Әуесқой боксшылар арасында Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанып, Дүниежүзілік универсиадада күміс медальді мойнына ілген Жан Кособуцкий кәсіпқой рингте өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. 2017 жылдан бері ол 19 рет шаршы алаңға көтеріліп, барлық жекпе-жекте жеңіске жетті. Сол бәсекелердің біреуі ғана соңғы раундқа дейін созылды. Ол – 2018 жылдың қыркүйегінде украиналық Константин Довбыщенкомен өткен кездесу еді. 34 жастағы Арқалықтың тумасы өзге бәсекелердің барлығында қарсыластарын нокаутқа жіберді.
Жанның қарсыласы да өте мықты. 29 жастағы Эфе Аджагаба Нигерияда туып-өскенімен, біраз жылдан бері АҚШ-та тұрып жатыр. Ол – Африка ойындарының жеңімпазы және Достастық ойындарының қола жүлдегері. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанған Олимпиадаға қатысып, ширек финалда біздің Иван Дычкоға есе жіберді. Эфе де кәсіпқой бокстағы мансабын осыдан алты жыл бұрын бастады. Сол аралықта 18 кездесу өткізіп, 17 рет жеңіске жетті. 13 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Ол 2021 жылдың қазан айында әлі де жеңілістің кермек дәмін татпаған Куба боксшысы Фрэнк Санчес Фореден ғана жеңілді.
Бір айта кетерлігі, Аджагаба барлық жекпе-жегін АҚШ-та өткізсе, Кособуцкий Америкада алғаш рет өнер көрсетпек. Бұған дейін отандасымыз Беларусь, Ресей, Германия және БАӘ-де жұдырықтасты. Ең бастысы, осы бәсекеде жеңіске жеткен боксшы жыл соңында ұлыбританиялық Энтони Джошуамен күш сынасуы мүмкін. Ал ол саңлақ жайында не білеміз?
Энтонидің жасы – 33-те. Уотфорд қаласының тумасы 2011 жылы әуесқойлар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бакуде өткен жарыстың финалында ол жергілікті былғары қолғап шебері Магомедрасул Меджидовтан бір ғана ұпай айырмашылығымен жеңілді. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында бас жүлдені олжалады. Тұманды Альбион елінде алауы тұтанған дүбірлі доданың жартылай финалында Джошуа қазақстандық Иван Дычконы жеңсе, финалда италиялық Роберто Каммареллені қапы қалдырды.
2013 жылдың күзінде Энтони Джошуа кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуін өткізіп, Италияның өкілі Эмануэле Леоны бірінші раундта-ақ ұрып жықты. Барлығы 29 кездесудің 26-сын Эй Джей (Джошуаның жанама есімі – ред.) өз пайдасына шешті. Кезінде ол – Денис Бахтов, Кевин Джонсон, Диллиан Уайт, Чарльз Мартин, Доминик Бризил, Владимир Кличко, Джозеф Паркер, Александр Поветкин, Кубрат Пулев және тағы басқа саңлақтарды сабаған.
Ұлыбританияның алыбы алғаш рет 2019 жылдың 1 маусымында ойда-жоқта АҚШ-та тұрып жатқан тегі мексикалық Энди Руистен нокаутпен жеңіліп, әлем чемпионы атағынан айырылды. Арада алты ай өткен соң Руисты ұпай санымен ұтып, кеткен есесін қайтарды. Одан кейін Джошуа қатарынан екі рет украиналық Александр Усикке жол берді. Биыл Эй Джей екі рет рингке көтеріліп, 1 сәуірде америкалық Джермейн Франклинді ұпай санымен жеңсе, 12 тамызда финляндиялық Роберт Хелениусті жетінші раундта есінен тандырды.