Жұртшылықты қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының тұтынған бұйымдары ерекше қызықтырады. Қазір музей қорында ақынның үш ішекті домбырасы мен тоғызқұмалақ тақтасының көшірмесі тұр. Тоғызқұмалақ тақтасын салатын дорбасы да бар. Дорба былғарыдан тігіліпті.
Үш ішекті домбыраның біраз ерекшелігі бар. Ұлттық аспаптың шанағы балқарағайдан сопақша етіп жасалыпты. Шырша ағашынан жасалған бет қақпағында үш тесігі бар. Жалпақ мойынының өлшемі – 75х12 см. Үш ішектің бұрауын келтіретін үш құлағы бар.
Ал тоғызқұмалақ тақтасы үш бөлек тақтайды бір-біріне жалғау арқылы жасалған. Екі жағындағы тақтайдың әрқайсысында 9 отау бар. Ортаңғы бөлігіндегі тақтайда сопақша пішінде иректелген гүл тәрізді екі қазан ойылған. Тақтайдың беті қоңыр, екі қазанның бірі көк, екіншісі қызғылт қоңыр түспен боялған. Отауларға ақ, көк, қоңыр секілді бірнеше түсті бояу жағылған.
«Абай мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау мақсатында «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейімен жасалған келісім бар. 2020 жылы ақынның өзі тұтынған үш ішекті домбырасы мен тоғызқұмалақ тақтасының көшірмесі жасалып, ғылыми қорға алынған еді. Үш ішекті домбыраның қоңыр үні құлаққа жағымды естіледі. Бұл домбыраны кезінде Абайдың өзі де, ұлы Ақылбай да жиі тартқан. Қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақты шәкірттерімен бірге, екі-үш күнге дейін ойнайтын болған. Ойынды жақсы көргені сонша, қарсыласын жеңбей тынбайды екен», дейді музей қызметкерлері.
Атырау облысы