Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Депутаттар алдында көтерілген түйткілді мәселелердің қатарында елдің алдағы жылыту маусымына дайындығы, халықты сумен қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, экология, жолды жөндеу сынды күн тәртібінен түспей күйіп тұрған проблемалар бар. Мұндай кездесулер, әрине, жылда қайталанып жататыны белгілі. Дегенмен депутаттардың ел ішіне баруының ең басты мақсаты халықтың мұң-мұқтажын көзбен көріп, алда басталатын кезекті сессияда сол мәселелерді шешуге атсалысу екенін естен шығармаған жөн. Осыған орай бізге ең маңыздысы – депутаттардың өңірлердегі кездесулері барысында жұртшылыққа берген уәделері және оны алдағы уақытта қалай орындайтыны. Кейбір адамдардың аузынан «Олар уәдені үйіп-төгіп береді де кетеді, бірақ артынан ештеңені шешпейді» деген әңгімені құлағымыз жиі шалып қалатыны рас. Бірақ бұл – көбіне «ескі Қазақстанда» айтылып жүрген әңгіме. Ал бүгінгі көптеп-көлемдеп құрып жатқан Әділетті Қазақстанда құрғақ уәдеден зәрезап болған қарапайым халықтың берілген уәденің іс жүзінде орындалуын көретін күні бар ма?
Жылыту маусымына дайындық қалай?
Өткен қыста Екібастұз қаласының тура мағынадағы «мұз дәуірін» бастан кешкенін көрген ел күз маусымы жақындаған сайын елдің жылыту маусымына дайындық жайына алаңдаулы. Жуырда Павлодар облысына барған Президент қалаға арнайы ат басын бұрып, жергілікті жұртшылықпен кездесті. Мемлекет басшысы қиын-қыстау жағдайда шыдамдылық танытқаны және апат салдарын жою кезінде азаматтық белсенділік көрсеткені үшін екібастұздықтарға алғыс айтуды да ұмытпады. Осы орайда Сенат пен Мәжіліс депутаттары да өңірлердің қысқы маусымға дайындығын назардан тыс қалдырмай, бірқатар елді мекеннің жылу қазандықтарын тексеріп қайтты. Әсіресе қысы қытымыр келетін солтүстік аймақтарға көңіл бөлінгені көрініп тұр.
Соның бірі – Екібастұз қаласына ат басын бұрған сенаторлар Ернұр Әйткенов пен Алтынбек Нухұлы қаладағы барлық 10 қазандықты жөндеу қарастырылғанын, оның ішінде 8 қазандықта күрделі жөндеу жұмыстары жасалатынын білді. Қысқа дайындықтың жай-жапсарымен танысқан парламентшілер Екібастұз халқы қыста жаурамас үшін «Бұл жұмыстардың уақытылы аяқталуын өз бақылауларына аламыз», деп уәде беріп кетті.
Бұдан бөлек, сенатор Айнұр Арғынбекова Семей қаласының, ал Мәжіліс депутаттары Бауыржан Смағұлов пен Арман Қалықов Балқаш қаласының жылыту маусымына дайындығын тексерді. «Қаланың барлық жылу желісін нормативтік күйге келтіру – облысымыздың басым міндеттерінің бірі және ол бірнеше жылға есептелген ауқымды жұмыс. Біз өңірден сайланған депутаттар ретінде бұл мәселені де бақылауда ұстайтын боламыз», деді сенатор. Мәжілісмендер болса Балқаш қаласын жылыту жұмыстарында туындаған проблемаларды назарға алуға уәде беріп, сындарлы жұмыс жүргізуге дайын екендерін жеткізді.
Суға қолы жетпей тұр...
Кейінгі жылдары Астанадан бастап шалғай ауылдарға дейін жұртшылықтың наразылығын тудырған проблеманың бірі – ауыз су тапшылығы. Шеткері жатқан елді мекендерде ол бұрыннан бар мәселе. Бірақ биыл аталған проблема Астанада туындайды деп кім ойлаған? Бәлкім содан болар, биыл су тапшылығын жою туралы Президенттен бастап барлық деңгейде жиі айтыла бастады. Өңірлерге сапарлаған Мәжіліс депутаттары да бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, мүмкіндігінше шешуге атсалысатындарын айтып, уәделерін беріп жатыр.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов су мәселесіне шағымданған Целиноград облысының шаруаларымен кездесуден кейін Нұра топтық су құбырын қайта жөндеу жұмыстарын бақылауға алуды тапсырған болатын. Соның ізін ала «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев Ақмола облысының Егіндікөл ауданындағы Нұра топтық су құбырының қайта жөндеу жұмыстарымен танысты. Ал Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау Қостанай облысындағы Бейімбет Майлин ауданының ауылдарына барып, таза ауыз сумен қамту жұмыстарын көзбен көрді.
Жамбыл облысында Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров Жуалы ауданының Қошқарата ауылдық округінде болып, 30 жылдан астам су көрмеген Қызтоған ауылында ауыз су жүйесін тарту жұмыстарын назарға алды. Мәжілісмен халықтың әл-ауқат деңгейіне тікелей әсер ететін өзекті мәселеге баса назар аударып, құрылыстың сапасы өз назарында екенін айтты. Сонымен қатар Мәжілістегі «Amanat» фракциясының мүшелері Айна Мысырәлімова мен Наталья Дементьева Ақмола өңіріндегі 900 тұрғыны бар Домбыралы ауылында 16 шақырым су құбырын жөндеу жұмыстарымен танысты.
Аймақтардағы ауыз су мәселесін көздерінен таса қылмайтынын айтқан депутаттар жергілікті жұрт алдында қордаланған проблеманы шешуге атсалысамыз деп уәде беріп, ауылдағы ағайынның сөнуге айналған үміттерін қайта үрлеп жаққандай. Енді айтылған сөз іс жүзінде орындалса кәне?
Ауылдың алуан ахуалы
Жалпы, ауылдық жерде жұртты алаңдатып отырған мәселе тек ауыз су ғана емес. Одан да бөлек шешімін күткен шаруа жетерлік. Елді мекендердегі әлеуметтік нысандар құрылысы, халықты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, жол салу мәселелері, т.б. Жазғы іссапарларында сенаторлар мен мәжілісмендердің ауылға бет бұруларының басты себебі де сол.
Мәселен, Түркістан облысының Ордабасы ауданына барған Сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев бірқатар елді мекендегі маңызды стратегиялық нысандар мен фермерлік шаруашылықтардың жай-күйін көрді. Ал Алматы облысында сенатор Сұлтан Дүйсембинов Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындарының назын тыңдады. Ол ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің жұмысымен танысып, шаруалардың күрделі мәселелерін шешуде заңнамалық көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданында сенаторлар Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесіп, барлық проблемалық мәселені назарда ұстайтындарын жеткізді. Ал Қызылорда облысының Сырдария ауданына барған сенатор Руслан Рүстемов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев өңірдегі жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында 7 ауылдық округте қайта құрылған жастар бригадаларын көрді. Бүгінде бұл бригадалар қатарында жұмыссыз, NEET санатындағы, пробация есебінде тұратын 200-ге жуық жас бақша дақылдарын егіп, еңбек етіп жатыр. Жастардың мемлекет тарапынан тыңайтқыш беру туралы өтінішіне депутаттар қолдау білдіретінін айтып, уәдесін берді.
Сонымен қатар сенатор Сағындық Лұқпанов Атырау облысындағы кәсіпкерлермен, Көктоғай, Есбол, Жарсуат, Ақ Жайық, Еңбекшіл және Махамбет елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Ол ауылдардың проблемалары үнемі оның назарында екенін және оларды оң шешу жолындағы жұмысты жалғастыра беретінін атап өтті. Ал Қызылорда облысының Жалағаш ауданына барған Сенат депутаты Руслан Рүстемовтің алдында жергілікті тұрғындар Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы Аққыр, Шобанқазған, Кәукей ауылдарына шекара маңы аймағының мәртебесін бекіту, Жүргенов ауылында мәдениет үйін салу, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жетілдіру мәселесін көтерді. «Бұл проблемаларды біз бақылауда ұстаймыз және қажет болған жағдайда заңнамалық өзгерістер енгіземіз», деп уәде берді депутат.
Бұдан бөлек, Абай облысындағы Аягөз қаласында аймақ тұрғындарымен кездескен сенатор Амангелді Толамісов: «Сенаттың қазіргі кездегі негізгі міндеттерінің бірі – өңірлердің мүддесін білдіру. Осыған байланысты жергілікті маңызы бар проблемалық мәселелермен танысу аса маңызды. Сіздер көтерген барлық мәселені ұдайы бақылауда ұстайтын боламыз», десе, Алматы облысының Қарасай ауданындағы үлеске берілген жерінен айырылған «пайшылар» әділет іздеп, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидан арашаға түсуді сұрады. Ауданға қарасты бұрынғы «Каменка» асыл тұқымды мал зауыты тараған тұста басшылық жұмысшыларға 653 гектар жер берілетінін айтып, уәде берген. Дегенмен Қарасай ауданындағы мұрағат белгісіз бір себептермен өртеніп кетіп, «пайшылардың» құжаттары жойылып, жер алу мүмкіндігінен айырылған. Ермұрат Бапи тұрғындардың пікірін тыңдап, алдағы уақытта бұл мәселені жіті қадағалап, кінәлілердің жауапқа тартылатынын жеткізді. «Сол кездегі басшылықтағы адамдар «пайшылардың» жерін тартып алып, оны жан-жаққа бөліп, біразын сатып жіберген. Адамдар сатып алған жерлеріне үй салып тастаған. Сөйтіп, адвокат Ләззат Жапашева үйлерді заңсыз салды деп бейбіт тұрғындардың үйін бұзған. Бүгінде 500 адам 8 сотық жерді беруді талап етіп отыр. Осы мәселені күзге дейін шешіп беремін, не мандатты беремін», деді Ермұрат Бапи. Депутаттардың бәрі көтерілген проблемаларды шешуде сөзбұйдаға салмай, дәл осы кісідей нақты жауабын берсе кәне?
Ауылдағы көкейкесті мәселелердің тағы бірі – өртке қарсы қызметті жетілдіру. Биылғы Абай облысындағы трагедиядан кейін жан-жақтың бәрі қыбырлап әрекет етіп, өрт сөндіретін техникаларын тексерумен әлек. Шығыс Қазақстан облысына сапарлап барған Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Зайсан орман шаруашылығы» орманшылармен кездесуінде мекеменің өрт сөндіруге арналған техникаларының тозығы жеткендігін көріп қайтты. «Біз әлі күнге дейін ескі-құсқы құрал-жабдықтармен жұмыс істейміз. Сіздерден осы мәселенің шешілуіне ықпал жасауларыңызды сұраймыз», деген Орман өрт сөндіру стансасының басшысы Аманбек Жасаровтың өтінішіне депутат: «Бұл мәселе бойынша Мәжіліс депутаттары тиісті министрліктің жұмысын назарда ұстайтын болады», деп жауап қатты.
Шекаралық аудандар – шетін мәселе
Биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының стратегиялық маңызға ие шекаралық аудандарды дамыту туралы айтқаны белгілі. Осыған орай Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов халықпен кездесуін Абай облысының Мақаншы ауылынан бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев та осы Мақаншы ауданын қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған болатын. Нұртай Сабильянов мал өсіру, егін егу, инфрақұрылымды дамыту, көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, аталған істер депутаттар назарынан тыс қалмайтынын жеткізді.
Ал Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Максим Рожин, Олжас Құспеков, Болат Керімбек және Самат Нұртаза халықпен жай кездесуден гөрі шекарашының қызметін атқарып көруді маңызды деп тауып, Қытай және Қырғызстанмен арадағы мемлекеттік шекарада курсанттармен бірге 10 күн қызмет етіп қайтты. Олар шекара қызметіндегі артықшылықтар мен кемшіліктерді байқағандарын айтады. «Елордаға әр сарбаздың, әр офицердің мәселесін жеткіземіз. Күрделі проблемалардың бірі – офицерлер жалақысының төмендігі, орта есеппен 170-220 мың теңге. Бүгінгі нарықпен бұл өте аз. Тұрғын үй, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бар. Әрбір заставада тиісті техникалық құралдардың болуы маңызды. Дрондар, заманауи қару-жарақ, көлік болуы керек», деді Самат Нұртаза. Депутаттар ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа заңнамалық бастамалар мен шараларды, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі тәсілдерді, сондай-ақ әскерде қызмет ету жағдайларын жақсарту қажеттілігін зерделеуді көздеп отырғандарын айтып, сөз беріп қайтты.
Жол және интернет
Жол – шынайы өмірде адам мен адамды, қала мен қаланы байланыстырса, интернет – виртуалды әлемдегі байланыс әлемі. Бүгінде елімізде осы екеуінде де шешімін күткен түйткілдер бар. Батыс Қазақстан облысының алыс аудандарына апаратын жолдардың нашарлығы көптен айтылып келеді. Аймаққа сапармен барған Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Нартай Сәрсенғалиев осы мәселемен тағы да танысты. «Біздің негізгі мақсатымыз – халықпен бірге болып, алаңдатқан мәселелерді құзырлы мекемелерге жеткізіп, заңнамалық деңгейде де реттеуге ықпал ету», деді олар.
Ал Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Ақмола және Қарағанды облыстарындағы ауылдарға барғанда жол және интернет мәселесінің ақсап тұрғанын байқапты. «Жаңа технология, цифрландыру, қолжетімді электронды қызмет көрсету – ауыл тұрғындары үшін таңсық ұғымдар. Алдағы уақытта бұл мәселені тиісті органдармен бірлесіп, шамам жеткенше шешіп беруге уәде бердім», деді Қ.Әбден.
Бұдан бөлек, депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау облысында ірі мұнай-газ кәсіпорындары басшыларымен өңірдегі өзекті мәселелерді талқыласа, Мәжіліс депутаттары Амантай Жарқынбек пен Нұржан Әшімбетов Павлодар облысында ауылдардағы денсаулық сақтау мекемелерінің жай-күйімен танысты. Мәжіліс депутаты Ерлан Абдиев Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Аманкелді елді мекеніндегі мектеп құрылысын бақылап: «Бұл нысан партия тарапынан қазір толық бақылауда. Біздің қазір осында келу мақсатымыз – жұмыстарды өз көзімізбен көру», деп құрылыс жұмыстары аяқталғанша оны көзден таса қылмайтынын жеткізді.
Біз бұл мақаламызда Сенат және Мәжіліс депутаттарының барлық кездесулерін қамти алмадық. Дегенмен негізгілерін бір шолу арқылы жұртшылық алдында көп ізгі ниетті уәде берілгенін байқап отырмыз. Оның бәрі орындалатын болса, елдің әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарып, халықтың билікке деген сенімі артары сөзсіз.