­лады. Ең қызығы, ауылдағылар қа­ла­­дағыларды бай деп ойлайды. Ал қа­ла­лықтар ауылда өмір сүру арзан дейді. Кей жұрт бізді – журналистерді де шалқып өмір сүреді деп жүр екен. Адамның аң­ғалдығынан асқан жақсы мінез жоқ шығар, сірә. Біздің де бір «кедей» екенімізді олар қайдан білсін...

Сонымен, алты жасар Алпамысты көре беретініміз, сол ауылды сағы­на­ды екенбіз.